Ауыл • 28 Шілде, 2021

Мал-жанның тағдыры бұйрықпен шешілмейді...

689 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Маусым айының орта шенінен бастап, Қазақстанның батыс аймақтары қуаңшылық қыспағында қалып қойғаны, малдың-өлім жітімі туралы ақпараттар тек әлеуметтік желілерде ғана емес, ресми басылымдарда да ашық айтыла бастады. Қуаңшылықтан қанша мал басының өлгені туралы ресми ақпарат пен әлеуметтік желілерде айтылған деректер арасында қарама-қайшылық көп. Ресми ақпарат күні бүгінге дейін 2 мыңдай малдың аштан өлгенін айтса, әлеуметтік желілер одан да көп дейді.

Мал-жанның тағдыры бұйрықпен шешілмейді...

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов шілде айының бас кезінде журналистермен кездескен кезде «Каспий» әлеуметтік корпорациясы арқылы 204 млн теңге қаражат бөлінгенін, бұл қаржыға жемшөп сатып алынатынын, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 54 млн теңгеге 630 тонна арпа алатынын жеткізген еді.

Ал Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Алмасбек Садырбаев бізбен әңгімесінде еліміздің қуаңшылық болған аймақтарына барып, жағдайды көзбен көріп келгенін айтты. Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түр­кістан облысының шекарасына дейінгі аймақтар қуаңшылық қыспағында қалып қойғанын айтқан сарапшы елде төтенше жағдай енгізу қажеттігін де қаперге салып өтті.

Сарапшы нақтылап өткендей, Маң­ғыстау мен Ақтөбеге дейінгі біраз аймақта қурайдан басқа шөп қалмаған. Еліміздің батыс өңірлеріндегі кейбір аймақтарда аналық бас малдың 30 пайызы, биылғы жаңа туған төлдің 10-15 пайызы ғана қалғанын айтқан сарапшы 1 айлық құлындар енесінен бөлініп, 30-40 мың теңгеге сатылып жатқанын көзбен көріп қайтқанын айтты. Деректі сарапшының сөзімен нақтыласақ, сүйегіне ілініп қалған малдың құны қалмапты. «Қазір кейбір сарапшылар суармалы әдіс арқылы шөптің тамырын сақтап қалу туралы мәселе көтеріп жүр. Бұл қажет емес. 40 күн жаңбыр жаумай жердің тандыры кеуіп тұрған сәтте суарсақ, шөп тамырын қуратып аламыз. Енді мал басын сақтап қалудан өзге амал жоқ. Содан кейін бұл мәселе «байдың жері немесе кедейдің жері» деп таңдап жатқан жоқ. Мал жайылатын жайылымдықтардың бәрі күйіп кеткен. Сол себепті Үкімет, бизнес бір жеңнен – бас, бір жағадан қол шығарып, қиыншылықтан шығу жолдарын қарастыру керек» деп сөзін түйіндеді А.Садырбаев.

Қазір бұл мәселенің аймақтық дең­гейден шығып, мемлекеттік мәселеге көтерілгенін бір кездері Үкімет құрамында болған тұлғалардың әлеуметтік желідегі жазбаларынан байқауға болады.

Кезінде Ауыл шаруашылығы минис­трлігін басқарған, қазір Ет одағының төр­ағасы Асылжан Мамытбеков әлеу­мет­тік желідегі парақшасында елде қиын жағдай қалыптасып отырғанын ай­тыпты. Осы жазбасынан кейін біз А.Мамытбековпен хабарласып, қалыптасып отырған жағдайға байланысты көзқарасын білдік. Экс-министр суық әрі ұзаққа созылған көктем, жауын-шашынға сараң, құрғақ жаз салдарынан жайылымдар мен шабындықтарда шөп өспей, күн ыстығына жұтап, бірден қурап кеткенін, шөптердің вегетациялық кезеңі жүзеге аспай қалғанын жеткізді. Экс-министр шөбі жұтаң жаз, қуаңшылық және басқа да сынақ біз үшін қандай да бір форс-мажорлық жағдай емес, айтарлықтай болжамды, қайталанып тұратын жағдай екенін айтты. «Қысқа ғана уақытқа мәжбүрлі түрде төмендеген баға, мал басының жаппай қысқаруы мал шаруашылығында өндірілетін өнімдердің бағасының қымбаттауына алып келеді. Үкімет пен әкімдіктерге бұл мәселе мал өсірушілердің ғана түйткілі емес екенін түсініп, ауыл шаруашылығы саласындағы бизнеске жәрдемдесудің кешенді шараларын әзірлеп, қолданыстағы несие­лердің мерзімін ұзарту және қайта құры­лымдауды қолға алу керек. Ауылдағы фермердің қазір қолдағы мал басын аман сақтап қалудан өзге жайттарға алаңдауға мұршасы жоқ» дейді А.Мамытбеков.

Мал басынан айырылып қалған ша­руаларға қаржылай көмек көрсету қа­жеттігін айтқан А.Мамытбеков астық өсіретін өңірлерде дәнді дақылдарды ору кезінде сабан жинау бойынша жұмысты ұйымдастыру қажеттігін, осы сабанды басқа өңірлерге көлікпен жеткізу мәселелерін ұйымдастыру қажеттігін де қаперге салып өтті. «Фермерлерге ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, атап айтқанда, ұлттық парктер, қорықтар, орман шаруашылығы кәсіпорындары, жабайы табиғат қорықтарында шөп шабу мен жинауға мүмкіндік беру керек. Өзен мен көлдердің маңындағы қамыс, жантақ тәрізді малға азық болатын шөп-шалаңның бәрін бүгін ор­масақ, ертең кеш болады. Бұл – жеке шаруашылықтарға қысқы мал азығын жинауға көмектесудің бір тетігі. Жемшөп дайындау үшін жеңілдікпен бері­летін жанармай мәселесін шешу де ертеңге қалдыруға болмайтын өзекті мәселе» дейді А.Мамытбеков.

Ал еліміздегі бұрынғы Премьер-ми­нистрі Сергей Терещенко бізбен әңгіме­сін­де қалыптасып отыр­ған жағдайды табиғи апат деп қабыл­дайтынын, қазір Ресей мен Орталық Азия елдері осы пробле­мамен бетпе-бет қалып отырғанын, қа­зір өзге елден көмек күтпей, тек өз мүм­кін­дігімізге ғана сену қажеттігін айтып берді.

С.Терещенко да бұл форс-мажорлық жағдай емес, қайталанып тұратын табиғи құбылыс екенін айтады. Географиялық жағдай мен аймақтардағы топырақ құнар­лылығы жағдайды реттеуге мүм­кіндік беретін көрінеді.

1975-1979 жылдары Қазақстанның оңтүстік өңірінде осындай қуаңшылық болғанын айтқан С.Терещенко сол кезде Түркістан облысы, Түлкібас ауданында қызметте бола жүріп, төтенше жағдайда жұмыс істегенін, аудан басшыларына дейін ағаштардың жапырағын жиып, қыр мен ойдағы шөпті орып, мал жайылатын алқаптарға тікұшақтан жемшөп шашқан кезді еске түсірді. «Қазір де бұл мәселені бизнестің немесе бір аймақтың проблемасы деп қарауға болмайды. Қысқа қарай еліміздің батыс өңірлеріндегі мал басының біразы кеміп қалатынын қазірден көріп отырмыз. Барлық мүм­кіндік қысқа мал азығын дайындауға жұмылдырып, шаруалардың қаржыдан қысылып қалмауын ойластыру керек. Алда бізді не күтіп тұрғанын білмейміз. Келер жылы ерте көктемнен бастап, қуаңшылық қыспағында қалып отырған аймақтарды жасанды, тамшылатып суару арқылы шөп тамырының мүлдем кеуіп қалмауын шешкеніміз абзал» деп сөзін түйіндеді С.Терещенко.

Сарапшылардың дені бұл қуаңшы­лықты табиғи апат деп есептейді. Қоғам және мемлекет қайраткері Қуаныш Ай­таханов мемлекет тарапынан мал азығы дақылдарын қолдау толық бол­мағандықтан, оны өндіруге ешкім ынталанбайтынын айтады. Сондықтан да мал азығы дақылдарының көлемі аз болып отыр. Ауыспалы егіс жүйесі де бұзылып, «монокультура» қалыптасқан. Суармалы жерлердiң өзi көп күтiмге зәру екенін айтқан сарапшы оны тазалауға қарапайым шаруаның қаражаты жете бермейтінін еске салды. Қаржының жоқтығы қолбайлау болып, соның салдарынан суармалы жердегi су және кәрiздiк жүйелерi уақтылы тазаланбай, жердiң сорлануына, тұзданып кетуіне әкеліп соқты. Қ.Айтахановтың пікірінше, мал азығын, жемшөп қорын алын ала да­йындауға ауылдағы фермерлердің мүм­кін­дігін пайдалану керек. «Еліміздің оңтүстік аймақтары, Жамбыл, Түркістан облыс­тары, оның ішінде Мақтарал, Шар­дара фермерлері соңғы жылдары бау-бақша өнімдерін өсіруге маманданып алды. Бұл – нарық заңы. Себебі қауын-қарбызды көтерме бағамен сатып алатын делдалдар жетеді. Ресейге алып кетеді, Қазақстан базарларына түседі. Егер мемлекет жоңышқа, жүгері тәрізді шөп түрлерін өсіремін деген фермерлерге субсидия берсе және жер қорынан бірер жылға жер бөлсе, оңтүстіктің фермерлері осы бағытқа мойын бұрар еді. Бұл бағыт қаперге алынса, ауыспалы егін жүйесіне көшу мәселесі шешілер еді» дейді Қ.Айтаханов.

Қуаңшылық – табиғи апат. Егер қыс­та ылғал аз түссе, көктем жаңбырға сараңдық танытып, созылып кетсе, мұның арты малға жайлы болмайтыны белгілі жайт еді. Мұндай жағдайда министрдің бәрі аяғынан тік тұрып, шөпті мүлдем қуратып алмаудың алдын алуға да болар еді. Осыған қарап ведомствоаралық бай­ланыстың кемшіндігі және метеро­логиялық қызметтің жұмысына тиісті дең­гейде мән берілмейтіні айтпаса да түсі­нікті.

Экономист Тоқтар Есіркеповтің сө­зіне ден қойсақ, біздің үкімет осы күнге дейін бұл бағытта біраз шаруаның басын қайырды. Иесіз жатқан жайылымдық жерлерді есепке алып, оларды мемлекет иелігіне қайтару мәселесін көтерді. Жемшөп қорын құру мәселесі кезегімен келе жатқан міндеттердің бірі екенін айтқан сарапшы дәл қазіргі қарбаласта ең өзекті мәселе қалтарыста қалып қой­ғанына алаңдайтынын айтты. Әдетте мұндай кезде үкіметтің ықыласы ірі шар­уа қожалықтарындағы мал басын аман сақтап қалуға көбірек ауады да халықтың қорасындағы мал басын сақтап қалуға онша көңіл бөле бермейді. Қазақстандағы мал басының 80 пайызы жекелеген адамдардың иелігінде екенін айтып өткен сарапшы кімде қанша мал болғанын түгендеп шығу жергілікті билікке қиын тимейтінін де еске салды. «Осыдан біраз жылдар бұрын өзін өзі жұмыспен қамту мәселесі сөз болғанда ірі қара мал тұрмақ, есік алдындағы тауық­тарға дейін түгелдеп шыққан. Тәжірибе бар. Енді қорадағы мал басын түгендеп, жемшөбіне субсидия бөлу мәселесін көтеру керек. Мысалы, 20 шақты қой, бес-алты ірі қара, бес-алты жылқы малы үшін кемінде 5 тіркеме шөп керек. Қазір шөбі қуаңшылыққа ұшырамаған оңтүстік аймақтарда бір арба  шөп 100 мың теңгеден асып кетті. Шөп сатып алуға шамасы келмеген шаруа малын сатып, мал басын азайтып алады. Біз тез арада шешім қабылдамасақ, бізден бұрын ес жиған алыс-жақын көршілеріміз қолымыздағы мал басын көтере сатып алып кетуі мүм­кін. Осыған дейін банктер «түшкіріп» қалса болды, ақша беретін үкімет енді сол қаржының бетін ауылға бұрсын, азық-түлік, соның ішіндегі ет бағасының тұрақтылығын біз ауылдағы ағайынның қорасында тұрған мал басы арқылы ғана сақтап қаламыз» деп сөзін түйіндеді Т.Есіркепов.

Ал келесі экономист Атамұрат Шә­менов бұл жолғы жағдай апат екенін айтса да азық-түлікпен қамтамасыз ету саласы идеологиялық саясаттан жұрдай екенін тілге тиек етті. Мемлекеттің осы бағыттағы ұстанымы «көршілер бар ғой» деп, өзгелердің мүмкіндігіне көбірек сенетін жағдайға көбірек ұқсап барады. Мұның кері салдарын картоп, сәбіз бағасының шектеп шығып кеткен кезде байқап қалдық. Ал қазіргі жағдайға байланысты пікірін білдірген экономист облыс, аймақ аралық байланыстар арқылы мал басын сақтап қалатынымызды айтты. Ол үшін қуаңшылықтың зардабы аса қатты сезіле қоймаған оңтүстік аймақтар батыс­та қиналып жатқан ағайынмен қолдағы барды бөлісу керек.

 1975-1979 жылдардағы қуаңшылық кезінде аудандық партия комитеті бірінші хатшыларына дейін су жағалап, қамыс орғанын, бір сөзбен айтқанда, қарап отырмағанын еске алған экономист ауыл­дағы мал-жанды салқын кабинетте отырып бұйрық беру арқылы емес, әрекет арқылы сақтап қалатынымызды жеткізді. Жаңа аграрлық саясат жариялап, ауыл экономикасын дамытуды шындап қолға алу керек екенін айтқан А.Шәменов бұл саясаттың қол­дағы қаржыны тиімді пайдаланумен ерек­шеленуге тиіс екенін, сол кезде ғана ауыл шаруашылығы өнімдерін пай­далануды ішкі нарыққа бағыттай ала­тынымызды ескертті. «Аграрлық саланы реформалау жұмысына Ауыл шаруа­шылығы министрлігімен бірге, басқа да министрліктер мен ведомстволарды қатыстыру керек», деді экономист.

 Біз қадым заманнан бері тіршілігімізді малмен байланыстырсақ та осындай қуаңшылық кездері қолдағы барынан айырылып, құрық ұстап қалған ұлтпыз. Малын құт санайтын шежірелі өлке Маңғыстауда қуаңшылықтың зарда­бынан жұт белгісі байқала бастады. Бұл жолы мал-жанның тағдыры тек бұйрықпен ғана шешілмейді. Мал-жанның тағдыры күндерге емес, сағат­тарға байланып тұр. Ендігі шешім бизнеске де, ауылдағы ағайынға да сөзін тың­дата алатын шенділердің сөзінің сал­мағына байланысты. Сондықтан асық­қанымыз жөн.