Елорда • 04 Тамыз, 2021

Нұр-Сұлтан халық санағына дайын

587 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда халық санағының дайындық кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан халық санағына дайын

Дайындық кезеңі аясында интервьюерлер тұрғын санын белгілеу, сондай-ақ мекенжай деректерін редакциялау мақсатында тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды аралап шықты. Планшет құрылғыларына жиналған барлық ақпарат «Аудандастыру» автоматтандырылған жүйесіне берілді.

Қазір дайындық кезеңі деректері негізінде санақтың негізгі кезеңі үшін алдын ала есептеу, есеп және нұсқау учаскелерін қалыптастыру жүріп жатыр.

Есептеу және нұсқау беру учаскелері алдымен қала картасында қалыптастырылады, содан кейін ақпараттық жүйеге және планшеттік құрылғыларға көшіріледі. Бұл барлық респонденттерге санақ парағы бойынша электрондық түрде сауалнама жүргізуге мүмкіндік береді.

«Интервьюерлердің электрондық планшетті пайдалануы санақ қызметкерлерінің еңбек шығынын азайтуға, адам факторының деректер сапасына әсерін азайтуға, ЖСН қолдана отырып, халық санағы деректерінің шынайылығын арттыруға, қағаз бен кеңсе заттарын едәуір үнемдеуге септесіп, деректерді жинау кезінде интервьюерлердің жылдам жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», делінген ведомство хабарламасында.

Нысандарды аралау және онда тұратын халыққа сауалнама жүргізу 2021 жылғы 1-30 қазан аралығында жүзеге асырылады.

Айта кету керек, азаматтар орналасқан жеріне қарамастан мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында интернет-сауалнамадан өте алады. Өзіне және отбасы мүшелеріне санақ парағын жеке толтыру қажет. Сайт 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады.