Аймақтар • 27 Шілде, 2021

Қоқыс зауытының құрылысы басталды

427 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақын болашақта қала маңындағы қоқыс полигондары түп орнымен жойылып, қала көшелерінде целлофан ұшып, бөтелке жайрап жатпайтын шығар. Олай дейтініміз, Өскемен мен Семейде қоқыс сұрыптайтын екі зауыттың құрылысы басталған. Зауыт іске қосылғаннан кейін тұрмыстық қалдықтардың 30 пайызы қайта өңдеуге жөнелтіліп отырады.

Қоқыс зауытының құрылысы басталды

Қоқыс полигонының кешені Өскеменге таяу 4,2 гектар аумаққа салынып жатыр. Оның құрылысымен республика бойынша қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жаратуды ұйымдастырушы «ӨКМ Оператор» компаниясы өкілдері таныстырды. Жоба жетекшісінің айтуынша, ғимараттың іргетасы құйылып, коммуникация жүргізілді. Қазір металл конструкциядан жасалған корпусты монтаждауға дайындық басталды. Кешен жылына 100 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптай алады. Пайдалануға 30 тамызда, қала күніне орай берілмек. Ал Семейдегі зауыт 29 тамызда қолданысқа өтеді.

«Өскеменспецкоммунтранс» компания­сының директоры Қазез Махамбетовтің айтуынша, зауытқа келген қоқыстың пакеті арнайы машинада ашылады. Содан кейін төрт адамдық кабинада өңдеуге жарамсыз ірі қалдықтар қолмен алынып тасталады. Одан ары барабан сепараторда ұсақ, ірі қалдықтар електен өтеді, баллистикалық сепараторда қалдықтар тойтарылады, магнит сепараторда қара металдар алынып тасталады, құйын ток сепараторында алюминий металдарды сұрыптайды, оптика сепараторында қалдықтар сәуле арқылы жеке-жеке (мысалы, қағаз, пластик, целлофан) бөлінеді де, соңғы кезең – нығыздауға жіберіледі. Бұл бөлімде сұрыптаудан өткен қалдықтар жиналып, бункерге сақтауға қойылады. Қойма толғанда қалдықтар нығыздалып, пакеттеледі де басқа облыстағы өңдейтін зауыттарға жөнелтіледі.

– Автомат жабдықтарды басқаруға шамамен 30 адам жұмысқа алынады. Одан бөлек төрт-бес адам күзетші ретінде жұмыспен қамтылуы мүмкін. Айта кетейік, біз Грекияға екі рет бардық. Бірінші рет осы аталған жаб­дықтарды таңдадық. Екінші рет олармен жұмыс істеуді үйреніп қайттық, – деді Қ.Махамбетов.

Оның сөзінше, бұл автоматтандырылған Sabo брендінің жабдықтары Грекиядан 1,35 млрд теңгеге сатып алынған. Қазір қалаға оптикалық және баллистикалық сепараторлар жеткізілді. Тізбекті және таспалы конвейерлер, алдын ала сұрыптау кабинасы мен барабан сепараторы келесі партиямен алдырылады. Жабдықтар қала әкімдігінің балансына беріледі.

– Өскеменде тұрғын үй аулаларына са­ры, көк және жасыл түсті қоқыс контейнерлері қойылып жатыр. Әрқайсысының сыртында қандай қалдықтарды тастау керек екені жазылған. Сары контейнер қағаз, пластик қалдықтарға, көк контейнер шыны ыдыс­тарға, ал жасыл контейнер тамақ қалдық­тарына арналған. Мұны StopMusor жобасы аясында еріктілер де халық арасында насихаттап, түсіндіріп шығады, – деді StopMusor жобасының үйлестірушісі Асыл Оқапова.

«ӨКМ Операторы» компаниясының ди­ректоры Медет Құмарғалиев халық бұл істі дұрыс түсінеді және қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға атсалысуға даяр деп сенеді. Оның айтуынша, алдыңғы қатарлы елдер қалдықты сұрыптап, өңдеуге әлдеқашан кірісіп кеткен. Экологиялық ахуал әлемде қатты ушығып тұрғандықтан, қоршаған ортаны таза ұстау, табиғи өнім тұтыну өте өзекті болып отыр. Егер тұрғындар қалдықтың бәрін бір контейнерге салса немесе тасымалдаушы жүк машиналары тағам қалдықтарын өзгесіне қосып алып келсе, жоба құрыды деп айта беруге болады. Сондықтан әр контей­нердегі қоқысты әртүрлі жүк көлігі зауытқа жеткізіп тұрады.

– Тұрғындар макулатура, пластик, шыны және металл қалдықтарын бізге тапсырып, табыс таба алады. Тамыздан бастап EcoQolday HOME жобасын жүзеге асырамыз. Тұрғындар осы жобаның қосымшасын смартфонға жүктей отырып, сауда-саттық тәсілімен жинаған қалдықтарын өткізе алады. Айта кетейін, елімізде қағаз, шыны қал­дықтарды өңдейтін зауыттар бар. Олар шикі­затқа зәру. Сондықтан зауыт жұмысы нәти­желі болары анық. Біз қоқыс жинау, сұрып­таумен айналысқысы келетін бизнес­мендерге де қуана-қуана қолдау көрсете­тінімізді хабарлаймыз, – дейді М.Құмарғалиев.

Сонымен зауыт қалада жиналатын қал­дықтың 30 пайызын өңдейді. Өңделмейті­ні – та­ғам қалдықтары. Ол шамамен бір жыл көле­мінде қолданыстағы полигонға тасталады. Ал келесі жылы қоқыс өртейтін зауыт салынады.

– Қолданыстағы полигон толып, пайдалану мерзімі асып тұрғаны бәрімізге белгілі. Келесі жылға дейін онда тағам қалдықтары сығымдалып тасталады. Келесі жылы дәл осы маңда қоқыс өртейтін зауыт салынады. Өң­делмейтін қалдықтар сонда өртеледі. Қазір полигонда жиналған қоқыс та сонда өртеледі. Демек, болашақта бізге қоқыс полигоны мүлде керек емес, – дейді қала әкімінің орынбасары Денис Федченко.

Қалада қоқыс полигоны мәселесінің шешімі бірнеше жылдан бері табылмай келген. Аулалар мен аялдамаларға түрлі қоқыс жәшіктері және контейнерлер бұған дейін де қойылғанымен, оның ақыры түсініксіз күйде қала берген. Ендігі уақытта бұл сұрыптау зауыты аяқсыз қалмаса игі.

 

Шығыс Қазақстан облысы