Қазақстан • 05 Тамыз, 2021

«Шенеунікке обал болды», дейді жұрт...

949 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген әрбір азамат әбден тәжірибе жинақтап, білікті маман деңгейіне көтерілгенше алты-жеті жылдай уақыт кетеді екен. Және жас маман бас маман болып қалыптасқанға дейін мемлекет оған қыруар қаржы жұмсайды. Алайда өкінішке қарай, біліктілігі артып, тәжірибесі толысып, енді ғана жауапты лауазымға қолы жеткен шенеуніктердің біразы аяқ астынан істі болып, сотталып кетіп жатыр.

«Шенеунікке обал болды», дейді жұрт...

Әрине, олардың бәрін бірдей ақтаудан аулақпыз. Бірақ түрлі себеппен заң құрығына іліккен шенеуніктердің арасында сот үкі­мі­мен келіспейтінін айтып, әділ­дік іздеп шырқырап жүр­ген азаматтар да кездеседі. Солардың бірі – биыл сәуір айында сот үкімімен  бес жарым жылға бас бостандығынан айырылған Қостанай ауданы әкі­мінің бұрынғы орынбасары Рустам Садықов. Бүгінде темір тор­дың арғы жағында отырған ше­неунік өзіне тағылған айыпты мо­йындаған жоқ. 

Сібір жарасынан басталған сарсаң

Мәселенің мәнісі мынадай. Қостанайдың іргесіндегі Зареч­ный ауылының шетінде Сібір жарасы көмілген орын бар. Оның айналасы санитарлық аумақ ретінде белгіленіп, жер қазу жұмыстарын жүргізуге заң­мен тыйым салынған. Осының кесірінен қазір ауыл шетіндегі 28 үй биылғы жазға дейін газ құ­бырын тарта алмай отырды. Алайда бір кәсіпкер дәл осы жерден құм қазбақ болған.

Былтыр жазда ауыл шетін­де пайда болған вагонша мен құм тиегіш тракторды бай­қаған тұр­ғындар полиция шақыр­тып, қауіпті аумақтағы қазу жұ­мыстарын тоқтатуды талап етеді. Бірақ кәсіпкер лицензиям бар де­генді айтып, жұмысты тоқта­та­тын сыңай таныта қоймайды. Артынша бұл дауға ауыл әкімі Нұрғиса Исмағамбетов пен ­аудан ­әкімінің орынбасары Рустам Садықов келіп араласады. 

«28 отбасы әкімдіктен заңды түрде алған жеріне үй салып, енді соған не газ, не су, не жарық тарта алмай отыр. Сібір жарасы көмілген жерді қазуға болмайды деп әкімдік рұқсат бермейді. Ал осы қауіпті аумақта жатқан құмды қазуға кім рұқсат берді? Біз бұған жол бермейміз! Әділдік үшін Президентке дейін баруға дайынбыз», деген тұрғындарға аудан әкімінің орынбасары: «Әуелі аудан әкімінің атына ша­ғым жазыңыздар. Бұл мәселені шешеміз», деп басу айтады. Мұның артынан «Қызметін асыра пайдаланып, бизнеске кедергі жасады» деген ауыр айып арқалап, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығатынын шенеунік дәл сол кезде қайдан білсін?! Жұмысы – осы: бір жағынан мемлекет тапсырмасын мүлтіксіз орындау керек, екін­ші жағынан халықтың орынды-орынсыз талабына құлақ түріп отыру қажет, үнемі екі оттың ортасында жүреді. Сәл жаза бассаң, екеуі де аямайды.         

Кәсіпкер Рашид Сәрсекенов аудандық жер комиссиясына төрт рет арыз берген. Біріншісінде комиссиядан даулы аумақты 48 жылға жалға беруді сұрапты, бірақ лицензиясының мерзімі үш жыл болғандықтан, рұқсат ала алмаған. Екіншісінде тағы рұқсат берілмейді. Бұл жолы лицензияда көрсетілген жердің санитарлық аумақта жатқаны анықталады.  Жер комиссиясының  үшінші отырысы кәсіпкерге белгілі бір шарт-талаптар қойып, солар орындалғаннан кейін жерді пай­далануға болады деген ше­шім қабылдайды. Комиссия кәсіп­кер­ден өзі жалға алатын жердің айналасын қоршап, құм қазу жұмыстарын бастамас бұрын жергілікті халықтың рұқсатын алу туралы талап қояды. Алайда бұл талаптардың ешқайсысы орындалмайды. Ақыры 2020 жылдың шілде айында жер комиссиясы төртінші рет бас қосып, кәсіпкерге жер телімін жалға беру жөнінде өзі шығарған шешімнің күшін жою туралы қаулы қабылдайды.

Ұзаққа созылған әрі жүйкені тоздырған әуре-сарсаңның соңы сәтсіздікке ұшырағаннан кейін ашуға булыққан кәсіпкер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­­метке арыз жазады. Одан кейін жасырын дауыс жазатын құ­рыл­ғы қыстырып, Рустам Са­ды­қовтың кабинетіне келеді. Сотқа жүгіну туралы кеңес берген шенеунік кәсіпкер: «Сіздер рұқсат беру үшін не істеуім керек?» деп отырып алған соң: «Егер сізге біз бұл телімді берсек, сыбайлас жемқорлықпен айыпталамыз. Маған ештеңе керек емес, жергілікті тұрғындармен келісіңіз. Халық қазір газсыз отыр...», дейді.

Осылайша, кәсіпкер ауыл әкімімен бірге Заречный тұр­ғын­да­рымен кездесіп, газ құбырын тартуға демеушілік жасаймын деген уәде береді. Халық өз кезегінде газ тартатын мекемеге қаржы түскен күні құмды қазуға рұқсатымызды береміз деген уәж айтады. Былтыр 20 тамызда тұрғындар арасынан құрылған бастамашы топ газ құбырын өткізетін мекеменің кассасына 10 млн 800 мың теңге көлеміндегі ақшаны аудару үдерісіне куә ретінде қатысуы керек еді. Бірақ уәделі күн қарсаңында кешкілік аудан әкімінің орынбасары мен ауыл әкімі ұсталыпты деген суыт хабар жетеді.

Тұрғындардың айтуынша, Рашид Сәрсекенов ауылға газ құбырын тартатын GAS QURV VYS ЖШС филиалының басшысына қоңырау шалып, уә­де­лі ақшаны ертерек әкеп бер­гі­сі келетінін айтқан. Бірақ кә­сіп­кер әкелген ақша алдын ала таң­ба­ланып қойылған еді, жасанды миллиондарды қабылдап жат­қа­нын газ өткізуші де сезбей қа­ла­ды. Өйткені ішке сыртқы есікті сындырып жіберердей соққан қызметкерлер енген еді.       

Үкім

Сөйтсек, алматылық кәсіпкер Рашид Сәрсекенов аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы өзінен 3 мың доллар пара талап етті деп  облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне шағым түсірген екен. Шағымда Заречный ауылы­­­ның әкімі мен аудан әкі­мі­нің орынбасары Рустам Сады­қовтың да аты-жөні аталады. Бірақ шенеу­ніктердің пара боп­са­­ла­ға­ны дә­лелсіз болып шы­ғып, тергеу «Билікті немесе қыз­­­­мет­тік өкілеттікті асыра пай­­­­­да­ла­ну» бабы бойынша әрі қа­­­­рай жал­ға­сады. Бұл жолы, ең бастысы, күдіктілердің орындары өзге­ре­ді. Енді «пара талап еткен» бөлім басшысы емес, аудан әкімінің орынбасары Рустам Садықов негізгі күдікті ретінде тер­геуге алынады. Тергеушілер «Р.Садықов Заречный ауылының әкімімен және аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысымен астыртын келісіп, өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пай­далана отырып, Заречный ауы­лы­ның шетінен құм өндіргісі келген «Ремдортехник» ЖШС директорын осы ауылға газ құбырын тарту үшін GAS QURV VYS ЖШС филиалының басшысы Сидоренкоға 10 млн 820 мың теңге беруге мәжбүрлегенін» анықтайды. Осылайша, аудан әкімінің орынбасары Рустам Садықов «Билікті немесе қыз­меттік өкілеттікті асыра пайда­лану» бабы бойынша айыпты болып шыққан. Сотта сөз алған прокурордың айтуынша, сотталушының кәсіпкердің арызын қарайтын өкілеттігі болмаған, бұл – облыстық әкімдіктің құ­зы­рындағы шаруа. Мұның сыр­тында, кәсіпкер Рашид Сәр­се­ке­новтің лицензиясы бар бол­ған­дықтан, оған даулы жер телімі тезірек берілуі керек екен. Ал ұжымдық шағым кәсіпкерден жер те­лімін қайтарып алуға негіз бола алмайды. 

Сот айыпталушыны бес жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот үкімі  шықпастан бірнеше күн бұрын Заречныйға Қостанай ауданының жаңа әкімі бастаған жергілікті билік өкілдері келіп, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында енді ауыл шетіндегі қауіпті аумақтан ешкімнің құм қазбайтыны белгілі болды. «Ремдортехник» серіктестігі мұн­­да құм карьерін ашудан өз ер­кімен бас тартқан.

Осыдан кейін көп кешікпей Заречный ауылындағы отыз шақты үйге газ құбыры тартылды. Тұрғындар тұрмысымыз жақсы, тек біздің мүддемізді қорғаймын деп жүріп нақақ жазаға кесілген  Рустам Садықовқа обал болды дейді.  

Шынында да солай ма? Сот­талу­шының қорғаушысы Лимара Серғазина қазір Рустам Са­ды­қов­тың ісі бойынша Жоғар­ғы сотқа кас­сациялық шағым дайындап жат­қанын айтты. Демек, бұл іске соңғы нүкте астанада қойылуға тиісті.