TOKYO2020 • 25 Шілде, 2021

Хас шебер екенін дәлелдеді

487 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің қоржынына алғашқы медальды дзюдошы Елдос Сметов салды. Осы орайда Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Нұр-Сұлтан мен Токио арасында тікелей бейнеконференция байланысы арқылы жалғаған брифинг өтті. Оған Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков, дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев және Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов қатысты.

Хас шебер екенін дәлелдеді

Фото: Жеңіс Ысқабай, Olympic.kz

«Елдос өзінің нағыз кәсіби спортшы, хас шебер екенін тағы бір рет дәлелдеді. Жартылай финалдағы белдесу финалдық жекпе-жек дәрежесінде өтті. Жартылай финалдың өте қиын болғанына қарамастан, Елдос соңына дейін жан аямай күресті. Елдостың жүлдесі қалған барлық спортшыларымызға жол ашып, шабыт береді деп сенеміз», деген А.Крюков қазіргідей жағдайда спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі маңызды екенін алға тартты. Оның айтуынша, Олимпиада қалашығында қазақстандық делегацияның 120-ға жуық мүшесі бар. Олардың жағдайы жақсы. Спортшыларымыз қауіпсіздік шаралары мен талаптарын орындап, тәулік бойы дәрігер, физиотерапевт, психолог мамандарының жіті бақылауында. 

Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев Елдостың бұл Олимпиададағы мақсаты алтын медаль болғанын алға тартты. «Дегенмен, Е.Сметовтен басқа сынға түсетін спортшылар бар. Олар да бізді қуантып, қоржынымызға алтын медаль салады деп сенеміз», деді бас жаттықтырушы.

Өз кезегінде Елдос Сметов пандемия жағдайында жарыстың көрерменсіз өтуі, трибуналардан жанкүйерлердің қолдауы мен дауысын ести алмау спортшыларға кері әсерін тигізгенін айтты. Соған қарамастан, бұл сайыста 100 пайыз барымды салдым деді спортшы.

«Бұл менің екінші Олимпиадам. Осы жолы бапкерлеріммен бірге бірінші Олимпиадада бұйырмай қалған алтын үшін күрескен болатынбыз. Бірақ бұйырғаны қола медаль болды. Қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Қуаныштымын. Себебі қола медальмен болса да елімнің байрағын желбірету мен үшін үлкен мәртебе», деді Е.Сметов.