Экономика • 05 Тамыз, 2021

Бір қуантып, бір мұңайтқан сала

261 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2020 жылы елдегі еңбек өнімділігі төмендеп кетті. Қатаң шектеулер мекемелер мен кәсіпорындар жұмысын тоқтатып тастады. Қала шекараларына блок-бекеттердің қойылуы біраз азаматтың жұмысына баруын шектеді. Соның салдарынан еңбек үлесі азайды. Бірақ дәл осындай тығырықтан құрылыс саласы қырын сындырмай аман шықты.

Бір қуантып, бір мұңайтқан сала

Еңбек өнімділігі жоғары

Energyprom мәліметі бойынша, құ­ры­лыста еңбек өнімділігінің өсуі бір­ден 12 пайызды құрап, бір жұмысшыға есеп­те­ле­тін жалпы қосылған құн көлемі 6,77 млн теңге болған. Бұл елдегі кез келген са­ладан әлдеқайда жоғары. Мәселен, өнер­кәсіп саласында өсім небәрі 0,1 пайызды құраса, ауыл шаруашылығында 4,9 пайызға тең. Құрылыс саласы тіпті карантин кезіндегі қатаң шектеулер мен онлайн жұмыс істеу тәсіліне көшкеніне қарамастан ерекше қарқынмен жұ­мыс іс­те­ген «Телекомның» өзін артта қал­дыр­ған. Бұл ретте ақпарат және байланыс са­ласындағы еңбек өнімділігінің көр­сет­кі­ші 10,1 пайызды құрайды.

«Құрылыс секторы Қазақстанның еңбек нарығына айтарлықтай әсерін тигізеді. Осы жылдың бірінші тоқ­санының қорытындысы бойынша сектордағы жұмысшылар саны 630,8 мың адамға жетті. Бұл – елдегі жұ­мыспен қамтылған азаматтардың 7 пайызы. Сектордағы қызметкерлердің тізімдік саны 148,1 мың адамды құрайды. Тағы 40 мың жұмысшы құрылысқа тікелей қатысты – мысалы, құрылыс материалдары, резеңке және пластмасса бұйымдары, құбырлар, профильдер және құрылысқа арналған басқа да металл бұйымдары, дайын металл бұйымдары, ағаштан жасалған бұйымдар (жиһаздан басқа) өндіретін салаларда істейді», делінеді Energyprom дерегінде.

Тұрғын үй құрылысы – отандық құрылыстың басты драйвері болып тұр. Елімізде былтыр 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Мемлекет оны биыл 17 млн-нан асыруға ниетті. Қазір құрылыс саласы қымбатшылық пен түрлі тосқауылдарға ұрынуда. Дегенмен тиісті органдар құрылысшылар мен құрылысшылар одағының базынасына мән бере отырып, күрмеулер түйінін тарқатар деп сенеміз. Жыл басталғалы сәуір айына дейінгі аралықтың өзінде 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй салыныпты. Мұның өзі – өткен жылдың тап осы кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға жоғары көрсеткіш. Осы тұрғыдан алғанда отан­дық құрылыс саласының даму динамикасы көз тойдырып, көңіл қуантады.

Көңіл жеткенмен, қол жетпейді

Дәл осылай ерекше екпінмен салы­нып жатқан жұмыстың түпкі мақ­са­ты – азаматтарға баспана сыйлау. Бірақ баспана бағасы арзан емес. Арза­­ны­­ңыз не, үйдің құны қымбат деген ұғым­нан да жоғарылап кеткендей. Бәлкім, басқа балама табу керек шы­ғар... Қымбат үйдің қожайыны атану үшін көпшілік «Орда», «Нұрлы жер», «Ша­ңырақ», және «Бақытты отбасы» сияқ­ты ипотекалық бағдарламаларды жа­ғалайды. Мамырдан бастап «Баспана хит» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша қаржыландыру тоқтатылды. Қа­зірге дейін Altyn Bank, «Сбербанк», Halyk Bank, «Банк ЦентрКредит» несие беруді доғарғанын мәлімдеді.

Осы орайда кей сарапшылар нарықта бәсекенің азаюы ипотекалық несиенің қымбаттауына алып келуі мүмкін деп алаңдайды. Бұл түптеп келгенде құры­лыс салушыға да, сатып алушыға да тиімсіз. Ұлттық банк қаржыландыруды түгел тоқтатып, ипотекалық өнім ұсыну екінші деңгейлі банктердің еншісіне қалған мезетте пайыздық ставка өсіп кетуі ықтимал. Экономист Мақсат Ха­лық алғашқы уақытта осындай тенденция байқалғанымен, кейін бәрі қа­лып­қа түседі деген пікір айтқан еді. Оның айтуынша, бәрі Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеу саясатын дұрыс жүргізе алуына байланысты. Содан соң Қазақстан өндіріске мән берсе, импортты азайтса, теңге де нығаяды, инфляция да төмендейді, нәтижесінде базалық ставка төмендеп, банктер арзан пайызбен ипотека ұсынуға мәжбүр болады. Бұл – әрине, азаматтардың көңіліне жағатын болжам. Орындалу, орындалмауы уақыт еншісінде. Әзірге Қазақстан ипотекаға қолжетімділік тұрғысынан көңіл көншітерлік деңгейде емес. Жаһандық Numbeo аналитикалық платформасының рейтингіне сүйенсек, азаматтардың ипотекаға қол жеткізуі бойынша Қазақстан – 41-орында. Рейтинг несие бойынша ай сайынғы төлемнің орташа отбасылық бюджетке пайыздық қатынасы негізінде жасалған. Көрсеткіш қаншалықты төмен болса, қолжетімділік соншалықты жоғары деген сөз. Түзілімді Сауд Арабиясы 19,62 пайызбен бастап тұр. Үздік ондықта АҚШ, Пуэрто-Рико, БАӘ, Оңтүстік Африка, Дания, Бельгия, Оман, Кипр, Нидерланд бар. Қазақстан 143,52 пайызбен Гватемала (147,51) мен Мексиканың (136,07) ортасында орналасқан. Көршілес елдердің жағдайы бізден тәуір: Ресей – 33, Грузия – 27, Украина – 23, Қытай – 18, Беларусь – 15-орында.

Енді мемлекет тұрғын үйге қолже­тімділік баспалдағын енгізуге ынталанып отыр. Ол қалай? Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, пәтер сатып алуға еш мүмкіндігі жоқ жандар үшін жалгерлік үйді субсидиялау механизмі енгізіледі. Ол аздаған мүмкіндігі бар адамдарға 2, табысы одан жоғарыларға 5 пайызбен беріледі.

«Екі нұсқа бар: Не «Отбасы банктің» мүмкіндіктерін кеңейтеміз, не банктерге мүмкіндік береміз. Олар да осы сегментке келіп, адамдар екінші деңгейлі банктер арқылы үй ала бастауы керек», деді Қ.Өскенбаев. Сондай-ақ ол келер жылы жаңа тұрғын үй бағдарламалары пайда болатынын да хабарлады. 

Құрылыс – қауіпті сала

Бүтін елдің экономикалық қана емес, әлеуметтік, қаржылық жүгін де көтеріп тұрған бұл сектор қауіпті сала­лардың көшін бастайды. Асқан ептілік пен білікті кәсібилікті қажет ететін са­­лада тура мағынасында аяқты қия ба­суға болмайды. Былтырдың өзінде жұ­мыс орнында 2 033 адам қаза та­уып­ты. Әйткенмен бұл көрсеткіш 2019-бен салыстырғанда 78 адамға аз екен. Мұндай деректі Ranking мониторингтік жобасы ұсынған. «Жұмыс орнында жарақат алғандар саны екінші жыл қатарынан азайып отыр. Бірақ қайтыс болғандар саны 13 адамға көбейіп, 203-ке жеткен» деп жазды Ranking. 2016 жылы 225 адам көз жұмса, 2017 жылы – 211, 2018 жылы – 215, 2019 жылы 190 адам жұмыс істеп жүріп қаза тауыпты.

Еңбек етіп жүріп көлденең кесапатқа тап болғандардың басым бөлігі Қара­ған­ды облысында (443 адам). Үштікке Шығыс Қазақстан облысы (314) және Алматы (134) қаласы еніп отыр. Ал Қызылорда, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында зардап шеккендер саны 40 шақты. 2020 жылы сақтандыру компаниялары арқылы жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру үшін 39,8 млрд теңге сыйақы жинаған. Бұл 2019-дағы сыйақы мөлшерінен 2,2 пайызға көп. Алайда сектордағы төлем көлемі үшінші жыл қатарынан қысқарып барады: 2020 жылы төлем 5,1 млрд теңгені құрапты. 2019-дағы төлем көлемінен 7,3 пайызға аз деген сөз. Мәселен, 2016 жылы 38,7 млрд теңге жиналып, соның 6 миллиарды төленген. 2017-де 42,8 млрд теңге жиналып, 7 млрд төлем жасалыпты. 2018-2020 аралығында төлем мөлшері 5,8-ден 5,1 млрд-қа күрт азайған. Биыл қаңтар-мамырда жиналған сыйақы 14,7 млрд теңгеге жетіпті.

Адам өмірі – ең басты құндылық екені даусыз. Еңбек өнімділігі жоғары болу үшін де, ипотекаға қолжетімділік арту үшін де адамның денсаулығы мен еңбегі бағалануы тиіс.