Экономика • 28 Шілде, 2021

Бикеш Құрманғалиева: Цифрлық таңбалау бағаны қымбаттатпайды

455 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізде тауарларды міндетті цифрлық таңбалау ісінің бас­талғанына біршама жыл болды. Жүйелі жұмыстардың, жан-жақты шаралардың қолға алынғанына куәміз. Содан бері не өзгерді? Алда қандай өзгерістер болмақ? Біз бұл жайлы цифр­­лық таңбалаудың Қазақстандағы бірыңғай операторы – «Қазақ­телеком» АҚ Цифрлық экономиканы дамыту орта­лығының бас директоры Бикеш Құрманғалиевадан сұрап білдік.

Бикеш Құрманғалиева: Цифрлық таңбалау бағаны қымбаттатпайды

– Бикеш Қайдарқызы, цифр­лық таңбалау кімге тиімді: тұтынушыға ма, әлде мемлекет­ке ме?

– Тауарларды цифрлық таң­балау – цифрлық экономика­ның негізгі элементтерінің бірі. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта нарықта «көлеңкелі айна­лымның» үлесі көбейіп ке­леді. Оның алдын алу үшін арнайы жоба енгізілуде. Жаңа техно­логия­лардың нәтижесінде әр та­уар­ды сәйкестендіру мүмкіндігі пай­да болмақ. Тауардың әр бір­лігін өндірістен шыққаннан тұ­ты­нушының қолына жеткенге де­йінгі тізбегі толық бақыланады. Сондай-ақ таңбалау мен қадаға­лаудың бірыңғай жүйесі арқылы тауарды қабылдап алу-беру, қай­тару, жөнелту, айналымнан шы­ғару секілді процестерді растайтын ақпаратпен, құжаттармен жедел алмасу үшін цифрлық орта жасаймыз. Біздің стратегиялық мақсат – цифрландыру арқылы заңды бизнестің жұмыс істеуіне жағдай жасап, қолдау көрсету.

Жаңа технологиялардың нәти­же­сінде әр адам таңбаланған өнімнің құрамын, жасалған күнін, сақтау мерзімін оңай тексеріп, өндіруші туралы ақпаратты бі­ле алады. Арнайы қорғанысы бар Data Matrix цифрлық кодын қолдан жасау мүмкін емес. Тұтынушы өнімді сатып ал­ғанда, кассада аталған код ска­нерлейді. Сөйтіп тауар айналым­нан шығарылады. Бұл оның тұты­нушының қолына тигенін ай­ғақтайды. Data Matrix коды болма­са, онда өнім контрафактілік тауар болып саналады. Цифрлық таңбалау халықтың саналы тұ-­
­т­ы­ну мәдениетін дамытуға да ық­пал етпек. Жалпы, таңбалауды ен­гізудің тұтынушы үшін де, мем­лекет үшін де, бизнес үшін де пайдасы мол.

– Қазақстанда аяқкиімді мін­д­етті цифрлық таңбалау осы жыл­дың 1 шілдесінде енгі­зі­луі керек еді. Алайда оның мер­­зімі қарашаға дейін шеге­ріл­ді. Біздің ел бұған дайын бол­мағаны ма сонда? Әлде бизнес ортақ талапқа көндікпей жатыр ма?

– Иә, аяқкиімді міндетті цифр­лық таңбалау 2021 жылдың шіл­десінде енгізіледі деп жос­пар­ланған болатын. Бірақ көптеген импорттаушы күз-қыс маусы­мына арналған тауарларға ше­телдік өндірушілерден алдын ала, яғни жарты жыл бұрын тап­сырыс береді. Сондықтан көк­темде тапсырыс берілген таң­баланбаған аяқкиімдер 1 шілдеге дейін Қазақстан шекарасынан өтпей қалу қаупі туындады. Осы­лайша, сала өкілдерімен өт­кізілген кеңестің нәтижесі бо­йын­­ша міндетті таңбалауды 1 қа-­­
ра­­шада жүзеге асыру шешімі қа­былданды.

Атап өтерлігі, қазақстандық аяқ­киім өндірушілер цифрлық таңбалауды енгізуді қолдап отыр. Қазіргі уақытта біздегі аяқ­киім тауарларының айналымы ке­ле­сідей: 96 пайыз – импорт, 4 пайыз – ішкі өндіріс. Аяқ­киім­­нің «көлеңкелі айналымы» ішкі нарықтың дамуын тежейді. Сон­дықтан тиісті шараларды қол­дану қажет.

Жалпы, цифрлық таңбалау­ды енгізу – контрафактілік өнім­дерден арылудың ең тиiмдi жолы. Ресми мәлімет бойынша, қазір контрафактілік өнімдер нарықтың 48,5 пайызын құрап отыр. Бұл жақсы емес, әлбетте.

– Алдағы уақытта сүт өнімде­рі де таңбаланады. Қанатқақты жоба да жүзеге асырылып жатыр. Десе де, кейбір сарапшылар «сүт өнімдері нарығында «кө­леңкелі экономиканың» үле­сі тө­мен, ендеше міндетті цифр­лық таңбалауды енгізудің қа­жеті шамалы» деген пікірді ал­ға тартуда. Бұған не дейсіз?

– Бір қарағанда, бұл саладағы 13 пайыздық «көлеңкелі айналым» басқа нарықтармен са­лыстырғанда аз болып көрінеді. Бірақ сүт – балалардың жиі қол­данатын әрі халықтың күнделікті тұтынатын өнімі. Бұл ретте Қа­зақ­станда сатылатын әрбір сегі­зінші сүт өнімі тұтынушының ден­саулығы үшін қауіп төндіреді. Сон­дықтан аталған мәселені тиім­ді шешудің бір жолы – цифрлық таң­балау. Бұл жерде заманауи тех­нологиялардың көмегіне жүгі­неміз. Олар сапасыз тауарларды шектеп, өндірушіден тұтынушыға дейінгі өнімдердің бақылануын арттырады.

Тағы да ескеретін жайт, Еура­зиялық экономикалық одаққа мү­ше елдер үшін 2021 жылдың ­1 мау­­сымынан бастап іргедегі Ресей аумағына таңбасыз ірім­шіктер ­мен ­балмұздақтардың әке­луіне тыйым салынды. 8 шіл­деден бас­тап Беларусь цифр­лық таңбалау­ды енгізді. Егер Қазақстан техноло­гияны енгізуге асықпаса, онда ЕАЭО елдерінің алдында бәсекелестіктің артық­шы­лығынан айырыламыз әрі көр­ші нарықтарға қатысуымыз шек­теледі. Керісінше, Data Matrix кодын енгізу қазақстандық өн­дірушілердің позициясын айтар­лықтай нығайтады.

– «Міндетті цифрлық таң­балау тауар бағасын қым­батта­тады» деген пікір де жиі айты­лып жүр. Бұл қаншалықты шын­дыққа жанасады? Баға қым­баттауы мүмкін бе?

– Бұл пікірлер шындыққа жа­наспайды. Мәселен, сүт өнім­дерін алайық. Қазіргі кезде атал­ған тауарлық топқа цифрлық таң­балауды енгізу бойынша қанат­қақты жоба жүзеге асырылып жатыр. Біз жоба шеңберінде жаб­дыққа арналған шығындарды есептедік. Нәтижесінде, бір желі үшін таңбалау жабдықтарының құны кәсіпорын мен өнімнің көлеміне байланысты 0,5 млн теңгеден 9,2 млн теңгеге де­йін өзгеріп отыратыны анық­талды. Сондай-ақ өнімнің түп­кілікті бағасындағы жабдық шығын­дарының үлесі 0,06-0,15 пайыз ғана болмақ.

Жалпы, бөлшек сауда баға­сына әсер ететін факторлар көп. Соңғы 5 жылда сүт өнімдері ба­ғасының орташа жылдық өсу қарқыны таңбалаусыз 6-13 пайызды құрады. Бұл бағаның тұрақты өсу тенденциясын көрсетіп отыр. Сондықтан тауарларды таңбалау мен қадағалауды енгізу өнімнің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер етпейді. Қайта тұтынушы өнім­нің шығарылуына және жа­рамдылық мерзіміне нақты көз жет­кізіп, сенімділігін арттырады.

Сондай-ақ сүт өнімдерін өн­дірушілер үшін таңбалау жаб­дықтарына және кодтарға тапсырыс беруге жұмсалатын шы­ғындардың 50 пайызына дейін өтем­ақыны қамтамасыз етуге мүм­кіндік беретін мемлекеттік қол­­дау шаралары қарастырыл­мақ.

Шағын өндіріске арналған тағы бір нұсқа – өндірістік же­ліге таңбалау кодтарын орнату жабдықтарын қоймай, кодты бас­пахана арқылы орнатуға тапсырыс беру. Бұл жағдайда таңбалау шығындары тағы 2,5-4 есе азаяды.

Аяқкиім де дәл солай. Бір жұп аяқкиім үшін цифрлық код тарифінің құны 2,68 теңгені құ­райды.

Біз бірыңғай оператор ре­тінде Қазақстан үшін аяқкиім шы­ға­­ратын 45 шетелдік зауытпен ке­ліссөз жүргіздік. Олардың көп­ші­лігі Ресей нарығына арналған аяқ­­киімді бір жарым жылдан бе­рі таңбалап келеді. Олар Қазақ­стандағы жаңашылдықтарға да дайын. Бұл ретте қазақстандық аяқ­киім импортының 61 пайы­зын құрайтын Қытай зауыттарын таңбалау қызметтерінің құ­­ны бір жұп үшін 70 теңгеге тең. Түрік за­уыттары Қазақстан үшін аяқкиімді 70-100 теңгеге таң­балауға дайын. Италиялық зауыттарда таңбалаудың ең қым­бат қызметі – шамамен 300-400 теңге. Бірақ бұл елден Қазақстанға ке­летін импорттың жалпы көлемі 0,3 пайызды ғана құрайды.

Ең қолайлы нұсқа – тауарды өндірісте таңбалау. Сонымен қа­тар импорттаушылардың Қа­зақстанға өнімді әкелген ке­зінде кедендік қоймада да таң­балау қызметіне тапсырыс беруге мүмкіндігі бар. Олардың қыз­меті импорттаушының жалпы көлеміне байланысты бір жұп үшін 30-300 теңге аралығында болмақ. Бұл сомаға жөнелту, сақ­тау, буып-түю, стикеттеу, сканерлеу және есепке алудың барлық қосымша шығындары кіреді. Яғни орта есеппен өндірушілер мен импорттаушылар үшін таңбалау шығындары бір жұп бағасының 0,1 -2,5 пайызын құрайды.

Қысқаша айтқанда, цифрлық таңбалау нарықта заңды түрде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің тауар бағасына аса бір өзгерістер әкелмейді. Алайда тауарларды қадағалау, бизнесті жоспарлау және дамыту мүмкіндіктерін арттырады.

– Бұған дейін елімізде тері және темекі өнімдері цифрландырылды. Соның нәтижесі қан­дай? «Көлеңкелі экономикамен» күресте оң әсері болды ма?

– Мемлекеттік кірістер коми­тетінің дерегіне сүйенсек, тері бұйымдарын қоса алғанда, киім-кешек саласындағы «көлеңкелі» нарық көлемі 54 пайызды құрайды. Таңбалау енгізілгенге дейін бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары еді. Таңбалаудың нәтижесінде қазір тері бұйымдарын сатудан түсетін салықтар мен кедендік төлемдер едәуір артты.

Ал темекі өнімдеріне қатысты қандай да бір нәтиже туралы айтуға әлі ерте. Өйткені темекі өнім­дерін міндетті цифрлық таң­балау 2020 жылдың қазан айын­да ғана енгізілді. Алдағы уақытта талдау жүргізіліп, тиісті қорытынды жасалады. Бір анығы, қазіргі күнге дейін 1 млрд темекі өнімі Data Matrix кодын алып үлгерген.

– Қазақстанның міндет­ті цифрлық таңбалау бағы­тын­дағы алдағы жоба-жоспарларымен бөліссеңіз. Тағы қандай тауарлар цифрлануы ықтимал?

– Жоспар көп. Қазір дәрі-дәр­мек, қапталған су, қант қосылған сусындар, алкоголь, жеңіл өнер­кәсіп және сүт өнімдері бойынша қанатқақты жобалар жүріп жатыр. Біз Еуразиялық экономикалық одақтағы кедергісіз сауданы қам­тамасыз етуге, елдер арасындағы тауар айналымын ашық етуге тиіспіз.

Тауарды сәйкестендіру және оның қайда шығарылғанын, қай­дан әкелінгенін түсіну және контрафактілік өнімдер елден елге өтпеуі үшін тауардың қоз­ғалысын қадағалау қажет. «Кө­леңкелі экономикаға» және кон­трафактілік өнімге жол бермеу тұтынушы тарапынан да жүруі тиіс. Өйткені адам денсаулығы, тауар сапасы және ел бюджеті бас­ты назарда болуы керек.

– Уақыт бөліп, әңгімелес­кеніңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»