Әдебиет • 26 Шілде, 2021

Адам құны

696 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біздің дәуірдің аса маңызды құн­дылықтарының бірі – ақпа­рат. Ақпарат неғұрлым жедел­ әрі шынайы болған сайын оның­ маңызы да кү­шейе бермек. Ақ­па­рат құн­ды­лық­ ретінде көркем әдебиетке де еніп кетті. Бір ха­лық­­тың өткен өмірінен хабар бе­ріп, оның ішінде саяси қы­сым­­дар, табиғи катаклизм мен со­­ғыс­ты, ашаршылықты сипаттайтын, болмаса қазіргі жағ­дайын то­лы­ғы­мен алдыңа жайып салатын көр­кем шығарма­лар өтімдірек. Өйт­кені қа­зіргі оқырманға ең ал­дымен қай мағынасында да жа­ңа­лық керек.

Адам құны

Бүгінгі ескен жел­дей құрғақ ақпараттардың ер­тең не бүр­сігүні көркем тілмен кес­те­леніп, жарыққа шығуын күтеді. Оқыр­ман күткен сондай көркем шығарманың қатарында ауған нәсілді аме­рикалық жазушы Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн» ро­манын атауға болады. (Ағыл­шын тілінен аударған – Т.Мел­лат). 2007 жылы жарыққа шық­қан туынды әлемнің ондаған тіліне аударылды. Авторы осы шығармасы үшін бірталай әдеби марапатқа да ие болды.

Біз кейде «үлкен қаламгер атану үшін ерекше тағдыр керек» деп жатамыз. Бұл белгілі бір дәрежеде дұрыс пайым. «Жарқыраған мың күннің» авторы тағдырлы жазушы. 1978 жылы Ауғанстанда сәуір революциясы басталғанда орта мектептің жоғары сынып оқушысы отбасымен бірге (әкесі – дипломат, анасы – мұғалім) АҚШ-қа қоныс аударады. Отбасы сол жерден саяси баспана тауып, бұ­ған дейін ағылшын тілін мүлде білмеген Халед енді сол тілді үй­ре­нуіне тура келеді. Бәлкім, ол сол кезде болашақта ағылшын тілінде шығармалар жазатынын, шы­ғармалары бүкіл әлемге тарап,­ атақты жазушыға айналатынын болжай алмаған да шығар. Әйтсе де соңғы қырық жылда соғыстан көз ашпаған, әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі, туған ота­ны – Ауғанстанның, яғни, тұйық, халқы радикал топтардың қол­жау­лы­ғына айналған елдің келбеті туралы атақты роман жазу соған бұйырыпты.

1978 жылғы сәуір революциясынан кейін бұрынғы прези­дент Мұхаммед Дәуіт отбасымен бірге өлтіріліп, Ауғанстан Де­мо­кратиялық Республикасы жарияла­нады. Билікке Нұр-Мұхаммед Та­раки келеді. Ол ірі реформа жа­сауды қолға алады. Бірақ оның әре­кеті дәстүрді, дінді берік ұс­та­натын пуштундардың тарапынан сын­ға алынып, елде наразылық кү­шейеді. Осылайша, Ауғанстанда аза­маттық соғыс басталады. Ол он жылға созылады. Бұл соғыс біт­­кен соң да Ауғанстанда соғыс жалға­са береді... Әрине мұның бәрі көп­шілік білетін, үшінші жақтан баян­далатын тарихи фактілер. Жа­зу­шы осы фактілердің бойына қан жүгірткен. Соғыс өмірін ой­рандаған адам­дардың жан күй­зе­лісін, ішкі ар­палыстарын сәтті си­паттаған. Шығармада билік басын­дағы тұлғалардың аттары сәл ғана өзгертіліп алынған. Ең маңыздысы – автор соғысты «арт­қы көрініс» ретінде пайдаланып, шығарманың көркемдігін арттыра түскен.

«Жарқыраған мың күн» романына ең алдымен әйел тағдыры арқау етілген. Әкесі анда-санда бір келгені болмаса, өзімен бірге тұруға рұқсат етпеген, жарымес анасы асылып өлген, өзінен жиыр­ма жас үлкен еркек­ке тұрмысқа шығып, бүкіл өмірі қорлықта өткен Мәриямның тағ­дыры оқырманды бейжай қал­дырмайды. Адал, мейірімді, ең­бексүйгіш Мәриям неге шыр­мауық-тағдырына шырмалып қалды? Қит етсе «мен сені асырап­ жатырмын» дейтін дөрекі күйеуі неге оны сонша басынып, ұрып-соға береді? Ұрып-соққаны аздай, өлтіруге талпынатынын қа­лай түсіндіруге болады? Осы сұ­рақтардың жауабын жазушы роман басталғанда айтып қояды. «Мәриям «харами» деген сөзді алғаш бес жасында естіген. Анасы Мәриямның білегінен тартып, тістерін шықырлата қайрап:

– О харами, қиналып баққан еңбегімді осылай өтегенің бе? Асыл дүниемнің быт-шытын шығардың, арамнан туған шата неме деп балағаттай жөнелген. Ол кезде Мәриям шешесінің сөзін түсінбеген еді. «Харами» дегеннің мағынасын білмейтін».

Мәриямды жат біреу тұрмақ, өз анасы балағаттайды. Бес жасынан бастап «шата» деген мағынаны беретін жексұрын сөзді естіп өседі. Жазушы некесіз туған сәбиді қабылдамайтын ортаның психологиясын шебер жеткізеді. Сол үшін Мәриямның бақыр құрлы бағасы жоқ, өлсе сұраусыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық кез келген елде бар. Күйеуден таяқ жейтін әйелдер де таңсық емес. Осы кітапта Мәриямнан бөлек, Ләйланың да өмірін «ит өмір» деуге болады. Рашидтің тоқалы атанған жас сұлудың да басынан кешпегені жоқ. Бірақ меніңше, жазушы әйел теңдігі, бостандығынан да гөрі тереңірек бір идеяны оқырманның алдына тартады. Оқырманды діни радикализм тамыр жайған қоғамдағы адамның құны туралы ой кешуге жетелейді. Бейкүнә сәбидің туа сала «кінәлі» болуы, адамның жанын оны жаратқан Жаратушы емес, адамның өзі ала беретін әділетсіздіктер жазушы жанын мазалайтын құбылыстар екені көрініп тұр. Бір әттеген-ай дейтін тұс – осы кітапты оқы­ған әлемнің әр түкпіріндегі, бас­қа нәсілдегі, басқа діндегі оқыр­ман­дар бұрын ислам туралы түсінігі қалыптаспаған болса, оны жабайы дін ретінде қабылдаулары мүмкін.

Бір сөзбен айтқанда, «Жарқы­ра­ған мың күн» романы тілі жеңіл, оқиғалары шымыр, оқырманды мол әсерге бөлейтін қызық туынды. Меніңше, оны оқыған жан ой-пі­кіріңді еркін айта алатын бейбіт өмір­дің зор құндылық екеніне көзі жетеді.