Саясат • 27 Шілде, 2021

Сайлау заңға сәйкес және ашық өтті

335 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл әкімдерін тікелей сайлауды байқау процесін қамта­масыз ету мақсатында құрылған «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі 25 шілдеде өңірлерде өткен маңызды саяси іс-шараға баға берді.

Сайлау заңға сәйкес және ашық өтті

Орталық қызметінің негізгі бағыты – сайлауға, оның ішінде сайлау учаскелерінде бақылау мен мониторинг жүргізу арқылы сайлау процесіне жүйелі түрде қатысу. Орталықтың филиалдары еліміздің барлық өңірінде орналасқан. Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізіп, өңірлердегі сайлау үдерісін бақылау нәтижесі жайлы баяндап берді.

Сайлауды «Партиялық емес байқау орталығы» аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл­дар­дың, кенттердің, ауылдық округ­тердің әкімдерін сайлауды байқауға белсенді қатысты. Дауыс беру күні таңғы сағат 7.00-ден бастап орталықтың 2000-нан астам байқаушысы респуб­ликаның барлық облысындағы ең шалғай сайлау учаскелерін қоса алғанда, 1845 сайлау учаскесінде дауыс беруді бақылауға қатысты. Өңірлердегі сайлауды бақылау бойынша Партиялық емес байқау орталығының жұмысына серіктес үкіметтік емес ұйымның 95 өкілі тартылды. Орталық жанында ахуалдық орталық жұмыс істеді, онда өңірлерден келіп түскен деректер өңделіп, талданды. Өңір­лік байқаушылар штабтарымен жедел байланыс орнатып, 14 облыста филиалдардың басшылары жұмысты үйлестіріп отырды», деді Төлеген Күнәділов.

Барлық байқаушы сайлау учаскелеріне қолданыстағы сайлау заңнамасына, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптары­на сәй­кес жіберілгені айтылды. Бай­қаушылар электораттың бел­сенділігін атап өткен. Сондай-ақ сайлау комиссияларының жұ­мы­сына шағым мен теріс пікір түспеген, сайлау учаскелерінде заң бұзушылық тіркелмеген.

«Байқаушыларымыз анық­таған заң бұзуға тырысу­шы­лық әрекеттердің басым бөлігі техникалық сипатта болғанын және жергілікті жерлердегі сайлау комиссияларының мүше­лері бұл мәселелерді тиісінше шешіп отырғанын атап өткен жөн. Байқалған заң бұзуға ты­рысушылық әрекеттерінің ішінде жекелеген азаматтардың өз отбасы мүшелері үшін дауыс беруге тырысқаны, да­уыс беру кабинасына екі адамнан кіру, кейбір азаматтар­дың куәландыратын құ­жатсыз бюллетень алуға ниет білдіруі, әлеуметтік қашық­­ты сақ­та­мау­­дың жекелеген факті­лері кездесті. Біздің бай­қау­шы­лар осындай 12 заң бұзу­ға ты­ры­сушылық әрекеттерді тір­­кеді. Жалпы, оларға жергі­лік­ті жерлердегі сайлау комис­сия­­ларының мүшелері дер кезінде ден қойып, тиісінше шара қолданғандықтан, сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығына ешқандай әсер етпеді», деді Партиялық емес бай­қау орталығының басшысы.

Байқаушылар сайлау учас­келерінде сайлау процесінің соңына дейін болып, дауыстар­ды санауға қатысты да шағым түспегенін мәлімдеген. Олар дауысты санау рәсімінің жария­лылығы мен ашықтығын атап өткен. Осы жайларды баяндаған Партиялық емес байқау орта­лығы­ның төрағасы Төлеген Күнәділов байқаушылардың этика кодексін әзірлеуді ұсынды.

«Партиялық емес байқау орталығы алдағы уақытта бай­қаушылардың этика кодексін әзірлеуді ұсынады. Өткен сай­лау байқаушылардың бар­лығы бірдей өз миссиясын адал атқармайтынын көр­сет­ті. Байқаудың негізгі мақ­са­ты – заңнаманың  сақ­та­луын қамтамасыз ету екені­не қа­рамастан, кейбір байқау­шы­лардың өздері кейде осы талаптарды бұзып жатады. Бұл олар­дың мінез-құлқымен, сон­дай-ақ сайлау заңнамасын дұрыс білмеуімен немесе тәжіри­бе­лері­нің жоқтығымен байланыс­ты.

Бірақ сайлау процесінің бе­делін түсіру үшін әдейі аран­датушылық әрекеттер жасайтындар да бар. Сондықтан байқау институтын кәсібилендірудің және жалпы байқау процесінің барлық қатысушылары сақтауы керек бірыңғай нормаларды әзірлейтін уақыт келді. Біз бай­қаушылардың кәсіби пулын даяр­лау үшін жүйелі және жос­парлы түрде жұмыс істейтін боламыз», деді Т. Күнәділов.