Жолды жауып тастаған ақ түтек боранның астында тізеден қар кешіп, көліктердің алдында аласұра жүгіріп жүрген сары жолақты күртелі полицейді жүргізушілердің бірі авторегистраторға түсіріп алған сыңайлы. Бұл бейнежазба сол күні-ақ әлеуметтік желіге таралып кетті.
Қарлы боран көтерілген 18 ақпан күні қаланың ішінде қалыпты қызметін атқарып жүрген аға лейтенант кезекші бөлімнен Юбилейный шағын ауданының маңайындағы жол-көлік оқиғасы болған жерге жет деген нұсқау алады. Жаңа шағын ауданның маңайындағы боранның екпіні қала ішіндегіден екі есе күшті. Дүлей боран таңертең ғана сайрап жатқан жолды жауып тастаған. Межелі шағын ауданға жеткен Амантай қалаға кіріп жатқан көліктер легінің алдында бірнеше автокөліктің жол шетіне шығып, қарға батып қалғанын көреді. Олар кейінгілердің жолын бөгеп, ұзыннан-ұзақ көлік кептелісі пайда болыпты. Полиция аға лейтенанты сол жердегі жүргізушілердің көмегімен жол шетіне шығып қалған көліктерді қолмен итеріп шығарып, жол қозғалысын ретке келтірмек болады. Бірақ көлік ішіндегілер жолдан адасып, шетке батып қала берген соң, әр көліктің алдына түсіп, жаяу жүгіріп жүріп жол көрсетуіне тура келді.
– Өйткені жол қалың қардың астында қалды, оның үстіне таяқ тастам жер көрінбейді, қайда қарасаң да алай-дүлей ақ түтек. Мұндай қысылтаяң сәтте көп ойланып тұруға болмайды. Ұзын-сонар кезекте тұрғандай, орнынан жылжымай тұрған кептелісті қалайда жөнге келтіру керек. Бірінші тұрған көліктің алдына түсіп, жүргізушіге қол бұлғай отырып жол көрсете бастадым. Содан көлік жылдамдығын үдете бастаған соң, жүгіруге тура келді. Ол көліктің соңынан өзге көліктер де жылжи бастады. Осылайша, жолдың қауіпті тұсынан шығып, мен – жаяу, жұрт көлікпен үш шақырымдай жол жүріп, қаланың ішіне кірдік. Көлік тізгінінде отырған адамдар үстімдегі сары жолақты күртені ғана көріп отырыпты, – деді полиция инспекторы.
Ақпанның ақ боранымен арпалысып жүріп, алпыс шақты көлікті қар құрсауынан құтқарған Амантай осыдан кейін көпшіліктің алғысына бөленіп, Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін омырауына тақты. Ал облыстық Полиция департаментінің басшылығы қызметтік борышын мүлтіксіз атқарған полицейге алғыс жариялап, атаулы қолсағат табыс етті.
Осы орайда Амантайдың тағы бір ерлігін айтпай кетпеске болмайды. Оның өткен жылдың сәуір айында әріптесі Жанболат Жаутинмен бірге патрульдік қызметін атқарып жүріп, өртке оранған екі қабат үйдің ішінен 15 адамды аман-есен алып шыққанын көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Түн жарымда қызыл жалынға орана бастаған үйдің қоршауынан секіріп түскен Амантай есікті теуіп сындырып, тарс ұйқыда жатқан адамдарды оятып, ояна алмағандарын далаға көтеріп шығарған.
– Амантай бірінші болып кіріп кетті де, ең алдымен 5 жасар баланы алып шықты. Одан кейін өртеніп жатқан үйге мен де кірдім. Тілсіз жаумен арпалысып жүргенде үстіміздегі киміміз жанып, екеуміздің де қолымызды от қарып, күйік шалды. Амантай иығына дейін күйдіріп алды. Ет қызумен жүргенде оны елең қыла қоймадық, – дейді Жанболат Жаутин.
Кейін Амантай мен Жанболатты іздеп тауып алған өрт шалған үйдің тұрғындары екі полицейге алғыстарын жаудырып, облыстық Полиция департаменті басшылығына оларды арнайы марапатқа ұсыну туралы өтініш білдірген. Көп кешікпей қос лейтенант Ішкі істер министрінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталған.
Амантай Байжановты «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына осы жобаның өткен жылғы жеңімпазы Динара Шүкіжанова ұсыныпты.
– Жобаның жеңімпазы болдың дегенді алғаш естігенде өз құлағыма өзім сенбедім. Қарапайым полиция қызметкерлерінің ішінде тұңғыш рет осындай құрметке бөленген мен ғана шығармын. 30 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында жеңімпаздарды ресми марапаттау рәсіміне қатыстым. Бізді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, баршамыздың ел игілігі үшін адал еңбек етіп, бұдан да жоғары табыстарға қол жеткізетінімізге сенім білдірді, – деді Амантай Байжанов.
Оның айтуынша, патрульдік қызмет барысында оқыс оқиғалар кездесіп тұрады. Ондайда қауіп-қатерге бас тігуге тура келеді. Былтыр 10 сәуірге қараған түні Амантайдың басынан дәл осындай тағы бір оқиға өткен еді.
Түн жамылған үш қарақшы облыс орталығындағы Амангелді көшесінен «Текстильщик» саяжайына дейін «Индрайвер» таксиіне тапсырыс береді. 38 жастағы жүргізуші мінген «Лада Калина» автокөлігі келген соң, күдіктілердің екеуі – артқы орындыққа, біреуі жүргізушінің жанына жайғасады. Такси межелі жерге келіп тоқтаған соң, артта отырғандардың бірі жүргізушінің мойнына арқан салып, ақша талап етіп, қылғындыра бастаған. Сәтін салғанда, жүргізуші мойнын қиып бара жатқан қыл бұраудан сытылып шығып, полицияға хабарлап үлгереді. Абдырап қалған қаскүнемдер көліктегі екі ұялы телефон мен регистраторды алып, із суытады.
Бұл туралы хабар алысымен «Текстильщик» шағын ауданына жақын маңайда қоғамдық күзет қызметінде жүрген полиция аға лейтенанттары Амантай Байжанов пен Жәнібек Мырзахметов дереу оқиға орнына жетеді. Алдымен жәбірленушіден күдіктілердің түр-тұлғасы, бет-әлпеті туралы мәлімет алып, оны барлық күзет бекетіне жіберген полиция патрулі үш қарақшының ізіне түседі. Жақын маңайдағы қуыс-қалтарыстың бірін қалдырмай сүзіп шыққан тәртіп сақшыларының көлігі Қорған көшесіне бұрылады. Анадайда суыт жүріп бара жатқан екі адам полиция көлігін көре сала қаша жөнелген. Алайда екеуі де алысқа ұзай алмады, тәжірибелі тәртіп сақшылары қуып жетіп, көзді ашып-жұмғанша екеуінің де қолына кісен салып үлгереді. Күдіктілер полиция бөліміне жеткізіледі. Сәлден соң бөлімшеге келген такси жүргізушісі екі қарақшыны бірден таныған. Із суытып үлгерген үшінші қарақшы кейін өз пәтерінде ұсталған. Күдіктілердің үшеуі де Қостанай облысының бұрын сотталған 20-24 жас шамасындағы тұрғындары болып шықты. Қазір қарақшылар темір тордың арғы бетінде отыр. Ал полиция аға лейтенанты Амантай Байжанов қоғамдық тәртіп күзетіндегі қарбалас қызметін жалғастырып жүр.
– Жұбайымның есімі Гүлнар, екеуміз Арслан есімді ұл тәрбиелеп отырмыз. Қызмет бабымен жүріп, үйде көп бола алмай қаламын. Гүлнар мұндайға әбден үйренген. Мен оған полицейдің жары бесаспап болу керек деп әзілдеймін. Бірақ қызметтен босай қалсам, отбасыммен бірге табиғат аясында, Тобыл жағасында таза ауада серуендеп, бос уақытымды пайдалы өткізуге тырысамын. Бірақ мұндай сәттер өте сирек. Өйткені жұмыс қауырт, – дейді тәртіп сақшысы.
Қостанай облысы