Қоғам • 28 Шілде, 2021

Кемшілік пен кешірім

1764 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұрыннан бар ма еді, әп-сәтте-ақ айтқан сөзіңді әлемге таратып жіберер әлеуметтік желі пайда болған соң қарға түскен кө­мір­дей көп көрініп қала ма, бізде бірін-бірі айыптауға, кемшілігін көпке көрсетуге, кемістігін елдің алдында ашуға құмартып тұратын бір әдет пайда болды.

Кемшілік пен кешірім

Жер-жерден әйтеуір бір жік шығып жатады. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, біреу біреуді ат артына өңгеріп бара жатады. Ағаш атқа мінгізіп, «әйт, шу» деседі. «Міне, мынаның осындай адам екенін біле жүріңдер» дегендей төбе басына шығып төңірекке жар салысып тұрады. Желіге салмақпыз деп желпініп отырады. «Мұсылман мұсылманның айыбын жасыра жүреді» деп бәтуалы сөзге де иман бекімей тұр. Атаның сақалынан келін, ағаның жағасынан іні алып, бірінің соңынан бірі шам алып түскен шаққа келдік. Телеарнаны қоссаң да сол, бір отбасының абыройын айрандай төк­кен, бірі-бірі күстаналағандарды көкке кө­терген, «байғұс-ай, қайтсін» дегендей атпалдай азаматты отырғызып қойып, қыл­­­мысын әшкерелеп, айыбын айқайлай айт­­қызған бағдарлама көп. «Өгей ана – ба­уыр­сақ, көрде жатып қол бұлғар» деуші еді жарықтық әжем. Аяғансып, айызы қанып отырғандар.

Кісілік дегеніміз, ең әуелі – кешірім емес пе еді?! Кімде мін жоқ, кімде айып жоқ, кім қателеспес. Кемшілік жібергенді көгенге тізе берсек, көше бойы кісіге толар. Жалпы, осы кешіре білу деген қасиет, түсіне білу деген төбелік мінез кімге тән? Ханға ма, қараға ма? Әлде, бір Құдайға ғана тән бе?

Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңында белгіленген төтенше бір құқық бар екен. Ол құқық елге еңбегі сіңген, халқына қызметі артқан адамдарға хан тарапынан берілетін кешірім. Ол кешірім «тоғыз кешірім» деп аталады. Бір адамның тоғыз ретке дейін қателігі кешіріледі.

Әмір Темірдің шөбересі, Омар Шейхтың ұлы, даңқты бабамыз Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» кітабында Бақи Шағаниани деген кісіге бабамыздың қатты назалануы айтылады:

«Бақи Шағаниани Амудың бойында қосылғаннан бері біздің қасымызда одан сыйлы, одан қадірменді адам болған емес. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды; не айтсақ та, нендей іс атқарсақ та, оның сөзінен шықпадық. Бірақ бақаның басын алтын табаққа салсаң шоршып түседінің кері келді, ол ізеттілік, қайырымдылық дегенді түсінбеді, орнымен қызмет етуді білмеді, әліне қарамай әлек болды, әлденеше рет әдепсіздік, тұрпайылық, жүгенсіздік көрсетті; ол сараң, дөрекі, қызғаншақ, опасыз, қабағы ашылмайтын ішмерез болатын» деп суреттейді ол кісіні. Бақи осы «тоғыз кешірімді» алға тартады: «Айтарын айтып алып артын ойлады ма, қайта жалбарынды, бірақ одан түк шықпады. Ол маған кісі жіберіп: «Мен тоғыз рет қылмыс жасағанша кешірім жасалатын болып уәделескен едік қой» деп сәлем айтыпты. Молда баба арқылы оның он бір қылығын тізбектеп айтып жіберіп едім, дымы өшті», дейді Бабыр бабамыз. Ал Бабырдың бабасы Ақсақ Темірдің де осы заңды қатаң ұстағаны жайлы деректер бар. Парсы тарихшысы Шараф ад-дин али Йездидің атақты Әмір Темірдің өмірі мен ерлік дастаны жайлы жазылған «Зафар-наме» кітабында Темірдің Ику-Темірді өлтіріп, сарбаздарын марапаттау сәтінде де осы тоғыз кешірім жайлы жазылады. «Темір келіп, жеңімпаз қосқа тоқтап, осы жантүршігерлік шайқаста қайтпас қайсарлық танытып, жауынгерлік міндетін батырлықпен орындаған сарбаздарына қошемет көрсетіп, дарқандық жарлық шығарып, ясаулдарға олардың ұлы мәртебелінің ордасына кедергісіз кіргізіп, олардың өздері, балаларының тоғыз ретке дейін жасаған кемістігі кешірілетін болсын деп бұйырды». Ал «Моңғолдың құпия шежіресінің» «Сегізінші дәптерінде» мынадай бір оқиға баяндалады. «Шыңғыс қаған жарлық етіп: «арнайы сый тарту етейін» деп, «Боғұрчұ, Мұқалы бастаған нояндар келсін» дегенде үй ішінде Шікі-Құтұқұ болатын, оған «шақырып кел оларды» дегенде Шікі-Құтұқұ:

...Сәби кезімнен алтын босағаңда

болдым мен,

Аузыма сақал қаптап шыққанша,

Алжаусыз қате баспадым мен...

Енді маған қандай сый тарту бермекшісің сен» депті. Сол сөзіне Шыңғыс қаған Шікі-Құтұқұға: «Алтыншы інім емес пе едің. Орынбасар кенже інім, саған сый тартуды інілеріммен бірдей берейін. Және көп көмегің үшін тоғыз айып болса да кешірілсін» депті.

Ханнан тоғыз кешірім болғанда, қарадан кем дегенде үш кешірім неге болмауы керек? Неге біз бір-бірімізді кешіруге келгенде сараңдық көрсетеміз? Кісіден кемшілік көрсек неге оны өзіне айтпаймыз? Ақыл салғандай, кеңес қылғандай, бауырлық пейіл, достық мезіретпен неге ой салмаймыз? Неге көзінен шұқып, көпке алып шығамыз?