Әдебиет • 26 Шілде, 2021

Редакторсыз кітаптар

565 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Кешегі Кеңес уақытында», «80-жылдары» немесе «бұрын осы» деп басталатын әдеби ортадағы үлкендердің «өткенді аңсау» синдромынан туған әңгімелерінен кейде жалығатынымыз рас. Ақын-жазушылардың шалқып өмір сүрген дәуірін көзбен көрмедік: оқып тамсандық, естіп еліттік. Дегенмен, әдебиетті идеология үшін пайдаланған кеңестік кезең өтті, кетті, қош болды һәм  шарапаты да таусылды. Десек те әдебиеттегі жауапкершілік тұрғысынан келгенде ара-тұра өткен уақыттан мысал келтіретініміз бар.

Редакторсыз кітаптар

Мәселен, ол кезде әдеби ортада қолында «билігі бар» қауымның бірі – баспа редакторлары еді.  Шы­ғар кітаптың әр сөзіне тінте қарап, автордың жазу стилін «бұ­зып», кейде түзеп жіберіп, қысқартып, талай ақын-жазушыны шырылдатып, «шашын ағартты». Осылайша, жаңа шығарма басылып шыққанша талас-тар­тысқа толы ұзақ процестен өтетін-ді. Яғни әдебиетке деген адал­дық, кітапқа деген құрмет, жауап­кер­шілік болды, ең бастысы, редакторы бар шығармалар жарыққа шығатын.

Жазылар шығарманың тақы­ры­бы алғаш ойға келген сәттен бастап, баспа бетінен басылып шық­қан алғашқы данасына дейін – автордың еншісіндегі уақыт. Осы уақыт аралығында автор жаңа туындысының жақсы шығуы үшін бар мүмкіндігін сарп етеді. Кітап қолға тиген соң ендігі тағдыры – оқырманның еншісінде.

Ал қазір жазылған, сосын жа­рияланған шығармаларды жиі көреміз. Редакторы жоқ әңгі­ме­лер­ге, тіпті етіміз үйренгендей. Бүгінгі баспа редакторы коррек­тор­дың қызметін атқарады. Шы­ғарманың тек әріп қатесін түзейді. Бұрынғы үлкенді-кішілі ақын-жазушылардың апшысын қуы­ратын ақсүйек редакторлар бү­гінде жоқ.

Неге? Бәлки, қоғамдағы әде­биеттің рөлі төмендігінен бас­па редакторды танымай, редактор шығарманы танымайтын болар. Тіпті редакторлыққа бет бұрғандар некен-саяқ. Бір жа­ғы­нан, баспа үшін кітап деген – ең алдымен, қып-қызыл ақша, одан соң тендер, жоспар һәм уақыт. Яғни қазіргі авторлар үшін кі­таптың тағдыры тек өзіне ғана бай­ланысты. Өзі редактор, өзі сыншы. Алайда кейде жаза салып, жа­риялауға асығатын жазушыларды байқаймыз. Шығарманы бір суытып, қайта қарап, қайта жазу деген бүгінгі авторлардан қалып бара жатқан сияқты ма?..

Редакторлық дегеніңіз, ең алды­мен талғам. Мәселе, баспа­лар­­дағы «редактор» атанған редакторлардың көптігінде емес, талғамында. Әдеби ортадағы өз шығармасына жауапкершілікпен қарайтын кей авторлардың өз редакторлары бар. Кімнің тал­ғамына сенсе, кімнің талғамын жоғары бағаласа, соған оқытады, пікірімен санасады. Кейде жолы болып, «редакторы» айтқан ескертпе-пікірлер шығарманың жақсы шығуына сеп болып жатады.

Әрине негізгі бас редактор – ішкі цензура деседі. Түптеп келгенде, жазуға ие жазушының өзі ғана. Өзінің ойы – өзінің сөзі. Бөтеннің ойы автордың стиліне біртүрлі жараспайды һәм ол су бетіне шығып, ап-анық білініп тұрады. Өз жазуын өзі сынай алған авторда арман бар ма... Ал өз жазғанына өзі сүйсініп, біреудің артық сөзін көтере алмай, жарияланғанша асығатын жазушының шығармасы да солай шықса керек.

Сонда жазушылық мұрат қан­дай? Ақиқатында, жазудың жанды шығуы – жазу үстіндегі ер­кіндікке жетуде. Мұны біреулер шабыт дейді, біреулер бап дейді, біреулер күй дейді. Әгәрәки, автор осы күйге жетіп жаза алса, шығарма алдындағы міндетінің орындалғаны.

Қайта жазу, сыни көзқарас, редакторлық, айналып келгенде, ав­тордың ерік-жігеріне, бол­мысына, мінезіне байланыс­ты ұстаным. Ал оны өзгерту ешқан­дай редактордың қолынан келе қоймас, сірә.