TOKYO2020 • 05 Тамыз, 2021

Бақтияр Байсейітов: Жерлестерімнен кешірім сұраймын

525 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Грек-рим күресінен де Қазақстан құрамасы үшін Токио Олимпиадасы сәтсіз аяқталды. Жарысқа шыққан үш спортшымыз да бірінші айналымда сүрінді. Осыған орай Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға Токиодан тікелей бейнеконференция арқылы грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов жауап берді.

Бақтияр Байсейітов: Жерлестерімнен  кешірім сұраймын

– Командамыздың көшбасшысы Мейрамбек Айнағұлов спортшылардан бірінші болып кілемге шыққандықтан психологиялық тұрғыдан дайын болмаған сияқты. Оның қарсыласы солақай. Соған байланысты өзімізге ыңғайлы болатындай күрес стилін түсіндіріп, оған жеткізгенімізбен, барлығы бекер болды. Тапсырмамызды кілемге шыққанда орындаған жоқ. Сондай болмашы қателіктің кесірінен командамыздың көш­басшысы қарсыласына есе жі­берді, – деген бас бапкер Демеу Жадыраевтың жапон балуанынан қалай жеңілгенін де айтып берді. – Демеу ұпай санымен алда тұрған. 30 секундтық үзілісте басын төмен қаратпай, барлық сәтті бақылауға алу керегін айтып, бәрін түсіндіргенбіз. Бірақ Демеудің дәл осылай соңғы сәтте болмашы әдіске түсіп, қарсыласына ұпай сыйлағанын біз де түсіне алмадық, – деді Б.Байсейітов.

Сондай-ақ Бақтияр Бағашарұлы 87 килода жарыс жолына шыққан Нұрсұлтан Тұрсыновқа төрешілер әділетсіздік жасады дейді.

– Төрешілер тарапынан бағалау дұрыс болмады. Бірінші болып партерге біздің балуанды қойды. Екіншісінде неміс балуаны жатты. Сол кезде Нұрсұлтан тік тұрып жартылай әдіс жасап лақтырғанымен, төрешілер оның екі ұпайын есепке алмады. Ереже бойынша толық жасалмаған әдіске екі ұпай берілуі керек. Мен төрешілер шешіміне шағым түсіргенде (челлендж) белдесуді қайта қарап, шешімді өзгерткен жоқ. Әдетте шағым қана­ғаттандырылмаса, қарсыласқа бір ұпай беріледі. Бас төреші, төрешілер үйлестірушінің ұлты – неміс. Осы жерден өздеріңіз қорытынды жасай берсеңіздер болады. Егер де екі ұпайды Нұр­сұл­тан­ның еншісіне жазғанда, келесі кезеңге өтер едік. Бұл жер­де жеңісті тартып алды деп есеп­теймін, – деді Б.Байсейітов.

Өз кезегінде грек-рим күре­сінен әлем чемпионы Бақтияр Бай­сейітов елден кешірім сұрап, алдағы жоспарын бөлісті.

– Мен 2019 жылдың бел ортасынан құраманың бас жат­тық­тырушысы қызметіне кірістім. Аз уақыттың ішінде балуандарды даярлап, сол жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында бақ сынадық. Онда біз бір күміс, екі қола медаль жеңіп алдық. 2020 жылы Азия чем­пио­­натында 1 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлдеге ие болдық. Би­ылғы Азия чемпионатында 2 алтын, 2 күмісті еншіледік. Соған қарамастан, Олимпиадада сәтсіз өнер көрсетіп отырмыз. Жеңіліс үшін жерлестерімнен кешірім сұраймын. Олимпиада есебін елге барғаннан кейін толыққанды беретін боламыз. Егер де барлығы дұрыс болса, күзде өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастап кетуіміз керек, – деді бас бапкер.