Хенд Заза –12 жас
Спорт түрі: үстел теннисі
Токиодағы Олимпия ойындарына қатысу арқылы Хенд Заза бірнеше жетістікке жетіп отыр. Біріншіден, ол – үстел теннисінен өз елінің намысын қорғайтын алғашқы сириялық. Екіншіден, ол небәрі 11 жасында іріктеу сынында чемпион атанып, Олимпиадаға жолдама алды. Оның үстіне, тұрақсыз саяси жағдайға байланысты Хенд Заза жылына екі-үш турнирге ғана қатысқан.
Кокона Хираки – 12 жас
Спорт түрі: скейтбординг
Тағы бір 12 жастағы спортшы өз жерінде өтіп жатқан Олимпиадада Күншығыс елінің атынан шықты. Кокон Хираки сәтін салса, 1968 жылы Мексикада өткен Олимпиадаға 13 жасында қатысқан жапондық жүзуші Юкари Такемотоның рекордын бұзады деген үміт бар. Хираки өте жас спорт түрі саналатын скейтбордингтен сынға түспек.
Скай Браун – 13 жас
Спорт түрі: скейтбординг
Британиялық Скай Браун да Олимпиадаға қатысқан ең жас спортшының бірі ретінде тіркелді. Осыдан бір жыл бұрын ғана жаттығу барысында ауыр жарақат алған жас скейтбордшының Токиоға бару-бармауы екіталай болған еді. Рамптағы бір трюкті орындау кезінде құлап, бас сүйегін жарақаттап, қолын сындырып алған. Сол кезде спортшының өзі «тірі қалғанымның өзі олжа болды» деген болатын. Дегенмен барлық жарақатынан айыққан Браун қатарға қайта қосылды.
Куан Хунчан – 14 жас
Спорт түрі: суға секіру
Су спортынан Қытай құрамасының да намысын тағы бір жас дарын қорғайды. 14 жастағы Куан Хунчан 10 метрлік биіктіктен суға секіру бойынша командалық жарысқа қатысады. Шынашақтай ғана спортшының барлық элементтерді хирургиялық дәлдікпен орындайтыны соншалық, ол суға секіргенде бір тамшы да шашырамайтын көрінеді.
Кэти Гримс – 15 жас
Спорт түрі: жүзу
Америкалық жас спортшы Кэти Гримс та осы жолы өзінің алғашқы Олимпиадасына қатысып отыр. Ол жас жағынан 2012 жылы Лондонда бес алтын медаль жеңіп алып, аты аңызға айналған отандасы Кэти Ледекидің рекордын қайталады.