Чиншанлодан – алтын, Жансай Смағұловтан қола медаль күткенбіз. «Түйе сұрасаң, бие береді», демекші қоржынымызға қола медаль түсті. Қола медальдің иесі – Зүлфия Чиншанло.
Сегіз жыл күткен жүлде
Ауыр атлетикадан 55 килода бақ сынаған Зүлфия жұлқа көтеруде бірінші мүмкіндігінде 90 килоны бағындыра алды. Ал екінші мүмкіндігінде 93 килоға тапсырыс беріп, оны да басынан асырған. Алайда төрешілер алғашында есептегенімен, кейіннен ақылдаса келе есепке алмады. Ал үшінші мүмкіндігінде жерлесіміз тағы да 93 килоны көтергенімен, үш төреші де қызыл түймені басты. Осылайша, соңғы орындардың қатарында тұрған Зүлфияның жүлдегер қатарынан көрінуінен күдер үзе бастадық. Сөйтсек, бекер екен.
Зүлфия серпе көтеруде бастапқыда 123 килоға тапсырыс беріп, оны екінші мүмкіндігінде басынан асырды. Сөйтіп ол үшінші мүмкіндігін пайдаланбай-ақ, үшінші орынға табан тіреді.
2012 жылғы Лондон Олимпиадасында чемпион атанған Чиншанло, кейіннен допинг дауына ілігіп Олимпиада медалінсіз қалып еді. Одан қалса, Рио Олимпиадасына қатысу құқығынан айырылды. Осындай қиындықтарға қарамастан, Зүлфия сағы сынбай араға сегіз жыл салып Олимпиаданың жүлдегері атанып отыр. Осылайша, Токио Олимпиадасына сынға түскен екі зілтеміршіміз де қола медальға ие болды.
Бұл салмақта алтын медальді Олимпиада рекордын тіркеген Филиппин өкілі Хидилин Диас (224 кг) еншілесе, күмісті қытайлық Ляо Кюн (223 кг) иеленді.
Ендігі үміт – Еленада
Токио татамиіндегі бәсекенің жоғары екенін дзюшылардың белдескенінен-ақ білуге болады. Татамиге шыққанның барлығы жеңіс үшін барын салып жатқаны байқалады. Жүлдеден үмітті Жансай Смағұлов та екінші іріктеу кезеңін әдемі-ақ бастады. 73 килоға дейінгі салмақта сынға түскен ол армениялық Фердинанд Карапетянды жеңді. Белдесудің негізгі уақыты тең аяқталып, қосымша уақытта Жансай «вазари» ұпайын еншіледі. Кәдімгідей қуанып қалдық. Жүлде алса, нақ осы Смағұлов алады дестік. Себебі, бұдан жеңілген армян дзюдошысы атағы дардай Еуропа чемпионы. Әйткенмен Смағұлов үшінші айналымда канадалық Артур Маргелидоннан айласын асыра алмады. Маргелидон Grand Slam, Grand Prix турнирлерінде үнемі үздік үштіктен көрініп жүрген әккі спортшы. Мұнда да белдесудің негізгі уақыты тең аяқталып, жеңімпаздар қосымша уақытта анықталды. Бірінші болып «вазари» ұпайын алған Канада өкілі келесі айналымға өтті.
Есесіне қыздар арасында теннистен жалғыз өзі қалған Елена Рыбакина жарады. Қазақстандық теннисші екінші айналымда Швеция өкілі Ребекка Петерсонмен кездесіп, екі сетке созылған матчта 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 14 минутқа созылды. Бұған дейін Зарина Диас, Ярослава Шведова және Юлия Путинцева күннің ыстығына, жарақатына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартқан болатын. Енді бар үміт – Рыбакинада.
Ал Олимпиадаға стенд ату үшін келген мерген қыздар елге ерте қайтатындардың тізімін толықтырды. Екі күнге созылған бәсекеден кейін Әсем Орынбай мен Зоя Кравченко бастаған мергендер келесі кезеңге өте алмады.
«Скит» жаттығуы бойынша сынға түскен олар бес раунд бойы іріктеу кезеңін өткізді. Іріктеу нәтижесі бойынша алты спортшы ғана келесі айналымға өтеді. Өкінішке қарай, Зоя Кравченко 113 ұпаймен 22-орын алса, Әсем Орынбай 111 ұпаймен 26-сатыда қалып қойды.
Бибосынов келесі кезеңге өтті
Бокстан ерлер арасында бәсеке қыза түсті. 52 кило салмақта рингке шыққан Сәкен Бибосынов Пуэрто-Рико өкілі Янкьель Ривера Фигероамен жұдырықтасып, 4:1 есебімен басым түсті. Сәкеннің келесі қарсыласы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, француз Билал Беннама болмақ.
Садақ атудан Қазақстан ерлер құрамасы командалық сайыста жеңіліс тапқанымен, олар енді жекелей сында өнер көрсетеді. Садақшылардан жасақталған ерлер құрамасы командалық сайыста Үндістан құрамасына қарсы шығып, қарсыластарына 2:6 есебімен есе жіберді. Командалық бәсекеде ел құрамасы сапынан жарыс жолына Санжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин және Денис Ганкин шықты. Садақ атудан жекелей жарыстың келесі айналымы 27 және 29 шілде күндері өтеді.
Слаломды есуден финалға шыққан споршылар қатарында қазақстандық Александр Куликов жоқ. Жартылай финал қорытындысы бойынша Куликов 12-орын иеленді. Финалға өту үшін алғашқы ондыққа ену керек еді. Осылайша, қазақстандық спортшы жарысты аяқтады. Әйелдер арасындағы сында Екатерина Смирнова да іріктеу кезеңінен өте алған жоқ. Үстел теннисінен Қазақстан командасының үздігі Кирилл Герасименко екінші айналымда германиялық Тим Боллмен кездескен болатын. Тартысты жекпе-жектің алғашқы партиясын Кирилл жеңіспен аяқтаған. Алайда кейінгі төрт партияда неміс спортшысының шеберлігі басым болды. Нәтижесінде, кездесу 1:4 есебімен қарсыластың пайдасына шешілді.