Аймақтар • 25 Шілде, 2021

Жаңа асфальт жаңбыр суына шыдамады

647 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай ауданына қарасты Алтын Дала ауылында осыдан бір ай бұрын ғана жөндеуден өткен көше апатты жағдайда тұр. Былтыр бұл елді мекенге орталықтандырылған су құбыры тартылып, биыл көшелері асфальтталған.

Жаңа асфальт жаңбыр суына шыдамады

Алайда тақтайдай түзу кө­ше­нің екі жиегіне жабылған бор­пылдақ топырақты жаңбыр суы опырып шайып кетіп, жаңа асфальттың астын ұңғи бастаған. Ен­ді бір қатты жаңбыр жауса, көшенің көшіп кететін түрі бар.

Қазірдің өзінде ырсиып, ас­­фальты ажырай бастаған Абай кө­ше­сінің шетіндегі құдық­тар­дың маңайында терең  шұң­қырлар пайда бола бастады. Кө­лік пен адам түсіп кетпеу үшін тұр­ғындар оның үстіне шыбық қадап, көлік доңғалағымен жауып қойған.

Сапасыз жөнделген жолдың екі жағын қайта көміп, оны жаң­быр суы шайып кетпейтіндей етіп дұрыстап нығыздау туралы айт­қан ауыл тұрғындары жергілікті әкімнен әлі жауап ала алмай отыр.

Біз Қостанай ауданы әкімі­нің орынбасары Назарбек Қоң­­қабаевқа қоңырау шалып едік, «Бұл жайдан хабардармыз. Көшенің бір-ақ жерін ғана жаң­быр шайып кетті. Бұл түк ет­пейді. Жөндеу жұмыстарын «Уан» ЖШС жүргізген. 2 жыл­дық кепілдік мерзімі бар, осы мерзім ішінде қалпына кел­тіреді. Мердігер өзі жіберген олқылықтың орнын толтырудан бас тартса, сотқа береміз», деген жауап алдық.

Жолдың қазіргі жай-күйін тұрғындардың бірі смартфонға түсіріп алған. Бейнежазбада: «Осы асфальтқа мемлекет қо­мақты қаржы жұмсады. Ертең жолды су шайып кетсе, сол қы­руар қаржы, ерен еңбек зая кетеді ғой!», дейді кейіген тұрғын.