Экономика • 04 Тамыз, 2021

Қаржы секторында кім көшбасшы?

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елдегі қаржы айналымының басты драйверіне айналған екінші деңгейлі банктердің меншік капиталы соңғы бір жылда 7,6 пайызға өсіп, 4,03 трлн теңгеге жеткен. 20 банктің жағдайы жақсы болса, төрт банк минуста қалған.

Қаржы секторында кім көшбасшы?

Үздік ондықтың көшін «Отба­сы банк» бастап тұр. Жи­нақ банкінің өсімі 34,8 па­йыз­ға көтеріліп, 335,8 млрд теңге болыпты. Сондай-ақ үздік үштікте АТФ Банк (+29,5 па­йыз) пен «Альфа Банк» (+24,7 пайыз) бар. Еске салайық, АТФ Банк былтыр жыл соңында Jusan Bank-пен бі­рі­гіп кеткен еді, дегенмен процесс әлі жалғасуда.

Банк активтері 20,9 па­йызға өсіп, 34,04 трлн тең­гені құраған. Finprom жо­бас­ының жазуынша, бұл да банк секторының тұрақ­ты­лығын көрсетеді. Актив­тер көрсеткіші бойынша да бі­рін­ші орында – «Отбасы банк» (2,33 трлн теңге). Бұл ретте «Сбербанк» (+52,5 пайыз) пен Kaspi Bank-тің де (+27,8 па­йыз) үлесі мол. Активтер көлемі бойынша үш банкті рейтингтің антилидерлері деп атауға болады. Олар – АТФ Банк, Capital Bank және қы­тайлық ICBC еншілес банкі. АТФ жыл басынан бері 36 млрд, Capital Bank 4,5 млрд және ICBC 1,7 млрд теңге жоғалтқан. Capital Bank-тің маусым айында лицензия­сынан айырылғаны белгілі. Сондықтан бұл қаржы инс­титуты секторлық статистикада соңғы рет бой көрсетіп отыр. Ал АТФ жыл соңына дейін Jusan-мен толыққанды қосылып бітуі тиіс, содан кейін нарықтан біржола кетеді.

«Қазақстандық банктер «коро­на­­дағдарысқа» қарамастан займ беруді тоқтатқан жоқ. Бір жылда екінші деңгейлі банктердің қарыз портфелі 11 пайызға өскен, 16,73 трлн теңгені құраған. Дегенмен барлық қаржы ұйымдары бірдей несие белсенділігін сақтай алмай отыр. Сектор бойынша тек 17 банк оң көрсеткішке ие. Дағ­да­рысқа толы қиын кезеңде ипо­те­калық сегмент – несие нары­ғының драйверіне айналды, ал «Отбасы банк» қарыз портфелі бойынша алда тұр. Бір жылда 43,8 пайызға өсім көрсетіп, 1,51 трлн теңгеге жеткен. Тағы да «Сбербанк» пен Kaspi Bank қарыз портфелі тұрғысынан «Отбасы банктен» кейінгі екінші, үшінші орындарды бөліседі» деп жазады Finprom. Capital (NPL 90+ үлесі 88,5 пайызды құрайды), Jusan (54,9 пайыз) және «Еуразиялық банктің» (9,2 пайыз) портфель сапасы едәуір на­шар­лай түскен. Нарықтан кет­кен Пәкістан банктің орнын басқан «Еуразиялық банк» мұн­дай антирейтингке алғаш рет еніп отыр.

Салымдар бойынша жыл­дық өсім – 25,4 пайыз. Салым көлемі 23,83 трлн теңгеге жетті. Са­лым­­шылар қаржысын жинақ­тау бо­йынша RBK Bank алғашқы орында. Бұл банк салымдарын бір жылда екі еселеп, 709,9 млрд теңгеге жеткізген. Екінші орын­да­ғы «Отбасы банк» салымы бір жарым есе көбейсе, «Сбербанк» салымдары 43,2 пайызға артқан. Ал бөлшек салымдар бойынша халықтың баспанаға деген бар қаржысын жиып отырған «Отбасы банкпен» ешкім тең­десе алмайды. Бұл қаржы ұйы­мын­дағы салымдар мөлшері 1,36 трлн теңгеге тең. Одан кейін Kaspi Bank (+37,8 пайыз) және «Банк ЦентрКредит» (+26,8 па­йыз).