Аймақтар • 26 Шілде, 2021

Қостанай облысында 8 әйел ауыл әкімі болып сайланды

231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко өңірлік бұқаралық ақпарат тарату қызметі орталығында ауыл әкімдері сайлауының қорытындысын жария етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында 8 әйел ауыл әкімі болып сайланды

Айтуынша, 25 шілде күні өңірдегі 65 сайлау округінде  барлығы 46 799 сайлаушы дауыс берген.

«Облыс бойынша дауыс берушілер үлесінің көрсеткіші 84,4%-ға жетті.  Сайлау бюллетеньдеріне 147 кандидат енгізілді. 59 сайлау округінде ауыл әкімдігіне үміткерлерді саяси партиялар ұсынды. Оның ішінде «Нұр Отан» партиясынан 52 кандидат, «Ақжол» партиясынан 3, «Ауыл»  және «Адал»  партияларынан 2 үміткер сайлауға түсті. 6 сайлау округінде кандидаттар өзін-өзі ұсынды», деді Александр Малашко.

Өзін-өзі ұсынған 88 үміткердің жетеуі ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері болып сайланған. Әкімдікке сайланғандардың ішінде 8  әйел бар. 48 әкім бұрынғы лауазымына қайта сайланыпты. Үшеуі  басқа ауылдық округтерге әкім болған.  Жаңа әкімдердің екеуі коммерциялық құрылымдардың өкілі, төртеуі бюджеттік ұйымдардың қызметкері,  біреуі уақытша жұмыссыздар санатынан. Сайланған әкімдердің орташа жасы – 47-де, ал ең жас әкім 28-де екен. Егде тартқандарының алды 62-ге толған.    

Облыстық комиссия төрағасының сөзінше, сайлау күні комиссиялар тарапына ешқандай өтініштер мен шағымдар түспеген. Кеше әкімдері тікелей халықтық сайлау арқылы анықталған 168 елді мекенде, 173 сайлау учаскесі жұмыс істеді.