Өңірде Ashyq жобасына қатысып жатқанына қарамастан, демалыс және мереке күндері адам көп жиналатын бірқатар нысанның жұмысына шектеу қойылатын болды. 1 тамыздан өңірдегі мәдени нысандар, театрлар мен кинотеатрлардың жұмысы тоқтайды. Ал қоғамдық тамақтану орындары жұмыс күндері сағат 20.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Сондай-ақ көлемі 2 мың шаршы метрден асатын азық-түліктен басқа тауарлар сататын сауда орталықтарының, ашық және жабық базарлардың, сауна, СПА-орталықтар мен бассейндердің, термопарктің және жабық спорт нысандарының жұмысы шектеледі.
«Құрметті облыс тұрғындары, өздеріңізді күтіп, жақындарыңыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарауларыңызды, індетке қарсы іс-шаралардың талап-ережелерін сақтауға және COVID-19-ға қарсы уақтылы вакциналаудан өтуге кеңес беремін», деді облыс басшысы Архимед Мұхамбетов.
Штаб отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Айтбаевтың, Арқалық және Рудный қаласы мен Жітіқара ауданы әкімдерінің есебі тыңдалды. Сондай-ақ мониторингтік топтардың жұмысы талқыланды. Мониторингтік топ өкілдерінің сөзінше, 1 маусым мен 25 шілде аралығында өңірде 4 724 рейдтік іс-шара өткізіліп, карантин талаптарын бұзудың 190 дерегі анықталған.
Өңірдегі эпидемиялық ахуал жақсарған жағдайда тамыздың 14-іне қарай шектеу шараларын қайта жеңілдету туралы мәселе қаралады.
Қостанай облысы