Бүгін күрес түрлерінен бәсеке басталды. Әйелдер арасында 76 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан намысын Эльмира Сыздықова қорғаған болатын. Өкінішке қарай, алғашқы белдесуде Эльмира қырғызстандық Айпері Медетқызынан 2:8 есебімен ұтылды. Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Себебі Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Олимпиадада басты фавориттердің бірі еді.
Олимпиадада олжа салады деген әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов та қырғызстандық балуанға еш қарсылық көрсете алмады (0:8).
Ел мақтаған Елена Рыбакинаның Токиодағы соңғы ойынын көрдік. Теннисші қызға соңғы сәтте және соңғы сетте психологиялық дайындық жетіспеген сияқты(Есеп – 6:1, 6:7, 4:6). Қола медаль үшін өткен сайыста украиналық Элина Свитолинадан екінші сетте жеңілген соң үшінші сетке күші жетпеді. Бірақ сабырлылығы ұнады. Жеңсе де, жеңілсе де сол қалпы. Нағыз кәсіби спортшы. Әлемдік рейтингте үздік жиырмалықтың ішінде жүрген қазақстандық теннисші келесі Олимпиадада топ жаруы әбден мүмкін. Ал алда Елена US Open додасына қатысуды жоспарлап отыр.
«Өте ауыр матч. Есепте тағы да алда тұрдым, көп жағдайда ойынды сәтті аяқтау қиынға соқты. Физикалық және психологиялық тұрғыдан қиын болды. Бүгін қолымнан келгенше бәрін істеуге тырыстым, бірақ сәттілік жетіспеді. Кортқа шығар алдында аздап ауырып қалдым. Жалпы алғанда, бұл жақсы ойындарға толы керемет апта болды. Мен үшін үлкен тәжірибе болғаны анық. Әрине, жанкүйерлер қатыспағандықтан, корттағы атмосфера мүлде басқа. Парижде өтетін келесі Олимпиадаға қатысамын деген ойдамын», деді теннисші.
Спорттық гимнастикадан еркін жаттығуда бесінші орын алған Милад Каримидің жүлде алуға мүмкіндігі бар еді. Жаттығу кезінде ол үш рет қателесті. Милад орындаған жаттығудың қиындық коэффициенті – 6,400 ұпай. Ал қола медаль алған қытай спортшысы Cяо Жотеннің қиындық коэффициенті – 6,200 ұпай. Бірақ Милад қиындық коэффиценті жоғары болса да, жаттығуында қате жіберді. Ал Қытай спортшысы аз коэффициентті таза орындап, медаль алып кетті. Милад 22 жаста. Жарақаттан аман болса, Париж Олимпиадасында жүлде алатын бірден-бір үміткер болатыны анық.
Ширек финалға дейін жеткен төрт боксшымыздың екеуі кеше жартылай финалдық айқасқа шықты. 75 килодағы Әбілхан Аманқұл бразилиялық Эберт Консейсан Соузамен кездескен болатын. Өкінішке қарай, Әбілхан Олимпиаданың медаліне қол жеткізе алған жоқ. Тартысты өткен бәсекеде бразилиялық боксшы 3:2 есебімен басым түсіп, жартылай финалға өтті. Ал аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік Иван Верясовпен кездесіп, жерлесіміз 5:0 есебімен жеңіске жетті. Жартылай финалда Қамшыбек Қоңқабаев америкалық Ричард Торреспен кездеседі.
Айта кетейік, бұрнағы күні Сәкен Бибосынов (52 кг) пен Зәкір Сафиуллин (63 кг) ширек финалға жолдама алды.
Академиялық есуден Токио Олимпиадасына қатысқан жалғыз қазақстандық спортшы Владислав Яковлев жазғы ойындарды 19-орынмен аяқтады. Сондай-ақ садақ атудан ерлер арасында жекелей сынның 1/8 финалында Ильфат Абдуллин қытайлық Ли Джуа Лунге 5:6 есебімен жол берді. Қазақстандық жеңіл атлет Михаил Литвин Токио Олимпиадасында 400 метр қашықтыққа жүгіруден жартылай финалға шыға алмады. Михаил Литвин өзінің тобында 47:15 нәтижесімен 7-орын алды. Су добынан Қазақстан құрамасы Токио олимпия ойындарында Черногория құрамасына қарсы ойын өткізіп, 12:19 есебімен ұтылды. Айта кетерлігі, су добынан Қазақстан құрамасы осыған дейін Хорватия (7:23), Сербия (5:19) және Испании (4 :16) құрамаларына жол берді.