Білім • 29 Шілде, 2021

Биыл бірінші сыныпқа 300 мыңға жуық бала барады

671 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің деректеріне сүйенсек, биылғы оқу жылында 300 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Қазіргі кезде мектептерге қабылданған өтініштер көрсеткіші шамамен осындай, деп жазады Egemen.kz.

Биыл бірінші сыныпқа 300 мыңға жуық бала барады

Департамент мамандарының дерегінше, 2014-2015 оқу жылының басында бірінші сыныпқа баратын оқушылардың болжанып отырған контингенті нақты айтқанда 277 575 баланы құрайды. Ал өткен жылы мектепке алғаш барған балалардың саны 270 мыңнан асқан. Департамент ұсынған статистикаға сүйенсек, республикада 7649 мектеп бар, оның 7307-і – жалпы білім беретін күндізгі мектеп. Мектептердің үштен екісі – 3796 мектеп қазақ тілінде, 1349-ы орыс тілінде оқытады. Министрлік мамандарының мәліметінше, 2014 жылдың 1 қыркүйегінде елімізде 68 жаңа мектеп ашылады. Шығыс Қазақстан облысында –18, Оңтүстік Қазақстан облысында – 17, Астана қаласы мен Қызылорда облысында алты, Атырау облысында тоғыз мектеп пайдалануға беріледі.

Мектеп формасына қатысты тиісті ведомство мамандары «Білім туралы» заңға сәйкес, оқушылар білім мекемесі бекіткен мектеп формасын сақтауға міндетті екенін айтады. Министрліктің мониторингіне қарағанда, 2012-2013 оқу жылында мектеп формасын 4,5 мың мектептегі 1,6 млн-нан астам оқушы (61%) киген. Өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 72 пайызды, яғни 5,4 мың мектептегі 1,8 млн оқушыны құраған. Киімнің саны мен үлгісіне қарай мектеп формасының орташа құны - 4,5 мыңнан 13,5 мың теңге аралығында. 

Ал мектеп формасын енгізу білім мекемесінің құзырында және ол мекеменің жарғысында міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Мектеп формасын енгізу туралы шешімді мектеп кеңесі мен ата-аналар және қамқоршылар кеңесі жалпымектептік ата-аналар жиналысында көпшілік дауыс бойынша қабылдайды. Киім үлгісі әр мектептің қалауына қарай таңдалады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасы балалары мектеп формасымен жалпыға міндетті оқу қоры қаражаты мен демеушілік қолдау есебінен қамтылады. Министрлік дерегі бойынша, бірнеше жыл қатарынан жүргізілген сауалнама нәтижесіне орай ата-аналардың 80 пайызы мектеп формасы болғанын қолдайды.