TOKYO2020 • 02 Тамыз, 2021

Жеңілістер жеңіске бастай ма?

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Спорттың падишасы саналатын жеңіл атлетикадан медальдардың бірсыпырасы 2 тамыз күні өз иелерін тапты. Өкінішке қарай, жүлде алғандардың санатында қазақстандықтар тағы да жоқ.

Жеңілістер жеңіске бастай ма?

Кеше әйелдер арасында 200 метр қашық­тық бойынша іріктеу кезеңі өтті. Қазақстан сапынан қатысқан Ольга Сафронова тиісті межені 23,64 секундта бағындырып, өз тобында алтыншы болып келді. Бұл сында 1-3 орын алған спортшылар ғана жартылай финалға жолдама алды.

Ал 200 метр қашықтықта байдарка есуден Наталья Сергеева тиісті қашық­тықты 46,657 уақытта бағындырып, алтын­шы орынға тұрақтады. Нәтижесінде, қазақ­стандық атлет келесі кезеңге өткенімен ширек финалда жетінші орыннан көрініп, жартылай финалға өте алмады. Айта кетерлігі, Наталья Сергеева 4 тамыз күні 400 метр қашықтық бойынша жарыс жолына шығады.

Токио Олимпиадасында грек-рим күре­сінен белдесулер жалғасып жатыр. Ке­ше бозкілемге Демеу Жадыраев шықты. Ерлер арасында 77 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз жапониялық Якибу Сохейге жол берді. Тартысты белдесу 5:3 есебімен жапониялық балуанның пайдасына шешілді.

Екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан сапынан кілемге шыққан қос балуан да қарсыластарына алғашқы айналымда жол берді. Ұлттық құраманың бас бапкері Бақтияр Байсейітов газет оқыр­мандарына шәкірттерінің жеңілісін жат­тықтырушылардың тапсырмасын орын­дамағанымен түсіндірді.

«1 тамыз күні Мейрамбек Айнағұлов жаттықтырушылар тапсырмасын орындамады. Біз қатаң ескертіп, тыйым сал­ған әдіс-тәсілді кілемге шыққан сәт­те-ақ қолданды... Осылайша, өз қате­лігі­нің кесірінен қар­сы­ласына жол берді. Ал Демеу Жадыраев жапон балуа­нын ұпай санымен жеңіп тұрған. Соңғы сәтте қарсыласына есе жіберді. 30 секунд­тық үзіліс болған кезде бәрін тү­сіндіріп, белдесуді соңына дейін бермей, бақылауға алу керек екенін айтқан болатынбыз. Демеудің дәл осылай соңғы сәтте қарсыласына ұпай сыйлағанын біз де түсіне алмадық», деді бас бапкер.

Айта кетейік, грек-рим күресінен Олим­пия ойындарына Қазақстан үш жолдама жеңіп алған еді. Токио Олимпиадасына Мей­рамбек Айнағұлов (60 кг), Демеу Жады­раев (77 кг) қатысып, алғашқы айналымда жеңіліс тапты. Бүгін 87 килоға дейінгі сал­мақ дәрежесінде Нұрсұлтан Тұрсынов күре­сетін болады.

Байдарка мен каноэдан ерлер ара­сында 1000 м қашықтықтағы ширек финалдық сындар аяқталды. Аталған санат бойынша Қазақстан сапынан ағайынды Сергей мен Тимофей Емельяновтар қатысты. Ширек финалдың нәтижесі бойынша Қазақстан 3:55.157 көрсеткішпен төртінші орыннан көрінді. Мұндай нәтиже А финалына жолдама алуға жеткіліксіз болғандықтан, қазақстандық дуэт В финалында бақ сынайды. В финалы бүгін өтеді.

Кеше 50 метрге үш арақашықтан нысана көздеуден Юрий Юрков сынға түсті. Жерлесімізге сегіз спортшыға ғана жолдама берілетін финалдық кезеңге өтуге төрт ұпай жетпей қалды.

«Юрий нағыз жауынгер, ол ең соңына дейін берілген жоқ. Иә, финалға өту үшін небәрі төрт ұпай жетпей қалды. Бұл біздің де, спортшының да көңілін түсіргені анық. Бірақ бұл спорт, спортта кез келген нәтижені күтуге болады. Әзірге, бұл Юрковтың Олим­пиададағы ең үлкен көрсеткіші. Токио ойын­дарының өтетін уақыты да ұзап кетті, пандемияға байланысты дайындық кезінде де қиындықтар туды. Мұның бәрі де әсерін тигізген шығар. Енді жиналып, алдағы додаларға дайындаламыз», деді команданың бас бапкері Ольга Довгун.

Су добынан Қазақстан құрамасы үшін Токио Олимпиадасы сәтсіз аяқталды. Кеше­гі күнге дейін отандық ватерполшы­лар Испания, Сербия, Черногория және Хорватия коман­даларына жол берген еді. Іріктеудің соңғы кезеңінде де Александр Шведов шәкірттері сол жүрісінен «жаңылмай», Аустралияға қарсы кездесуде 7:15 есебімен жеңіліске ұшырады.