Жапонның төл спорты саналатын каратэ қазаққа да жат емес. Оны спортшыларымыздың соңғы жылдары халықаралық жарыстарда көрсетіп жүрген нәтижелерінен-ақ байқауға болады. Дархан Асәділов, Данияр Юлдашев, Қайсар Алпысбай, Дидар Әмірәлі, Софья Берульцева, Сабина Захарова сынды қыз-жігіттеріміз әлем немесе Азия деңгейіндегі талай байрақты бәсекелерде топ жарып, Алаш жұртының абыройын асқақтатып жүр. Ендігі кезекте – Олимпия ойындары. Токио төрінде өтетін каратэ жарыстарында ел намысын қорғайтын спортшыларымыз өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеуі тиіс.
Токио Олимпиадасына елімізден бес каратэші жолдама алғаны баршамызға белгілі. Олардың арасында Дархан Асәділовке артылар сенім зор. Дархан – әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы және Премьер-лига жарысының бірнеше дүркін жеңімпазы. Олимпия ойындарына әлемдік рейтинг арқылы жолдама алған отандасымыз соңғы екі жылда үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Мәселен, 2019 жылы ол алты (!) бірдей жарыста топ жарса, екі жарыста қола жүлдегер атанды. Былтыр пандемияға байланысты үш жарысқа ғана қатысып, соның үшеуінде де жүлде алды. Ал биыл тек Лиссабондағы Премьер-лигаға қатысып, үздік үштікті түйіндеді.
Дарханның Олимпия ойындарындағы қарсыластары да осал емес. Оның үстіне отандасымыз Токио төрінде өзінің үйреншікті салмағында (60 кило) емес, 67 килода өнер көрсетеді. Яғни Олимпиада бағдарламасындағы салмақ – 67 кило.
Олимпия ойындарына әр салмақта он адамнан қатысады. Тек 67 килода ұйымдастырушылар 11 спортшы қосып отыр. Яғни іріктеу кезеңінен өткен 10 мықтыдан бөлек, Хамун Дерафшипур атты ирандық спортшы босқындар командасының атынан шығады. Хамун қазіргі таңда Канадада тұрып жатыр. 2018 жылы Мадридте өткен әлем чемпионатында Иран еліне қола медаль сыйлаған ол бір жыл өткеннен кейін федерация басшыларымен келіспей, ақыры Канадаға қоныс аударды.
Дарханның басты қарсыласы ретінде, әрине әлем чемпионы француз Стивен Да Костаны айтуға болады. Ол 2015 жылдан бері өтіп келе жатқан ірі жарыстардың барлығында жүлде алып жүр. Негізгі салмағы да – 67 кило. Яғни Дарханға қарағанда бұл салмақта әбден бой үйреткен спортшы.
Асәділовтің тағы бір басты қарсыласы – жапониялық Наото Саго. Каратэні төл спортымыз деп танитын Күншығыс елінің өкілдері Сагоға зор сенім артып отыр. Оның үстіне каратэ Олимпиада бағдарламасына тұңғыш рет қосылды. Тарихтағы алғаш чемпион да осы 67 килода анықталады.
2018 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы италиялық Анджело Крещенцо да – бас жүлдеден үміткер спортшылардың бірі. Италия спортшысымен Дарханның талай жарыста жолы түйіскенін білеміз. Соңғы рет екеуі былтыр Дубайда өткен Премьер-лиганың финалында жолығып, Крещенцо 2:0 есебімен жеңіске жетті. Сондай-ақ мықтылардың қатарына түрік Эрай Самданды, латыш Калвис Калниньшты да қосуға болады. Қалай болғанда да Дарханға үлкен сенім артылып отыр. Алаш алқалаған Асәділовтің асығы алшысынан түсе ме, жоқ па оны алдағы сайыстарда көретін боламыз.