Үкімет • 30 Шілде, 2021

Нұрлан Әбдіров Қарағанды облысындағы жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен кездесті

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров Қарағанды облысындағы жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұрлан Әбдіров Қарағанды облысындағы жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен кездесті

Сенат төрағасының орынбасары жаңадан сайланған ауыл әкімдері мен Ұлытау және Жаңаарқа аудандары мәслихаттарының депутаттарымен кездесті.

Нұрлан Әбдіров жүздесуде өткен сайлаудағы жергілікті билік органдарының өкілеттігі мен дербестігін кеңейтудегі маңыздылығын атап өтті.

«Елімізде ауыл әкімдерін сайлау аяқталды. Осылайша, біз жергілікті атқарушы органдардың дербестігін нығайтуға бағытталған сайлау процесінің бірінші және маңызды кезеңдерінен табысты өттік. Бұл саяси реформаны алғаш рет еліміз Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтар айында Парламент палаталарының бірлескен отырысында жария еткені белгілі. Мемлекет басшысы сол кезде азаматтардың шешім қабылдау процесіне ықпалын күшейту үшін осындай серпін берудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осыған байланысты жаңадан сайланған әкімдерге үлкен жауапкершілік жүктеледі», деді Нұрлан Әбдіров.

Жүктелген тапсырмаларды орындау аясында жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін нығайту үшін салықтар мен төлемдердің кейбір түрлері: бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер, жер учаскелерін жалдау құқығын сату төлемі төртінші деңгейге берілді.

Нұрлан Әбдіров кездесулерге қатысқан құқық қорғау органдарының өкілдеріне арнаған сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген, еліміздің құқық қорғау және сот жүйелерін реформалауға бағытталған заңдарды қабылдау депутаттар қызметінің маңызды нәтижелерінің бірі болғанын басып айтты.

Іс-сапар барысында сондай-ақ өңірдегі ауыл еңбеккерлерімен еліміздің мал шаруашылығын қолдау мәселелері мен облыстың ауыл шаруашылығы секторының даму проблемалары талқыланды.

Жақында Қарағанды облысында болған дала өртінің салдарымен күрес және өңірдің ондаған зардап шеккен шаруа қожалықтарына келтірілген залалды өтеу мәселелері көтерілді. Нұрлан Әбдіров келтірілген залалды бағалау және зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу жөніндегі жұмыстарды жеделдетудің маңыздылығына назар аударды.

Нұрлан Әбдіров