Экология • 27 Шілде, 2021

Қайырымды істер марафоны: Еліміздің 12 аймағында экоакция өткізілді

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19 бен 25 шілде аралығында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының қатысушылары жазғы қайырымдылық күнін мерекелеу аясында «Өз елімде із қалдырмай Sayahattime» атты ауқымды акцияға қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz qim.kz сайтына сілтеме жасап.

Қайырымды істер марафоны: Еліміздің 12 аймағында экоакция өткізілді

Қайырымды істер марафоны аясында волонтерлер мен белсенділер жартастардағы вандалды жазбаларды өшіру, су қоймалары мен танымал туристік бағдарлардың маңын тазалауға атсалысты. Акцияны жергілікті атқарушы органдардың, «Kazakh Tourism» компаниясының, «Jana Dunie» қайырымдылық қоры қолдауымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырды.

Аталмыш акцияға еліміздің 12 аймағы: Қарағанды, Қызылорда, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Ақтөбе, Түркістан облыстарының, сонымен қатар Шымкент қаласының белсенділері атсалысты.

«Жазғы қайырымдылық күні және оған арналған экоакция – марафон аясында өтіп жатқан екінші іс-шара. Бұдан бұрын біз қасиетті Рамазан айының құрметіне мұқтаж жандарды қолдауға арналған акция өткізгенбіз, оған ірі супермаркеттер мен дүкендер қосылған еді. Ұлттық қайырымдылық күнін атап өту аясында басқа да іс-шараларды ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Ол елдегі марафонға қатысушылардың бәрін біріктірер еді», деп жоспарларымен бөлісті «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Лима Диас.

Аумақты қоқыстан, жартастарды жазбалардан, ал су қоймаларын пластик бөтелкелерден тазарту жұмыстарын белсенділер елдегі ең танымал туристік орындарда атқарды. Атап айтқанда: Қоңыр Әулие үңгірі, Сібе көлдері, Рахман қайнарлары, Бөлектау тауы, Шайтанкөл көлі, Ем бұлақ, Каспий теңізінің жағалауы, Иманқараның таулы аңғарлары мен кең байтақ даланың басқа да орындары тазартылды.

«Кейбір аймақтарда бастамашыл топтар экоакцияны өткізу үшін бірнеше локацияны алуды ұсынды. Мәселен, Қарағанды облысында аумақты тазарту жұмыстары бірден үш орында, ал Шығыс Қазақстанда екі орында жүргізілді. «Өз елімде із қалдырмай Sayahattime» - Іле-Алатау немесе Қарқаралы ұлттық паркіндегі жартастарды тазалау секілді санаулы іс-шаралардан басталған осынау акцияның республикалық ауқымдағы жобаға айналғанына қуаныштымыз. Себебі осының арқасында қоғамның назарын экология, біздің табиғатымызды сақтап, әуелгі қалпын сақтау секілді маңызды мәселелерге аудартамыз», деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласындағы «Jana Dunie» қорының директоры Әсел Әлиева.

Жыл басынан бері экомарафонға 2,5 млн астам адам қатысып, 167 мың адамға нақты көмек көрсетілді.