Білім • 03 Тамыз, 2021

«Қазақстан мұғаліміне» – 1 млн доллар

834 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің ең үздік ұстазын анықтап, оны қолдау, педагог мәртебесін көтеру мақсатында байқау жарияланды. Жобаның жеңімпазына 1 млн доллар тұратын «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы тағайындалады.

«Қазақстан мұғаліміне» –  1 млн доллар

Аталған жобаға бастамашы болып отырған – Қоғамдық маңызды жобаларды дамыту қоры. Ал Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан бас серіктес ретінде бастамаға қолдау көрсетпек.

Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрағасы Ермек Мәжитов:

– «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы – 1 млн долларлық жүлде қоры бар Нобель сыйлығының баламасы. 2019 жылы Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының құрылтайшысы Әлия Назарбаеваның бастамасымен жаһандық сыйлықтың ұйымдастырушыларымен меморандумға қол қойылды, оның аясында «Қазақстан мұғалімі» ұлттық жобасы ұсынылды. Жоба педагогтер еңбегінің беделін, мәртебесін арттыру, сондай-ақ жаһандық деңгейге шығаруды көздейді. Біздің ұстаздарымыз әлемдік сыйлықтарға, дүниежүзілік деңгейде танылуға лайықты. Мұғалімдерден өтінімдерді қабылдау сәуір айынан 15 тамызға дейін жалғасады. Әрбір мұғалім осы жобаға өз бетінше қатыса алады, өз өтінімдерін мектеп әкімшілігінің шешімінсіз немесе қатысуынсыз, бөлім немесе білім басқармасы немесе Білім министрлігі тарапынан берілген ұсынымдарсыз бере алады. Яғни әр мұғалім тең жағдайда қатыса алады, – деді.

Спикер Е.Мәжитовтің мәлімдеуінше, тәуелсіз судьялар Академиясының көмегімен топ-50 мұғалім іріктеліп алынады, содан кейін 10 финалист анықталады, олар 24 қыркүйекте Алматы қаласында өтетін марапаттау рәсіміне шақырылады. Жеңімпаздар мен 10 финалист «Әлем мұғалімі 2022» жаһандық сыйлығының номинанты атанады.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Бас­қарма төрағасы Лима Диас «Қазақстан мұғалімі 2021» ұлт­тық сыйлығы аясында үкіметтік емес ұйымдарға 30 шағын грант (әрқайсысы 1,2 млн теңге мөлшерінде) ұсынатынын жеткізді.

– Біздің басты миссиямыз – азаматтық қоғамды да­мытуға жәрдемдесу. 2016 жылы құрылған сәттен бас­тап Орталық түрлі әлеуметтік бағыттар бойынша 300-ден аса гранттық жобаларды іске асырды, оның ішінде білім беру саласына қатысты әлеуметтік жобалар да бар. «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығын өткізу шеңберінде барлық мүдделі тараптарға білім беру процестері мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі әлеуметтік маңызы бар проблемаларды анықтауға, оны шешудің жолдарын педагогтердің тікелей қатысуымен әзірлеуге мүмкіндік беріледі. Педагогикалық қоғамдастық пен азаматтық қоғамның, яғни үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен тиімді жұмысы болмаса, мұндай мәселелерді толыққанды шешу мүмкін емес. Осыған байланысты жаңа идеялар мен бастамалардың серпінін ілгерілету мақсатында Орталық Samruk Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының қолдауымен үкіметтік емес ұйымдарға 30 шағын грант (әрқайсысы 1,2 млн теңге мөлшерінде) ұсынады, – деді Л.Диас.

Орталық өкілінің айтуынша, шағын гранттар жобаға қатысушы мұғалімдердің білім беру процесін, оқыту жағдайларын жақсарту және елдің шалғай аудандарындағы ауылдық мектептердегі оқушылардың білімін жан-жақты дамыту жөніндегі бастамаларын іске асыруға бағытталады. Шағын гранттарды 2021 жылдың қыркүйек-желтоқсан аралығында жүзеге асыру жоспарлануда. Оператор ретінде Орталық шағын гранттар беру үшін ҮЕҰ арасында конкурс өткізеді, сондай-ақ жобаға қатысушы педагогтермен бірлесіп гранттардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді. Жобалардың іске асырылу барысы Орталықтың интернет-ресурстарында жарияланып, нәтижелері қоры­тын­ды есептік іс-шарада ұсынылады.

Білім және ғылым министрлігі жанындағы Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев «Қазақстан мұғалімі» ұлттық байқауының өткізілуі ведомство тарапынан қолдауға ие болып отырғанын жеткізді.

– Министрлік конкурстың барлық кезеңін ұйым­дас­тыруға және өткізуге қолдау көрсетеді, сондай-ақ конкурстың салтанатты жабылу рәсіміне ведомство өкілдері қатысады. Қазіргі кезде барлық білім беру ұйымы осы конкурс туралы педагогтер арасында түсіндіру жұ­мыстарын жүргізіп жатыр, – деді ол.

Еске сала кетейік, байқауға қатысу үшін www.teacherprize.kz сай­ты­на кіріп, өтінім беру керек.