Коронавирус • 03 Тамыз, 2021

Өзімізге өзіміз жасаған қастық

587 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүкіл әлем індетпен күресіп әлек болып жатқанда ебін тауып екі асайтын әккілер қалталарын қалыңдатып жүр. Себебі соңғы кезде жалған екпе құжаты мен ПТР-тест нәтижесін жасайтын алаяқтардың қара базардағы саудасы қыза түскен. Бұл сөзімізге БАҚ-та күн сайын «жалған вакцина паспортын жасағандар анықталды» деп аймақтары ғана жаңарып отырған жаңалықтар легі дәлел бола алады.

Өзімізге өзіміз жасаған қастық

Таяуда осыған ұқсас тағы бір дерек Түркістан облысында тіркелді. ІІМ Тергеу департаментінің әскери-тергеу басқармасы медициналық құжаттарды қолдан жасап, жалған анықтамаларды сатумен айналысып келген осы өңірдің үш тұрғынын қолға түсірді.

Алаяқтықпен айналысқан үштік­тің біреуі – Сарыағаш аудандық ауруханасының медбикесі. Олар Қа­зақстан мен Өзбекстанның мем­лекеттік шекарасын кесіп өтуге рұқ­­сат беретін медициналық құжат­тарды, соның ішінде Қазақстан Рес­публикасының медициналық меке­мелерінің шақыру анықтамаларын қолдан жасап, 3 мыңнан бастап, 8 мың теңгеге дейінгі бағамен сатқан. Ал бұл жалған құжат мемлекеттік шекарадан емін-еркін өтуге мүмкіндік берді.

Полиция қызметкерлері медбике­нің тұрғылықты жері мен жұмыс орнын тінту кезінде сатуға дайындалған, алдын ала мөр басылған 1200-ден астам медициналық бланкті тауып, тәркілеген. Қазіргі таңда бұл қыл­мыстық іс бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілу үстінде.

Рас, қазір көптің COVID-ке қарсы күрестегі бар үміті – ұжымдық иммунитет қалыптастыратын вакцина салдыру. Алайда арам ниеттілер осы үміттің өзін күдікке айналдырып, пайда табу үшін кейбір «жү­рек жұтқандары» тіпті қызметтерін сайт­тар мен әлеуметтік желілерде жарнама жасау арқылы ашық ұсына бастаған.

Ішкі істер министрінің орынба­сары Арыстанғали Заппаровтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері әлеу­меттік желілерде және мес­сенд­­жерлерде жалған вакциналау пас­порттарын немесе ПТР анықта­ма­ларды сату туралы 62 хабарландыру анықталған.

Ведомство өкілі интернет-ре­сурс­тарды мониторингілеу жұмыс­тарының қарқынды жүргізіліп келе жатқанын да мәлімдеді. Бүгінде ІІМ және оның аумақтық бөлімшелерінде жалған құжаттарды сату жөніндегі хабарландыруларды анықтау бо­йынша тұрақты мониторингтік топтар жұмыс істейді. Жыл басынан бері мұндай топ 144 мың рейд өткізіп, карантинді бұзуға қатысты 22 мың оқиғаның жолын кескен. Сондай-ақ ойын-сауық мекемелерінің жұмыс тәртібін бұзуға қатысты 8,5 мыңға жуық факт тіркелген болса, оның 2 мыңға жуығы той өткізуге қатысты болып отыр.

Соңғы уақытта құзырлы орган­дар жалған ПТР-тестілері мен вакци­налау паспорттарын қолдан жасау және пайдалану фактілерін әшкерелеп, бұл алаяқтықтың ал­дын алуға ерекше ден қойып отыр. Өйткені вакциналан­баған адам­дар­дың арамызда жүруі, жалған анық­тама саудасының қыза түсуі ауру­ды асқындыра берері айтпаса да түсінікті. Бүгінде ІІМ, Ұлттық қауіп­сіздік комитеті, Бас прокуратура, Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрлік­тері, Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл, Қаржылық мониторинг агенттіктері өкілдерінен құрылған ведомствоаралық арнайы жұмыс ­тобы жалған вакциналау паспортта­рын және ПТР анықтамаларды беру немесе қолдан жасау фактілері туралы ақпарат жинаумен айналысып жатыр.

Күн санап көбейіп бара жатқан ­бұл кеселге сұраныстың азаймай тұрға­­ны да көңілге қаяу түсіреді. Басқаша айт­қанда, жалған анықтаманы сатып алуға тырысып, алаяқтарға өз­дері арбалып жүргендер қалыпты өмір­ге қайта оралудың төте жолынан гөрі, індетті таратудың қатерлі соқпағын таңдаудан танбай келе­ді. Бұл келеңсіз көрініс жалған екпе алғандармен қоғам болып күресудің өзі өзекті проблема екендігін аң­ғар­тады. Осыған орай, ішкі істер ор­гандарының жедел және тергеу бөлімшелері жалған құжаттарды сату фактілерін анықтауға бағытталған түрлі жедел-іздестіру іс-шараларын қарқынды жүргізуге бел буған. Атап айтқанда, полиция қызметкерлері медициналық орталықтар, емханалар, вакцина алу пункттерін жіті тексеруде.

Жалған құжат жасатуға қатысты тәртіп сақшылары жыл басынан бері 86 қылмыстық іс қозғаса, оның 39-ы вакциналау паспортын және 47-сі ПТР анықтамасын қолдан жасау бойынша. Қылмыстық кодекстің 385-бабында көрсетілген – жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөр­лерді, блан­кілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауап­кершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

COVID-19 адамзат өміріне айтар­лықтай өзгерістер әкелді. Қа­лыпты өмір салтымызға індет өз тү­зетулерін енгізді. Әлем өзгерді. Де­ген­мен саналы азаматтардың бәрі де екпіні қатты індетке қарсы күрес жүргізіп келеді. Жалған құжат жасатумен емес, жаппай екпе салдыру арқылы. Ал пандемияның талаптарына мойынсынғысы келмейтіндер эпидемиялық жағдайдың екінші жағын – көлеңкелі тұсын қоюлатып жіберді. Себебі осы аурумен байланысты қылмыстың жаңа түрлері шыға бастады. Жалған құжат жасату, оны сату мен алаяқтық бұрын­нан бар болғанымен, адам өміріндегі ­ең маңызды әрі қымбаты – денсаулық­ты сан түрлі қитұрқылықпен құрту қай заңнаманың қалпына сыяды екен? Бүкіл әлем індетпен әуре болып жатқанда тығылып той тойлап, жалған анықтама жасатып алып, жұрттың ортасында алаңсыз жүру қылмыспен пара-пар қарекет екендігі санамызға қашан жетеді? Біле білсек, бұл өзімізге өзіміз жасап отырған қастық емес пе?!