Өнер • 27 Шілде, 2021

Науырзымда қорықшылар туралы фильм түсіріледі

536 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңа кинотуынды Қостанай облысындағы Науырзым қорығында түсірілмек, деп хабарлайды Egemen.kz.

Науырзымда қорықшылар туралы фильм түсіріледі

Қорық директоры Дулат Қойлыбаевтың айтуынша, елімізде тұңғыш рет түсірілгелі отырған жаңа туындыға өмірін табиғат байлығын қорғау жолына арнаған қарапайым жандардың қажырлы еңбегі мен ерлігі арқау болады.

«Білуімше, қазір киноны түсіруге дайындық жүріп жатыр. Фильмнің режиссері әрі сценариін жазған – Максим Акпаров. Жалпы, қорықшының әр күні қауіпке толы десек болады. Сондықтан бұл фильм шытырман оқиғаға толы болып, көрермендерін, әсіресе жастарды баурап алады деп үміттенеміз. Науырзым қорығында осыдан бір-екі жыл бұрын қызмет бабында жүріп екі қорықшымыз қаза тапты. Түсірілімі таяу күндері басталайын деп отырған кинофильмді сол кісілердің рухына қойылған  ескерткіш деп қабылдасақ артық болмайды», деді Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының директоры.

Мемлекеттік тапсырыспен түсірілгелі отырған жаңа туындыға Ресей халық артисі Сергей Гармаш, өзбекстандық Сейдолла Молдаханов және Дәурен Серғазин, Жәнел Мақажанова, Нышанбек Жұбанов, Ержан Түсіпов, Төлепберген Байсақалов сынды елімізге танымал кино жұлдыздары шақырылыпты. Олардын І.Омаров атындағы Қостанай қазақ театрының әртістері де қалыс қалмаған.

«Әріптестерім Азамат Чукеев, Төленді Әлқожа, Қуаныш Маратұлы, Нұрлыбек Кенжахметовтер кастингтен кедергісіз өтті. Олардың қатарында мен де бармын. Бұл елімізде түсірілейін деп отырған қорықшылар туралы тұңғыш фильм, сондықтан біздің ұжым үшін үлкен тәжірибе мектебі болмақ», деді театр директоры Әлімхан Мырзахан.

Киноны түсіру жұмыстары 8 тамызда басталады.