Аймақтар • 02 Тамыз, 2021

Кәсіпкерден пара алған шенеунік құрықталды

2434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл мәселеге баяғыда нүкте қойылуы керек еді. Глубокое ауданындағы «Прииртышье 1» ЖШС басшысы Виктор Леонтьев кәсібін дөңгелетудегі кедергілердің барын айтып, тиісті орындарға бір емес, бірнеше рет шағымданған. Енді міне, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары пара алды деген күдікпен құрықталды, деп хабарлайды Egemen.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Кәсіпкерден пара алған шенеунік құрықталды

Ресми порталдардағы мәліметтерге көз жүгіртсек, сот кабинетінде осы іс бойынша басты сот талқылауын 12 шілдеге тағайындау туралы 2021 жылғы 29 маусымдағы қаулы жарияланған. Ол жерде істі тоқтата тұру және тоқтату үшін ешқандай негіз жоқ делінген. Күдіктіні күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды.

Ал аудан әкімінің орынбасары 24 сәуірде «Прииртышье 1» ЖШС басшысы Виктор Леонтьевтің өтінішінен кейін ұсталған көрінеді. Ол лауазымды тұлғалардың орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қойғаны үшін ақша қаражатын бопсалау дерегіне және құны 56 миллион теңге болатын аудандық маңызы бар автожолдарды қысқы және жазғы күтіп-ұстау бойынша көрсетілетін қызметтерге тендер өткізу барысында оның кәсіпорны біліктілік талаптарына сәйкес келмеуін алға тарта отырып, заңсыз жарамсыз деп танылғанына шағымданды. Шын мәнінде, кәсіпорын 15 жылдан аса уақыт аудан жолдарына қызмет көрсетіп келген екен.

«Компания бұған дейін мемлекет меншігінде болып, жол жөндеумен айналысқан. 2019 жылы ғана жекешелендіріліп, тың күшпен жұмысқа кіріскен. Алайда, жекешелендіру шартының негізінде кәсіпорын 5 жыл ішінде мақсатын өзгерте алмайды. Оның мақсаты, аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау еді. Яғни, компания бұл жұмыстардан басқа жұмыстарды орындай алмайды», дейді компания жетекшісі Виктор Леонтьев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 23 адам жұмыссыз қалған. Ашпаған есігі, бармаған жері қалмаған соң Виктор Леонтьев Президентке жүгінуге мәжбүр болған. Мемлекет басшысы кәсіпкердің шағымын Бас прокуратураға тексеруді тапсырған. Нәтижесі міне, пара алды деген күдікпен аудан әкімінің орынбасары ұсталды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осылай жүзеге асса керек-ті. Тіптен, мемлекет басшысына жеткізбей-ақ облыс деңгейінде шешілетін мәселе еді. Оны қойдық, қол астындағы қызметкер күдікке ілінсе, басшылары ше, заң алдында жауап бермей ме?