Альпинизм – Олимп додасына жаңадан қосылған бес спорттың бірі. 2016 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің кезекті отырысында Олимп бағдарламасына кіргеннен кейін бұл спорт түрінің дамуы жылдам қарқын ала бастады. Елімізде альпинизммен кәсіби түрде шұғылданатын Әмір Маймұратов, Бекнұр Алтынбеков, Әлішер Мұрат, Тамара Олжабаева және Әсел Марленова сынды сандаған спортшы бар. Солардың арасында Ришат Хайбуллиннің шоқтығы биік.
Қазақстан атлеттері аталған спорт түрінен алғаш рет 2018 жылы Азия ойындарына қатысқанымен, жеңіс тұғырынан көріне алмады. Араға бір жыл салып Жапонияда өткен әлем чемпионатында Ришат Хайбуллин үздік жеті спортшының қатарына ілігіп, Олимпиадаға жолдама алды.
«Қазір бабымдамын. Жоспарланған жарыстарға қатысып, шыңдала түстім. Әлем кубогінде жақсы нәтиже көрсетіп, алға қойған мақсатымды толық орындадым. Сондай-ақ халықаралық жарыстардағы тәжірибем де арта түсті. Шыны керек, қандай да бір спортшыны басты қарсыласым деп айта алмаймын. Ең алдымен, өз-өзіңді жеңуің қажет қой. Сондықтан негізінен өз-өзіммен жарысамын», деді Хайбуллин.
Кейіпкеріміз Олимпиада алдында Чехия кубогіне қатысып, «қиындық» жаттығуы бойынша күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ Швейцарияда өткен әлем кубогында сегізінші орыннан көрінді.
Алты жасынан бастап құзға өрмелеумен шұғылданатын Ришат бүгінде Олимпиадада жүлде алады деген спортшылардың қатарында. Егер де бағы мен бабы қатар шапса, жерлесіміздің жетістігіне сүйінші сұрайтын күн де жақын деген үміттеміз. Қысқасы, үмітіміз үзілген жоқ әлі.