Өнер • 03 Тамыз, 2021

Құрбандықтың құрдымы...

1206 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өнер мұраты таң қалдыру болған соң адамзат баласы оған тым биік талаптар қояды. Соның бірі – «құрбандық жаса» дейтін талап. «Өнер құрбандықты талап етеді, ғажап, өлмес өнер тудырғың келсе, бодауына бірдеңе бер» дейді талапшыл, «ақылды бастар» шімірікпестен. Мың-миллион бояулы сезімдер мен салмағы керуенге жүк боларлық ойларды бастан кешетін өнер иесіне «бірдеңеңді қи» деу қисынды ма?

Құрбандықтың құрдымы...

Бірақ қоғамдық пікірдің үс­тем­дігінен кейбір тұжырымдар мен пікірлер мәңгіге бекіп, шеге­леніп қалады. Оның зардабын жас сана немесе жартыкеш сана тартып жатады. Өзін «өнер адамы» санайтын солар көпшілікті таңғалдыратын өнер тудырмай жатып, «құрбандық беруге» бе­йіл болады. Өз басым осы бір зұ­лым талаптың астарынан хаосты көрем...

Рас, өнердің арғы-бергі тарихында биік өнер тудырып, адамзатты таңғалдыру үшін азды-көпті құрбандыққа барған ерекше талантты адамдарды санап тауысу қиын. Оның ішінде суретшілердің аса ауыр тағдырын оқып отырып, жаның қиналып кетеді. «Мына­дай тамаша туындыны өмірге әкелген адам осыншалықты ессіз бе еді?» дейсің. Олар неге адам түсініп болмайтын аномалия­лық әрекеттер жасаған? Таңдап алған жалғыздықтарын жар етіп, үнемі ашқұрсақ жүру, ноқтаға басы ­сый­май, «ел аралаймын» деген сыл­таумен қаңғи беру, ең соңын­да қа­йыршылықпен тіршілік­тегі сапарын аяқтау солардың жаз­мышы сияқты қабылданады. Ондай суретшілер өте көп, тіпті арғы дәуірді айтпағанда, он то­ғы­зыншы ғасырдың ортан белі­нен былай қарай есептесең де, тағ­дыры тәлкекке түскен таны­мал суретшілердің есебінен жа­ңы­ласың. Тіпті олар туралы зерт­теулерді шолсаң, дәл сол сурет­ші, мысалы, нидерландық атақты Винсент Ван-Гог отыз жеті жасында өз өзіне қол салғаны әбден қисынды сияқты. Өнер одан сон­дай құрбандықты талап етті! Екі мыңнан астам туындыны өмірге әкелу үшін ол қарапайым адами ба­қытты сезінбеуі керек еді... Сол сияқты небары елу төрт жыл өмір сүрген атақты Поль Го­­ген­нің де қаңғыбас ғұмы­рын, ыл­ғи кедейлікпен бетпе-бет ке­­луін, табиғатпен табысу үшін қа­­ла­лық өркениеттен, қоға­мы­­нан, үйінен баз кешіп, ақыр со­ңында Полинезия аралдарында деп­рессияға түсіп, жазылмайтын ауруға ұшырап қайтыс болуын да зерттеушілер «өнерге деген адалдық», «өмірін өнер жолына құрбандыққа шалды» деп қа­растырады. Қызығы, екеуі де өлген соң аса танымал өнер иеле­рінің қатарына қосылып, туындылары жоғары бағалана бастайды...

Француз әлеуметтанушысы әрі философы Эмиль Дюркгейм «гений» және «жынды» деген ұғымдар бір-біріне өте жақын дейді. Өйткені оның ойынша шығармашылық есалаңдықпен шектеседі. Талантты өнер иелері шығармашылықтың нәтижесімен емес, шығармашылық үдерістің өзімен шабыттанады. Оның біт­кен туындысы қалай бағалана­ды, оны қолдап-қолпаштайды ма, жоқ әлде елеусіз қалдыра ма – мі­не бұл екінші кезектегі мә­селе. Дюркгейм шын мәніндегі шы­ғармашылықтың соңына түс­кен адам ауытқып кетуі мүм­кін не­месе өз өмірін суицидпен аяқ­тайды деген тұжырым айтады әрі оған ең атақты фило­соф­тардың, жазушылардың, су­ретшілердің өмірінен мысалдар келтіреді.

Әрине, аса талантты адам­дар­­­дың өнер үшін құрбандық­қа баруының астарында олардың «ес­­алаңдықтарынан» бөлек көп­те­ген факторлар бар екені анық. Бірақ таланттың физиологиялық және психологиялық, әлеуметтік жай-күйі айтылғанымен, оған әсер еткен саяси және қоғамдық факторлар терең тұрғыда талдана бермейді. Сол үшін ең алдымен таланттың «бүлінген психоло­гия­сы» назарға алынып, «құр­бан­дыққа бару, құрбан болу» қалып­ты жағдай сияқты қабылданады. Бірақ бұл шынымен солай ма? Әлем әдебиетінде осы жағдайды шеберлікпен, тереңдікпен суреттеп, оқырманға өзгеше ой айта білген жазушылардың қатарында Акутагава бар емес пе еді?

Оның кейіпкері Есихидэ су­ретші, яғни «Тозақ азабының» ке­йіпкері өнер үшін тым қымбат құн төлейді. Бірақ жазушы осы бір жан түршігерлік туындыны жазғанда өнер адамының құр­бан­дыққа баруы туралы идеяны на­сихаттамаған деп сеніммен айта аламыз.

Есихидэ өз заманының бел­гілі суретшісі еді. Сол жылдары жасы шамамен елуге келген, сіңіріне ілінген арық қара шал­дың қабағы ашылмайтын. Аку­тагава осы кейіпкерін жан-жақ­ты, барлық жанама тәсілдерді пай­даланып ерекше сипаттаған. «Оның мінезінің сиқы мынадай еді. Су шығармас сараң, ұялу­ды білмейтін бетпақ, жалқау, ашкөз, ол аз болса шадыр, өркөкірек. Бү­кіл елде менен асқан суретші жоқ деп ойлайтыны бар болмысы­нан көрініп тұратын. Егер бар мәселе сурет өнеріне тіреліп тұрса бірсәрі ғой. Басқа мәселелерде де өзеуреп қоймайтын». Шығарма­да суретшінің шәкірттері айтқан әңгі­мелерден бастап, «дейдіге» сүйенетін сарай маңының өсек­терінің өзі оның бейнесін ашу­ға қызмет етеді. «Ақсүйек әйел­дің үйінде әйгілі абызғайша Хига­киге құдай аян беріп, ол жан түр­шігерлік дауыспен болжау жасай бастайды. Сөйтсе суретші құлақ қойып тыңдағанның орнына қыл­қа­ламын алып, абызғайшаның әлем­тапырық жүзін салуға кірі­сіпті». «Айтулы суретші болу үшін бар қызықтан бас тартып, бұл дүниеден түк көрмей өтейін деп құдайға ант беріпті» дескен сы­быстарды да айналасы тарата­ды. Тіпті кейбіреулер Есихидэ жұмыс істеп жатқанда жасырын қарап тұрсаң, оның төңірегінде түрлі сайтан-ібілістердің елестері жүргенін байқайсың деген әңгі­мелер айтады.

Құдай ана Киссетэнді кес­кін­дегенде жай бір жеңілтек әйел­дің суретін сала салуы, Фудо құ­дайдың түрін қаныпезерден айнытпай қоюы, шәкірттеріне түрлі тәжірибелер жасап, олардың қорыққан, шошыған кездеріндегі суреттерін кескіндеуі де суретші туралы біраз мәлімет береді. Осы бір ерні қып-қызыл, түр-тұлғасы әлдебір хайуанға ұқсайтын су­ретшіні ешкім жақсы көрмейді. Жақ­сы көрмек түгілі, сыртынан ке­ле­междейді, мазақ етеді. «Сару­хидэ» (маймыл) атандырады. Ол туралы өсек-аяңдар таратады. Бірақ бейнелеу өнеріне басы бүтін берілген оның өзі туралы өсек-аяңдарды тыңдауға, «жауап беруге», біреулермен қастасуға уақыты жоқ еді. Оның бар мұраты – көрген адамды таң қалдыратын, сиқырымен баурап алатын өнер тудыру.

 Жазушы Есихидэні ақтап алу­­ға, оның жақсы қасиеттерін тіз­белеуге тырыспайды. Кері­сінше, түсініксіз, сүйкімсіз, кес­пір­сіз, «біртүрлі» адамның бейне­сін жасайды. Себебі түсінікті. Басқаша ойлайтын «біртүрлі» адамдардың қоғамда сүйкімі бола бермейтіні түсінікті. Еси­хидэ – бір адамның бойында өнерге басы бүтін бері­лу сезі­мі­нің, асқан тәкаппарлық пен сүй­кімсіздіктің тоғысуының символы. Айналасының оны жек көруі, кемсітуі тегін емес. Өйткені ол да айналасындағыларды тобыр санайды, іштей менсінбейді. Мұны сезінген адамдар да оған дәл сондай жауап қайтарады. Олар суретшінің құдай берген талантын мойындағанымен, өзіне аяушылық танытпайды. Оның ішінде елдің патшасы да бар. «Тозақ азабының» суретін салуға бұйрық берген патша оның басын бейсаналы түрде қатерге тігеді.

Сонымен суретші ең жақы­нының да, өзінің де өмірін жұтқан тозақ азабын қалай бейнеледі? Ол бейнелеген сиқырлы карти­надағы «күнәһарлар» түрлі дәре­жедегі адамдар. Ақсүйектен бас­тап қайыршыға дейін бар. Са­райдың маңғаз шенеуніктері, үлде мен бүлдеге бөленген би­бі-бикелер, таспиық ұстаған буд­­да-сопылар, сүйретпе аяқ киім киген малайлар. Соның ішін­дегі ең сұмдығы – жыртқыш аң­ның азу тісіне ұқсаған қанжар ағаш­тың төбесінен төмен қарай құл­дилап құлап келе жатқан күйме. Оның ішінде отырған жас әйел қара шашы жайылып, аппақ мой­ны артқа қарай шалқайып, тірі­дей отқа жанып бара жатыр. Ала­сұрған әйел, от ораған күй­ме... Нағыз тозақ азабы деуге бо­лар­лық көрініс. Бірақ осы көрі­ністі салу үшін суретшінің көз ал­дында күймені өртеді емес пе? Ал күй­менің ішіндегі өз қызы болатын...

Жапон жазушысы бұл шы­ғар­масында биік өнер құрбандық­­ты талап етеді деген идеяны айтпайды. Керісінше, құрбандық та­лап ету жазаға лайықты дейтін пікірді шегелейді. Сондықтан нәп­сіге еріп, елірген суретшінің пат­шаға «көз алдымда ішінде ада­мы бар күймені өртеңіз» деген «құрбаншыл» талабы тым қым­батқа түсті... Атақты картинаны салған соң суретшінің өзі де өмірмен қош айтысады. Өнер үшін өзінің де, қызының да өмірін құрбандыққа шалған «есалаң» суретшінің бұл қылығын жапон жазушысы ештеңемен де ақтауға келмейтіндей етіп, өте шебер суреттеген. Ол суретшіні ғана емес, оны жек көрген, мазақ еткен, ыза­ландырған қоғамын да аяусыз сынайды...