Коронавирус • 29 Шілде, 2021

«Қызыл» мәртебемен қыдырып жүргендер көп

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қанша жерден айтылса да, Алматының сауда орындары індет жұқтыруда көш бастап тұр. Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин эпидемиялық ахуалды зерттеу нәтижелерін ортаға салған кезде тізім басында сауда орындары тұрғанын атады. Мегаполисте «жедел жәрдемдердің» зыр қаққан зарлаған үні қайта көбейсе де, той-томалақты тығып өткізіп, айласын асырғандай болып жүрген жұрттың қарасы бар.

«Қызыл» мәртебемен қыдырып жүргендер көп

«Базарларда науқастардың 16%-ы жұқтырады, инфек­ция­ның 19%-ын отбасылардағы бай­ланыстар таратып отыр. Үйге инфекция әкелген адамдар «үй ошақтары» деп атала­ды, балаларды да, үлкен туыс­т­арын да жұқтырады. Мен жыл басында балалар ара­­сын­да ауру өршитінін айт­қан­мын, бірақ көпшілік күмән­мен қара­ды. Егер өткен жылы барлығы 280 оқушы ауырса, биыл 5 700 бала індетке шал­дықты. Биыл 1 жасқа дейінгі 200-дей баланы вирус жұқтыр­ғаны анықталды», деді Ж.Бек­шин.

Алматыда да соңғы екі аптада вирус балалар мен жас­тар арасында белең алған. 14 жас­қа дейінгі балалардың үлес салмағы 1%-ға өсіп, жоғары дең­гейі 14%-ды құрайды. 40 пен 59 жастағы науқастанған азамат­тардың үлес салмағы да жоғары деңгейде – 25%.

Қаланың 2 500-ден аса нысанында жұмыс істеп тұрған Ashyq жүйесінің тиімділігі бар. Қалада карантин режімін бұз­ғаны үшін «қызыл» мәртебелі 80 тұрғынға айыппұл салынып, олардың аты-жөні Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтында да жарияланды.

Алматыда өткен аптада 14 күн бойы карантин шектеу­лерін сақтауға тиіс 200-ден аса адам қоғамдық тамақтану нысан­дарына баруға және елі­міздің басқа өңірлеріне ұшуға тырысқан.

QR-кодты Ashyq жүйесі арқылы сканерлеу кезінде қоғам­дық тамақтану орын­дарын­да «қызыл» 94 алма­тылық және «сары» 24 алма­ты­лық анықталды. Бұлар дәмхана мен мейрамханаларға кіруге тырысты.

«Неліктен біз қоғамдық та­мақ­тану орындарына бару уақытын шектедік? Бұл қала тұрғындарының бір-бірімен ұзақ уақыт байланыста болып, 5-6 сағат мейрамхана мен дәмханаларда болуына байланысты. Түнгі клубтарда таң атқанға дейін келушілер бар. Егер мекеме тапсырыс бойынша жұмыс істесе, бұл басқа мәсе­ле», дейді Ж.Бекшин.

Төртінші орында фитнес-орталықтары тұр, сондай-ақ бес кинотеатр жабылды.

Сонымен қатар Ж.Бекшин кәсіпкерлер қатарындағы Ashyq жобасының барлық қа­ты­су­шысы келушілерді тексеру­ге жауапкершілікпен қа­рамай­ты­нын айтты. Тексеру қоры­тын­дысы бойынша жобадан 300 қатысушы кәсіпкер шыға­рылды. Мекемеге кірген кезде келушілердің QR-код­тарын сканерлеу жүзеге асы­рыл­мағаны үшін жобаға кір­меуі де мүмкін.

Бас санитарлық дәрі­гер жобаның адал қатысушы­лары­на алғысын білдірді. Кә­сіп­керлердің заң бұзушы­лық­тары анықталған жағдайда Ashyq жүйесінен шығарып қана қой­май, нысанның жұмы­сын тоқтатады.

Карантинді қасақана бұзу­шыларға қатысты қатаң шаралар қабылданып жатыр. Жи­нал­ған материалдарды са­ни­тарлық дәрігерлер қыз­метін тоқтату үшін соттарға береді. Биыл барлығы 75 материал беріліп, 65-і бойынша шешім қабылданды.

 

АЛМАТЫ