Саясат • 28 Шілде, 2021

Халық қолдаған демократиялық өзгеріс

355 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар пакетін ұсынып, соның ішінде ауыл әкімдерін тікелей сайлау керектігін айтып, нақты тапсырма бергендігі қоғамымызда қызу талқыланып, кеңінен қолдау тапты. Ал өткен жексенбіде бұл демократиялық өзгеріс нақты іске асырылып, елімізде ауылдық округтердің әкімдерін сайлау ойдағыдай өтті.

Халық қолдаған демократиялық өзгеріс

Ауыл әкімдерін халықтың ті­ке­лей сайлауы – игі бастама. Ке­зін­­де ата-бабаларымыз да билер мен бо­лыс­тарды өздері сайлаған. Ха­лық іші­нен шыққан тұлға халық­шыл бо­лады. Заман талабына сай ауыл әкім­дерін сайлаудың оң тәжі­ри­бе­сін қалыптастырдық деп ойлай­мын және бұл өзге Орта Азия мем­ле­кет­­теріне де жақсы үлгі болатыны сөзсіз.

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлауы – Конституциямызда бел­гі­ленген демократиялық қағи­да­ның айқын көрінісі. Халық бұл инс­т­итуттың әлі де жақсы жақтарын толық сезінбеген шығар, бірақ бо­ла­­шақта әрі қарай даму барысын­да ауыл тұрғындары осы саяси оқи­­ға­­ның мән-маңызын қазір­гіден де гөрі анығырақ түсіне­ді деп ойлаймын.

Жалпы, сайлау Жамбыл облысында жоғары деңгейде өтті деуге болады. Себебі сайлаушылардың 90 пайызынан астамы сайлауға қатысты. Сайлауға қатысу бойынша белсенділікті Сарысу, Меркі, Талас және Қордай аудандарының тұрғындары көрсетті. Басқа аудандарда да сайлауға қатысу деңгейі 84 пен 92 пайыз аралығында болды. Бұл сайлауға «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалынан 194 байқаушы және аудандарда солармен тығыз байланыста жұмыс істеген 14 капитан даярланды. Олардың бәрі де сайлау барысына сайлау учаскелерінде күні бойы бақылау жүргізді. Сайлау учаскелері жабылғаннан кейін де комиссия мүшелері сайлаушылардың дауыстарын санап болғанға дейін сол жерде болды.

Саяси науқан барысында өте белсенді қызмет атқарған Мойын­құм ауданынан Әсел Сарыбаева, Та­лас ауданынан Салтанат Мах­мут, Т.Рысқұлов ауданынан Дария Нар­матова және Шу ауданы­нан Әсел Қа­сенова сияқты капи­тан­дардың есім­дерін атап өткім келеді. Барлық бай­қаушы өз жұмысына жауап­кер­ші­­лік­пен қарап, сайлаудың әділ өтуі­не өз үлесін қосты.

Ал енді жаңадан сайланған әкімдерге халық көп үміт артып отыр. Себебі ауылдық жерлерде, ауыл шаруашылығында шешімін күткен мәселе көп. Әрине, ауыл өмірі бірден өзгермейтін шығар. Бірақ егер сайланған әкімдер қолындағы ресурстарды тиімді қолдана білсе, халықтың жағдайы бұдан да жақсаруы керек.

Бұл сайлау халықтың өздерінің билік жүйесіне нақты араласа алатынын, жеке тұрғынның өз мәселесін өзі шеше алатынын түсінуіне ықпал етеді. Сонымен қатар бұл үрдіс тек қана ауыл әкім­дерін сайлаумен тоқтап қалмайды. Ол болашақта аудан әкімдерін сайлауға ұласады. Мұның өзі билік­тің орталықтан жергілікті жерге берілуін байқатады. Бұл, әрине, өз кезегінде жергілікті мәселелердің уақытында шешілуіне өз септігін тигізетіні анық.

Асқар ҚАДЫРҚҰЛОВ,

«Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы

 

Жамбыл облысы