Коронавирус • 30 Шілде, 2021

Израиль әлемде алғашқы болып үшінші дозамен жаппай вакцинациялауды бастайды

231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Израиль өз тұрғындарын Biotech/Pfizer препаратының үшінші дозасымен вакцинациялауға дайындық жүргізуде, деп хабарлайды Egemen.kz, Бұл жөнінде елдің премьер-министрі Нафтали Беннет мәлімдеді деп жазады Reuters

Израиль әлемде алғашқы болып үшінші дозамен жаппай вакцинациялауды бастайды

Pfizer/BioNTech вакцинасының үшінші дозасын кемінде бес ай бұрын екі дозамен вакцинация курсын аяқтаған 60 жастан асқан адамдар ала алады. Сынақ аясында 2000 адам үшінші доза салдырды. Сынақ барысында қауіпті жанама әсерлер анықталған жоқ.

Беннет 60 жастағы Израиль Президенті Ицхак Герцог 30 Шілдеде препараттың үшінші дозасын алатынын мәлімдеді.

«Мен екі дозаны қабылдаған қарт адамдарды үшіншісін алуға шақырамын. Бұл ауру мен өлімнен қорғайды», деді премьер-министр.

Израиль әлемде алғашқылардың бірі болып халықтың көп бөлігін вакцинациялады. Сәуір айында халықтың 60 пайызы вакцина салдырды. 1 маусымнан бастап Израильдегі барлық карантиндік шектеулер алынып тасталды. Бірақ елде дельта штаммының таралуына байланысты 10 күннен кейін маска режимі қайтарылды.

Соңғы айда Израильде ауру күрт өсті, қазір елде күніне екі мыңға жуық жағдай тіркеліп отыр. Маусым айында күн сайын бірнеше ондаған адам ауруға душар болды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы деректердің болмауына байланысты үшінші дозамен вакцинациялауды ресми түрде ұсынбай отыр. Оның орнына дамыған елдер вирустың жаппай өршуі мен жаңа штамдардың пайда болуына жол бермеу үшін артық вакциналарды басқа елдерге жеткізе алады деп санайды.