Қаржы • 26 Шілде, 2021

Базалық мөлшерлеменің көтерілуі нарыққа қалай әсер етеді?

939 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Асылжан Баймағамбетов  базалық мөлшерлемені көтеру себептері туралы түсіндіріп  берді, деп жазады  Egemen.kz.

Базалық мөлшерлеменің көтерілуі нарыққа қалай әсер етеді?

Ұлттық банк өкілі нақтылап өткендей, бұл шешім маусым айында 7,9% рекордтық көрсеткішке жеткен қазіргі инфляцияның қарқын алуына орай қабылданған қисынды жауап болды. «Инфляцияның өсуі – жергілікті құбылыс емес екенін баса айтқым келеді. Тіпті, соңғы айларда аса жоғары инфляцияның ықпалы бүкіл әлемде сезілді десе де болады. Қазақстандағы инфляцияның өсуі уақытша, сондай-ақ орнықты ішкі және сыртқы факторлардың теріс ықпалынан туындады»6 дейді Асылжан Баймағамбетов.  

ҰБ өкілі айтып өткендей, инфляцияның өсуіне  жанар-жағар май, электр қуаты және жекелеген азық-түлік тауарлары едәуір қымбаттағаны әсер етті.

Ресейден келетін «инфляция импорты» ішкі бағаларға қосымша қысым көрсетті. «Көрші елде де бағалар тез көтеріліп жатыр – онда инфляция 6,5%-ға дейін жылдамдады. Бұл – соңғы 5 жылдағы ең жоғары белгі. Бұған жауап ретінде Ресейдің Орталық банкі мөлшерлемені 6,5%-ға дейін бірден 100 базистік тармаққа көтеру жөніндегі соңғы шешімді қосқанда, соңғы айларда негізгі мөлшерлемені бірнеше рет көтерді», дейді А. Баймағамбетов.

Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамдарына сәйкес бұл үрдіс 2022 жылы да жалғасады. «Фискалдық ынталандыру мен жеңіл ақша-кредит саясаты бағаның өсуі үшін маңызды фактор болды. Әлемнің орталық банктері экономиканың қалпына келуін қолдап, арзан қаржы ресурстарын қолжетімді ету үшін мөлшерлемелерді жаппай төмендетті. Осы бір қаржылық ынталандыруға, карантиндік шектеулерді алып тастауға, жаппай вакцина егуге байланысты іскерлік және тұтынушылық белсенділік тез қалпына келе бастады. Бұл жағдай бағаны аспандатып, тауарлар мен қызметтерге сұранысты күшейтті. Тиісінше инфляциялық күтулер де өсті, осыдан бағаларға қосымша қысым болды», дейді ҰБ өкілі.

Инфляцияның өсуіне орталық банктердің реакциясы туралы ҰБ ұстанымы төмендегідей: Егер әлемдік экономиканың ахуалына қатысты айтар болсақ, ол әлі күнге дейін тұрақтылығын сақтай алмай отыр. Коронавирустың жаңа штамдары мен әлем бойынша вакцинацияның біркелкі жүргізілмеуі әлем экономикасының одан әрі қалпына келуін тежеп-ақ келеді.

Соған қарамастан, көптеген елдер қазірдің өзінде оң өсу аймағына шықты, жаһандық сұраныс қалпына келе бастады, бұл жағдай шектеулі ұсыныс аясында бағаның өсуін болдырмайды. «Дамыған елдер экономиканы ынталандыру бағдарламаларын тоқтатуға көше бастаса, дамушы елдер ақша-кредит талаптарын рет-ретімен күшейтіп жатыр. Қазақстанды айтпағанда, ЕАЭО елдері – Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан инфляцияға жауап ретінде өздерінің негізгі мөлшерлемелерін өсіріп қойды. Жыл басынан бері негізгі мөлшерлемелер Түркия, Бразилия, Украина, Грузия және Тәжікстан секілді басқа да көптеген дамушы елдерде де көтерілді. Еуропа елдерінен Венгрия мен Чехияда мөлшерлемелер өсірілді. Жалпылағанда, жыл басынан бері 18 орталық банк мөлшерлемені өсірді.

Осындай іс-әрекеттер инфляциялық процестердің жеделдеуіне жауап ретінде Ұлттық Банк тарапынан шаралар қабылдаудың маңызды екенін білдіретін белгі болып табылады», дейді ҰБ өкілі.

Базалық мөлшерлеме бойынша шешім жылына 8 рет қабылданады.

 Бұл инфляцияның ішкі және сыртқы факторларының өзгеруіне үнемі ден қоюға мүмкіндік береді. «Шешім қабылдар алдында біз әрқашан елдегі және сыртқы сектордағы макроэкономикалық жағдайды мұқият талдаймыз. Шешімдеріміздің жартысы макрокөрсеткіштердің болжамдарын да ескере отырып қабылданады. Біз нақты инфляцияның оның болжамды мәнімен салыстырғанда қалай қалыптасатынын үнемі бақылап отырамыз» дейді ҰБ өкілі.  Ақша-кредит саясаты сұраныс арқылы инфляцияға әсер етеді.

А. Баймағамбетов айтып өткендей,   Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені белгілей отырып, адамдардың тұтынушылық және жинақтау тәртібіне ықпалын тигізеді. «Мысалы, мөлшерлемелер төмендетілген кезде кредиттер қолжетімді бола бастайды және адамдар көбірек тұтынып, жұмсай бастайды. Кері жағдай мөлшерлемелер жоғарылаған кезде орын алады – теңгемен депозиттер тартымдырақ бола түседі және халыққа тұтынуға қарағанда жинақтау тиімдірек болады. Бұл өз кезегінде инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді», дейді ҰБ өкілі.

Сондықтан базалық мөлшерлеме – бұл «сиқырлы» таяқша емес, оның өсуі ұсыныс тарапынан инфляцияның өсу факторларын жоймайтынын ескерткен Ұлттық банк өкілі  Үкіметтің жүргізіп отырған жүйелі жұмысы маңызды екеніне тоқталды.

«Сонымен қатар, мұндай жағдайларда мөлшерлеменің артуы және қажет болған жағдайда нарықтың оны одан әрі арттыруға дайын екендігі туралы белгісі депозиттердің долларсыздандыру деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік береді, теңге бағамын қолдап қана қоймай, ақша және валюта нарықтарында жағымсыз жағдайлардың дамуын тежеп, алдын алады. Нәтижесінде теңге бағамының шамадан тыс тұрақсыздығы жойылып, инфляцияны тұрақтандырады», дейді Ұлттық банк өкілі.

Бағаны әкімшілік реттеуге келетін болсақ, сұраныс пен ұсыныстың айтарлықтай қысқа мерзімді теңгерімсіздігі кезеңінде жанама реттеу әдістері пайдалы болуы мүмкін. «Бірақ бұл шаралар уақытша болуы керек. Егер әкімшілік тұрғыда әсер ету әдістері ұзақ мерзімді болса, онда бұл баға белгілерін бұрмалау арқылы өндірушілердің қызметін ынталандырмайды, керісінше, оның кері әсері болуы мүмкін. Нарықтық экономикада баға сұраныс пен ұсыныс балансының көрсеткіші болуы керек» деп сөзін  түйіндеді ҰБ өкілі.  Біз осыған дейін базалық мөлшерлеменің ішкі нарыққа әсері және Ұлттық банктің қандай шешім қабылдайтыны туралы жазғанбыз.