TOKYO2020 • 29 Шілде, 2021

Төртеу түгел болса...

1034 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Токио Олимпиадасына жолдама алған қазақстандық атлеттердің арасында Ольга Рыпакованың шоқтығы биік. Оны қалың оқырманға таныстырудың қажеті шамалы. Бұған дейін қатысқан Олимпиадаларда алтын (Лондон-2012), күміс (Бейжің-2008) және қола (Рио-2016) медаль еншілеген Ольга төртінші додадасына да жүлде алу үшін келгені анық. 

Төртеу түгел болса...

Әлем чемпионаттарында үш рет жүлдегер атанған жерлесіміз жабық ғимаратта өткен әлемдік додада да дәл осындай жетістікке жеткен. Рыпакова 2010 жылы Хорватияда өткен турнир­де үш қарғып секіруде 15,25 метрге се­кіріп, Азия рекордын жаңартты. Бү­гін­ге дейін бұл рекордты сары құр­лық­та ешкім бұза алмай келеді.

Ольганың халықаралық аренаға көтерілуі 2000 жылдың 17 қазанында бас­талды. Содан кейін Рыпакова Чилиде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысты. 2002 жылы Ямайкада өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Міне, бүгінге дейін 20 жыл бойы еткен ең­бек­тің ар­қасында жоғарыда айтқан жүл­де­лерге ие болды.

Пандемияға байланысты Олимпиада чемпионы соңғы екі жылда жарыстарға көп шыққан жоқ. Биыл Дохада өткен «Гауһар лигасы» кезеңіне қатысып, өз деңгейін бір байқады. Содан бері оны үлкен додалардан көре алмадық.

Токиодағы ойындарға келетін болсақ, белгілі бір нәтижені болжау мүм­кін емес. Егер Рыпакова 15 метрге секірсе, онда жеңіске деген мүмкіндік арта түседі. Тіпті биік тұғырдан көріп қа­луымыз да ғажап емес. Бүгінде үш қарғып секіруден венесуэлалық Юлимар Рохас 15,43 метрге секіріп, әлемдік рекорд орнатқанын ескерсек, Ольга үшін алтын медальдің ауылы алыс секілді. Ал «күміске» немесе «қолаға» қол жеткізуге жерлесіміздің мүмкіндігі бар.

Бүгін – Рыпакованың жарыс жолына шығатын күні. Олимпиада алдында «бар күш-жігерімді саламын» деген Ольга тым болмаса үздік үштіктен көрінсе екен деп тілейміз.