Қазақстан • 27 Шілде, 2021

Үлкен өзгерістерге бастайтын қадам

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын ел өмірін демократияландыру жолында алға басқан бір қадам деп есептеуге болады. Төменгі деңгейдегі позитивті қадам деп айтсақ та болады. Ал бір қадам дегеніміз жаман емес. Осының өзі үлкен өзгерістерге алып келмек.

Үлкен өзгерістерге бастайтын қадам

Бұл Қоғамға қажет қадам болды. Әсіресе ауылдарда әкімдердің ықпалы жоғары. Сондықтан оларды сайлау жүйесін өзгерту қоғам үшін пайдалы. 

Демократия дамымаса, экономиканың да алға жылжуы екіталай. Сондықтан елдің дамуы үшін демократияға да назар салуымыз керек. Экономиканың даму қарқыны қаншалықты маңызды екені айтпасақ та белгілі. Шыны керек, біз, әсіресе, қазіргі пандемия кезінде ішкі жалпы өнімнің өспей, керісінше төмендегенін көрдік. Осы жерде билік демократияның маңызын түсінді. Бұл - бірінші нақты қадам. Әрі қарай сайланған әкім де демократия үрдісін жалғастырады деп сенемін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаның маңызын түсініп, осындай демократиялық өзгеріс енгізуді ұйғарды. Кешегі өткен ауыл әкімі сайлауының техникалық тұрғыдан қалай өткені туралы айта алмаймын. Дегенмен, ең маңыздысы - жүйелі демократиялық өзгеріс болса, еңбек өнімділігінің жоғарылауын да, құқықтық мемлекеттің орнауын да жеделдетеді. 

Экономиканы алдай алмайсың. Экономика тек дұрыс жүйе болған жерде ғана ілгерілейді. Ол тек шынайы жағдайды ғана қабылдайды, өзінің талаптары бар. Сондықтан кешенді қадам керегін түсіну абзал. Президент осы кешенді қадамдарға көшті. Билікке де нәтиже керек. Өйткені ел басшылығына да экономиканың өскені, еңбек өнімділігінің артқаны қажет.

 

Әлімбай ҒАЛИ,

дефограф, саясатанушы