Өнер • 04 Тамыз, 2021

Шәрипа Оразбаева: Фильмнен соң бас кейіпкердің өмірі өзгерді...

699 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шетелдерде өткен фестивальдерде бірнеше рет арнайы жүлде иеленген авторлық кинолардың қатарында «Мәриям» фильмі бар. Жуырда фильмнің режиссері Шәрипа Оразбаевамен аз-кем тілдесудің сәті түсті.

Шәрипа Оразбаева: Фильмнен соң бас кейіпкердің өмірі өзгерді...

– Шәрипа ханым, Сізді қо­­ғам режиссер ретінде «Мәриям» филь­мі арқылы жақ­­­­сырақ тани бас­тады. Сұх­бат­­­­тарыңызда фильм­ді түсі­ру туралы идеяның бас ке­йіп­­­кер­дің ауыр тағдырын көр­­­­генде пайда болғанын ай­тасыз. Әңгімені осы бас кейіп­кер­­­ден бастасақ. Мәриям, яғни өмір­дегі Меруерт сіздің фильмі­ңіз­­­ге түсуге қалай келісі­мін бер­ді?

– Иә, Меруерт фильмде шынымен де өз өмірін сомдайды. «Қазақстан» Ұлттық арнасында «Қарекет» атты бағдарлама бар. 2019 жылы сол бағдарламаға Меруерт Сейбосынова есімді әйел көмек сұрап келді. Күйеуі екеуі Талдықорғанның ар жа­ғын­дағы бір ауылда жеті жыл мал баққан екен. 2016 жылы күйеуі жоғалып кетіпті. Жездесі екеуі қалаға барамыз деп жолға шыққан, бірақ сол күйі үйге оралмапты. Іздестіру кезінде бес күннен соң жездесінің өлі денесі табылған да, Меруерттің күйеуі өлі екені де, тірі екені де белгісіз күйінде қалады. Бағдарламаға көмек сұрап келген келіншек сол кезде төрт баласы бар екенін, асыраушысы жоқ болса да, балаларына жәрдемақы ала алмай жүргенін айтты. Сотқа жеке тұлға ретінде арыз жаза алмайды, тек адвокат арқылы ғана өзінің асыраушысы жоқтығын жазып, шағымдануға құқы бар екен. Өзі төрт баласын әрең асырап жүрген, қыстақта тұратын әйел адвокатқа қайдан ақша тауып берсін? Сол үшін «Қарекет» бағдарламасына жүгінеді. Біз сол кезде Меруертке қол ұшымызды бердік. Алдымен сюжет түсіру үшін Меруерттің тұ­ратын жеріне бардық. Сол кез­­дегі көріністер ерекше әсер ет­ті, басқаша айтқанда таң қал­дым. Өркениеттен тым жырақ, құлазыған қыстақта екі үй ғана бар екен. Су да жоқ, жарық та жоқ. Тым құрығанда сыртқы әлеммен байланыса да алмайсың. Соған қарамай, төрт баланы дүниеге әкеліп, күйеуіне көмектесіп, мал баққан, сиыр сауған, басқа да шаруаларды дөңгелеткен қазақ әйелінің мықтылығына таңырқадым. Сол жолы Меруерт туралы сюжет жасадық, бірақ жолда қайтып келе жатқанда көз алдыма киноның кадрлары елестей бастады. Арада біраз уақыт өткен соң «осы оқиғаны неге фильм етіп түсірмеске» деп ойландым. Бастапқыда фильмге кәсіби актрисаны алғым келген. Бірақ ойлана келе Меруерттің өзін түсіргім келді. Өйткені мен Меруерттің көзінен от көрдім. Бағдарламаға келгенде «...актриса болсам деп армандаған едім» деп айтқаны да есімде. Ұсынысымды өзіне айттым. Ол бастапқыда қорықты, қалай болар екен деп алаңдады. Кейіннен келісімін берді.

– «Мәриям» фильмін YouTube-­тан бір шолып қарап шық­тым. Жалғыз әйелдің әке­нің де, ананың да рөлін ат­қара ала­тынын шебер бей­не­леп­сіз. Де­генмен фильм ха­лық­­ара­лық фестивальдерге қа­ты­сып, түрлі марапат ал­ған­да, қазы­лар алқасы ең бірін­ші қан­дай кри­терийлермен баға­ла­ды?

– Фильмді реализм бағытында түсір­дік. Қазылар алқасы ол жер­де бас кейіпкерге ерекше назар аударады. Фильмде бас кейіп­кердің ішкі түйсіктері өзгерді, көзқарасы өзгерді. Басқа адамға айналды. Қазылар алқасы менің­ше осындай өзгерістерге критерий қойды. Сосын өзіңіз де айтып жатырсыз ғой, ол жерде әйел жалғыз қалса да мойымай, әкенің де, ананың да рөлін атқа­рады. Фильмде әйелдің бойындағы жігерлілік, қайраттылық, шы­­­найылық қазы­лар алқасының қол­дауына ие болды деп ойлаймын.

– «Мәриям» фильмінің ре­жис­сері де, сценарисі де, про­­­дю­сері де өзіңіз екенсіз. Оған қоса фильмді өз қара­жа­­тыңызға түсіріпсіз. Фильм­ге қаражат салғанда оның қай­­тарымын ойла­дыңыз ба? Бас­­қаша сұра­сақ, бұл фильм өзін өзі қаншалықты ақтады? Алған марапаттарыңыз шы­ғын­ды толықтай жапты ма?

– Бұл фильмге өте көп мөл­шер­де қаражат салғанымыз жоқ. Мүлде аз деп те айта алмаймын. Ал оның қайтарымы туралы айтар болсақ, ондай ой менің ба­сыма келген емес. Өйткені ав­торлық фильмдерде қара­жат­тың қайтарымы болмайтынын сол салада жүрген біздер жақсы білеміз. Рас, авторлық фильм­дер өнердің бір саласы ретінде жоғары бағаланады. Ол жерде айтар ойыңды бүкпесіз айтуға, көрсеткің келген нәрселерді көрсетуге жақсы мүмкіндік бар. Бірақ қаржы түседі деп үміттену бекершілік. Фестивальдерден алған сыйақылар да ірі мөлшерде болған жоқ. Қазір пандемия жағдайында кинофестивальдер қаржыларын қысқартып жатыр, кейбіреулері мүлде тоқтатып тастады. Сондықтан фильмнің шығынын ақтайтындай мол көлемдегі гонорар бар деп айта алмаймын. Фильм қаржылық тұрғыда өзін өзі ақтаған жоқ. Ал бас кейіпкер Меруерттің екі бөлмелі үйге қол жеткізгені үлкен жетістік. Маған да біраз мүмкіндіктер туғызды. Қысқасы, мен үшін «Мәриям» фильмі трамплин болды деп айтар едім.

– Авторлық фильмдердің көбі отан­дық телеарналардан да, кино­театрлардан да көр­се­тіле бермейді. Қазір пандемия жағдайында кинотеатр туралы айтудың өзі артық. Бұл орайда «Мәриямның» жа­йы қалай бол­мақ? YouTube-тегі бес мыңның айна­ласындағы көрілімді қа­на­­ғат қыласыздар ма? Әлде қазақ­­стандық көрер­мен­­дерге көр­­сетудің басқа да жо­лын іздес­тіріп жатырсыздар ма?

– Телеарналарға бірнеше рет ұсынғанбыз. Олар бұндай фильмді көрсетуге құлықсыз. Өйткені авторлық фильм болған соң шынайы әрі сюжеттік тұр­ғы­дан ауыр­­­­­лау. Соңғы кезде бұл фильмді іздеушілер көбейіп кетті. Сол үшін YouTube-ке салдым. Оның үстіне басқа сайттарда фильм шығып қойыпты. Тіпті «КиноГо» деген сайтта пи­раттық нұсқасы шығып, оған орысша дубляж да жасалып үлгеріпті. Көріп қайран қалдым. Сапасыз нұсқасын ондай белгісіз сайттардан көргенше, өзімнің YouTube арнамнан көрсін деген ниетпен сол жерге салып қойдым. Бұл фильм көп мемлекеттерде көрсетілді. Енді қазақстандық көрермендер менің YouTube арнамнан көре алады. Әзірше басқа жолдарын қарастырып жатқан жоқпын. Өйткені қазір интернет қол жетімді. Кез келген адам интернеттен іздеп, тауып көре алады.

– Өзіңіз жуырда Лондонда өткен RainbowFilmFestival ха­лықаралық кино­фес­тива­лін­де «Мәриям» фильмімен «Үз­дік әйел режиссер» атағын ал­дыңыз. Бұл марапат сіздің карьера­ңызға әсер етуі мүмкін бе? Мысалы, бірлес­кен жобалар жасауға немесе сіздің төл жо­баларыңызды қаржы­лан­ды­руға ұсыныстар түсуі мүм­кін бе?

– «Үздік әйел режиссер» ата­ғы мен үшін күтпеген жағ­дай бол­ды. Бұл пандемияға бай­ланыс­ты онлайн өткізілген іс-шара еді. Біз қазір екінші толық­мет­раж­ды фильмді түсіріп, аяқтап жатырмыз. Соның жұмыс­та­рымен жүріп, фестивальге қатысып жат­қанымды ұмытып та кетіппін. Естіген кезде қуа­нып қалдым. Әрине, марапат менің карьерама әсер етеді. Мысалы, ресейлік продюсерлер­ден ұсыныс алып жатырмын. Бұйырса осы жылы Ресей нарығына шықсақ деген ойым бар. Соған қоса, әлгінде айттым ғой, «Мәриям» фильмі туралы жергілікті газетке шыққан материалды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі оқып, «көмектесіңіздер» деп қол қойып беріпті. Соның арқасында осы жылы ақпан айында Меруерт екі бөлмелі үй алды. Ол қазір жап-жаңа, таза да әдемі үйде тұрып жатыр. Бұл – фильмнің жетістігі. Мен ғана емес, бас кейіпкердің де жетістігі.

– Болашақта қандай бағыт­та­ғы фильмдер түсіргіңіз ке­ле­ді. Қандай оқиғаларды не қан­дай кейіпкерлерді үлкен экран­нан көрсеткіңіз келеді?

– Қазақ тарихынан ойып орын алған бейнелерді үлкен экранға шығарғым келеді. Оның ішінде әдеби шығармаларға арқау болған Ұлпан, Ақбілек, Ақжүніс тағдырына арналған көркем фильмдер түсіргім келеді. Қазақ тарихында із қалдырған, салиқалы адам ретінде Зере бей­несін шығарсам деймін. Бізде Абай, Құнанбай жайлы фильм­­­дер бар, Зере туралы жоқ. Айта берсе, қазақ тарихында ақыл-парасатымен де, ажар-көркімен де үлгі болған, бір рулы елге ұстын болған әйелдер жетерлік қой. Ол фильмдер тек авторлық емес, сонымен қатар көрермендерге арналған фильмдер болса деймін. Ол енді уақыттың еншісіндегі нәрсе. Оған көп қаржы керек, қолдау керек. Сондықтан бола­шақ­та қолдау болып жатса, қазақ әйелдерінің бейнелерін жасасам деген мақсатым бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛ,

«Egemen Qazaqstan»