Аймақтар • 04 Тамыз, 2021

Жетісу шаруалары жем-шөп қорын дайындап жатыр

718 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аптап ыстық пен құрғақшылыққа қарамастан қысқы мал азығын дайындау міндеті күн тәртібінен түспеуі керек. Осы парызды жете түсінген жетісулық шаруалардың назары қазір қыр мен ойдағы шабындыққа ауған. Яғни, Алматы облысында шөп жинау науқаны қызу жүріп жатыр, деп хабардайды Egemen.kz.

Жетісу шаруалары жем-шөп қорын дайындап жатыр

Мәлімет бойынша, аймақтағы шөп шабу науқанына 1670 адам жұмылдырып, 295 шөп шабатын бригада тартылған. Шаруа қожалықтары мен ірі серіктестіктердің шабындық алқаптарында 1576 шөп шабатын машина және 1401 пішен нығыздап жинайтын техника тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр екен. Жалпы, өңірде шаруашылықтар мен жеке тұрғындар шабындыққа 15,2 мың гектар жер пайдаланса, жайылым үшін 899,9 мың гектар жер қолданады. Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан 164 гектар шабындық, 59 мың гектар жайылым алқабы тағы бөлінген.

Ал жетісу шаруалары қазірге дейін 1810 мың тоннадан астам шөп дайындап үлгерген екен. Бұл жоспарланған жұмыстың дың 64,2 пайызынына астамы толық аяқталғанын көрсетіп отыр. Оның ішінде 285,4 мың тонна пішен, 124,9 мың тонна сабан, 55,7 мың тонна мал жемі қамбаға жиналған көрінеді. Өнімділік те жаман емес. Табиғи шабындықтың орташа өнімділігі әр гектарынан 15-25 центнерден айналса, жоңышқа мен көп жылдық шөп түрлері гектарынан 35-40 центнерден өнім беріп отыр. Сондай-ақ күзгі жиын-терін мен шөп дайындау жұмыстарына 13,8 мың тонна дизель отыны бөлінген болса, оның 1,8 мың тоннасы шөп шабу науқанына жұмсалмақ. Мұнан бөлек, аудандар былтырдан қалған жем-шөп қорын түгендеп жатыр екен. Мәселен, Ақсу, Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Ұйғыр аудандарында 30,2 мың тонна мал азығының қоры мұрты бұзылмай сақтаулы тұрған көрінеді.

Мал азығы демекші, жақында Талғар ауданында орналасқан «Байсерке-Агро» ЖШС жанынан жем дайындай жаңа кәсіпорын іске қосылғна болатын. Етті және сүтті бағыттағы ірі қараға, құс пен балыққа арналған 10 түрлі жем дайындайтын зауыт жылына 36,5 мың тонналық қуаттылыққа ие екен. Ал өндірістің жобалық құны 1,4 млрд теңге. Зауытта 15 жұмыс орны ашылды.

- Біздің ауданда бұған дейін мұндай ірі зауыт болған жоқ және малдың жемі көрші аудандардан жеткізілетін. Енді зауыт толық қуатына шыққанда, «Байсерке Агро» агрохолдингі мол жем қорын қалыптастырып қана қоймай, ауданның, тіпті облыстың аумағындағы мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар үшін зор пайда әкелмек. Қажетті жем қорын қалыптастыру мал басын көбейтуге мүмкіндік. Сондықтан мал азығын дайындайтын жаңа зауыттың ашылуы өңірдің ауыл шаруашылығы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз, Жалпы, технологияны сақтау, ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеу «Байсерке Агро» холдингі үшін әрдайым бірінші орында тұрады. Оның нәтижесін көріп келеміз, - Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ермек Толқынов.

Айтпақшы, еліміздің батысындағы қуаңшылық жайлаған өңірлер тұрғындарының ауытпалығын жетісулық шарулар да бөлісіп отыр. Мәселен, талдықорғандық белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Алмасбек Садырбаев «Маңғыстауға көмек» қорын ашқан болатын. Бүгінде бұл қорға 7 миллион теңгеден астам қаражат жиналған көрінеді. Жиналған қаражатқа 60 тонна шөп, 68 тонна бидай сатып алынып, Маңғыстау облысындағы жем-шөптен тарыққан шаруашылықтарға жөнелтіліпті.

Сондай ақ Сарқан және Еңбекшіқазақ ауданының жанашыр жастары жиналып, шабындықтан өз күштерімен шөп шауып, оны Қызылорда мен Маңғыстау аймағына жөнелткен көрінеді. Мысалы, сарқандық жастар бірінші кезекте 10 тоннадан астам тайланған шөп жіберсе, Еңбекшіқазақ ауданының еріктілері 3 тоннадан астам шөп, 5 тонна жем және ақшалай көмек көрсеткен. Жалпы, Алматы облысының шаруалары өткен айда бастыс өңірдегі бауырларға 73 тоннадан астам шөп, 73 тонна жем және ақшалай көмек жіберіп үлгерген. Бұл қайырым жасау үрдісі әлі де жалғаса бермек.