Халық суретшісі Һәм кескіндемеші Айша Ғалымбаева есімі елге етене таныс. Туындының аты – «Автопортрет». Суретші ұлттық бейнелеу өнеріне нәр берген жанның бірі. Тіпті қазақ кескіндемесінің алтын қорын құрайтын қазақ суретшілерінің алғашқы буынына жатады. Бұлай салмақ артып отырған себебіміз, ол – Қазақстаннан шыққан алғашқы әйел суретші.
Автор өзі жетік білген араб тіліндегі мәтіндер арқылы да қазақтың ұлттық киімін егжей-тегжейлі зерттеп, суреттерін салып, жүйелеген. Алматы көркем және хроникалы фильмдер киностудиясында жұмыс істей жүріп, «Абай әндері», «Махаббат поэмасы», «Қыз бен жігіт», «Бұл Шұғылада болған», «Оның уақыты келеді» киноленталарына эскиздер жасады.
Автопортрет – өнерде ең күрделі һәм ерекше жанр. Егер басқа бағытта жұмыс істейтін кескіндемеші кенеп бетіне сыртқы заттарды мұқият зерделеп, жеткізуге тырысатын болса, ал автопортрет салған суретші назарын өзінің жан дүниесіне аударып, өзін өзі терең зерттеуіне тура келеді.
Автопортретті кәсіпшілік санатқа жатқызуға болады. Айша Ғалымбаева өзінің суретші екенін танытып, палитра және қылқалам ұстап тұрған сәтін жазады. Суретшінің басы аздап бір жағына бұрылған әрі назарын алысқа қадап тұр. Бұл оның қиялға берілген нұрлы сәті.
Картинада таңба мен түс басымдыққа ие. Ол қанық ашық түстерді жалпақ, еркін әсерлі жағу арқылы жазған. Артқы план жорамалмен алынған. Суретшінің сұлбасы қызыл және қызыл-сары түстердің көмегімен басым түседі. Сұлбаның жазық шешімі және ұсақ-түйектің болмауы шығарманы мазмұнды әрі тұлғалы етіп тұр.
Жылы және суық түстердің қарама-қайшылығы эмоциялық толқудың кең спектрін беруде. Назарын сыртқа салған, жүзінде аздаған жымиыс бар картинада қандайда бір құпия бардай. «Суретші қайда қарап тұр?» «Не ойлап отыр?», «Нені айтқысы келді?», міне, осы сауалдар адамға ой тастайды.