Технология • 26 Шілде, 2021

Kazsat-тан неге бас тарттық?

488 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан он жыл бұрын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Kazsat-2 байланыс және хабар тарату жерсерігі ұшырылған еді. Жекеменшік жерсерікті ұшырудағы мақсат жалғыз – елімізді жоғары деңгейлі интернет және байланыс қызметімен қамтамасыз ету. Обалы не керек, бұл тарихымызда қолға алынып, мәресіне аман-есен жеткен, пайдасын тигізіп те жатқан бірегей жоба болды. Айтпақшы, ғарыш аппаратының қызмет ету аймағы біздің елді ғана емес, күллі Орталық Азияны қамтиды.

Kazsat-тан неге бас тарттық?

Қазір осы Kazsat-2-нің қызметін ел аумағында 13 мыңнан астам жер стансасы бар 15 негізгі қазақстандық оператор пайдаланып отыр. Спутник іске қосылғаннан кейін байланыс опера­торларына байланыс қызметтерін ұсы­ну, ақпараттық қызмет аясын кеңейту, элек­тронды үкімет, интернет және ұялы байланыс жұмысын жақсарту мүм­кіндігі айтарлықтай өсті. Жер серігінің белсенді өмір сүруі 12,5 жылға есептелген. Техникалық ресурсы 14,5 жылды құрайды. 2021 жылдың 16 шілдесіндегі жағдай бойынша ғарыш кемесінің жүктемесі 70 па­йыз деңгейінде екен. «Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2021 жылдың 16 шілдесіндегі ақпар бо­йынша жерсерік 3654 тәулік бойы ұшып жүр, осы уақыт аралығында 13 мың жерсеріктік басқару сеанстары өт­кізілді, байланыс және хабар тарату ғарыш аппараттарын басқаруды қам­тамасыз етуге кем дегенде 40 инженер қатысты» делінген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінде.

Бүгінде екі аппараттан (Kazsat-2, Kazsat-3) және «Ақкөл» (Ақмола облысы), «Көктерек» (Алматы облысы) деп аталатын екі басқару кешенінен тұратын Kazsat ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі стратегиялық және ақпараттық қауіпсіздікке кепілдік бере отырып, елімізді байланыс және хабар тарату қызметтерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр.

Соңғы жылдары қазір ға­рыш­та жүр­ген Kazsat-2-ні алмастыратын KazSat-2R жерсерігін құру туралы сөз бо­ла бастаған. Тіпті жаңа жерсеріктің ға­рышқа 2024 жылы ұшатыны, оны Airbus ком­паниясы жасайтыны да бел­гілі болған. Бұл мақсатқа мемлекет 40 млрд теңге қарастырған еді. Алайда ел бұл сал­мақты жобадан бас тартатын сияқ­ты. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Му­синнің айтуынша, Қазақ­стан KazSat-2R жобасын тоқтату арқылы мил­лиардтаған қаржыны үнем­деп қа­лады. Бұл туралы ведомство бас­шысы президентпен кездесуінде де айтты. Мұ­ның есесіне қазір KazSat-2-ні төмен орбиталық жерсеріктеріне алмастыру үшін Starlink, Oneweb және SES жобаларымен келіссөз жүргізуде.

«Бізде KazSat-2 және KazSat-3 байланыс жерсеріктері бар. 2024 жылы KazSat-2 жұмысын тоқтатады. Әуелде біз оны алмастыруды ойлағанбыз, алайда Starlink және Oneweb сияқты төмен орбиталы жерсеріктердің дамуы жағдайға басқаша қарауға әсер етті. Мен KazSat-2R жобасын қарастырмауды ұсындым. Өйткені әлемде жаңа технологиялар дамып жатыр. Геостационар­лық спутниктер қажетті жылдамдықты бере алмайды. Яғни KazSat-2 жер­се­рігі 8 мегабит берсе, төмен орбиталы жерсеріктер гигабитке дейін жыл­дам­дық бере алады. Екеуінің айырмасы жер мен көктей. Сол себепті біз уақыты өт­кен технологияларға ақша салмауымыз керек», деген еді Б.Мусин.

Халықаралық жобалармен келісім жасаламын дегенше KazSat-2-нің мін­детін KazSat-3 атқара тұрады. «Рес­пуб­ликалық ғарыштық байланыс орта­лығы» АҚ басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаевтың айтуынша, KazSat-2 өз жұмысын аяқтағаннан кейін (шамамен 2024-2025 жылдары) мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардың желісі KazSat-3-ке ауыстырылады. Сондай-ақ цифрлы те­лерадио тарату, елдің қор­ғаныс жүйесін қамтамасыз ету де KazSat-3-тің мойнына жүктел­мек. Ша­мамен 2029 жылға таман Kazsat-3-те ға­рыш­тағы сапарын тәмамдай­ды деген жоспар бар.

Министр айтып отырған Starlink – әйгілі SpaceX компаниясы жасаған жаһандық спутник жүйесі. Ол интернеті мүлдем жоқ, қымбат немесе сенімсіз жерлерді жоғары жылдамдықтағы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етеді. Жалпы, Starlink-ті самғатудағы бірегей мақсат – күллі жер жүзін интернетпен қамту еді. Ол үшін жерге жақын орбитаға 12 мың спутник шы­ғарылуы тиіс (10 млрд долларды ке­рек етеді). Қазір тек 1800-і ға­на шы­ғарылған және олар сынақ жағ­да­йында жұмыс істеуде. Барлық қа­жет­ті жерсеріктері түгел шығарыл­ған соң SpaceX интернет таратуға рұқсат алу бойынша келіссөздерді бастайды. Алайда ондай рұқсатты алуды әр ел жеке жүзеге асыруы тиіс және бұл про­цесс тым ұзаққа созылуы мүмкін. Әзір­ге Starlink интернетінің жүктеу жыл­дамдығы 135 Мбит/с, интернетті беру жылдамдығы 25 Мбит/с бо­лып тұр. Сигнал сапасы айтар­лық­тай тұрақты емес. Қаншалықты көп спут­ник ұшы­рылса, сигнал сапасы да сон­шалықты тұрақтала түседі.

Мусиннің де үміт етіп отырғаны осы – Starlink. «Бұл ақпараттық-ком­му­никациялық инфрақұрылыммен қам­тыл­маған ауылдық елді мекендерді, өнеркәсіптік кәсіпорындарды, бизнес-қауымдастықты кең жолақты интернетпен қамтуға мүмкіндік береді. Әр­бір елді мекенді интернетпен қамту үшін SpaceX-пен келіссөз жүріп жа­тыр. Теле­порт стансасын Алматы маңы­на орна­ластыру және сынақ үшін бес елді мекенге қосу туралы алдын ала келі­сім бар» деген еді бір сөзінде.

Қазір ауыл түгіл қаланың өзінде ин­­­тернет жиі тартпай қалып жатады. Speedtest Global Index дерегі бойын­ша еліміздегі мобильді интернет жыл­дамдығы 53,38 Мбит/секундты құрайды. Интернет жылдамдығы бойынша Қазақ­стан әлемде 86-орында тұр. Осы тұр­ғыдан алғанда Б.Мусиннің KazSat-тан бас тартуын, Илон Маск жобасына үміт артуын түсінуге болатындай.