TOKYO2020 • 05 Тамыз, 2021

Қоржын тола – қола

435 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан спортшылары үшін шешуші күн еді. Каратэден әлемдік рейтингте көш басында тұрған Дархан Асәділов, еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрислам Санаев және бокстан әлем біріншілігінің қола жүлдегері Сәкен Бибосынов бастаған спортшыларымыз бір емес, үш алтын алуға мүмкіндіктері бар еді. Өкінішке қарай, барлығы қола медальды қанағат тұтты. Жеті қола медальмен еліміз бейресмикомандалық есепте 75-орында тұр. Мұндай «антирекорд» тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған. 

Қоржын тола – қола

Фото: Владислав Семенов, Қазақстан ҰОК

Токио Олимпиадасындағы төменгі көрсеткіштері үшін спорт басшылары мен бапкерлердің мәселесі әлі талай май шаммен қаралатыны анық.

Жарысқа келер болсақ, кеше финалдық айқас үшін Қазақстан боксшылары арасында жалғыз өзі қалған Сәкен Бибосыновқа (52 кг) ел үміт артқан еді. Өкінішке қарай, ұлыбританиялық Джалал Яфаиға қарсы қолғап түйістірген жерлесіміз төрешілер шешімімен жеңіліс тапты.

Бірінші раундта Сәкеннің қарсыласы ә дегеннен-ақ лап қоя берді. Мұндайды күтпеген отандасымыз да қарап тұрсын ба?! Ол да алға ұмтылды. Ашық «шайқасқа» ұласқан кездесуде Сәкен бірнеше соққыны өткізіп алды. Тіпті нокдаун да тіркелді. Ал екінші және үшінші раундта белсенділік танытып, қарсыласына бірнеше соққы жасағанымен, қорытынды есеп бойынша 3:2 есебімен ұлыбританиялық боксшы жеңіске жетті. Осылайша, тұңғыш рет Олимпиаданың финалы қазақстандық боксшыларсыз өтеді.

Журналистер алдына шыққан Сәкен көпке дейін өз-өзіне келе алмай, көз жасына ерік берді: «Токио Олимпиадасында жеңіске жетіп, қазақ халқын алтын медальмен қуантқым-ақ келіп еді. Ол арманыма жете алмадым. Бар күш-жігерімді салдым. Соңына дейін жұдырықтастым. Бірінші раундта қарсыласым басым түсті. Оны мойындаймын. Ал қалған екі раундта аянып қалғаным жоқ. Бұл менің бірінші Олимпиадам. Тіпті Токиоға бара алмай қалуым да мүмкін еді. Жолдаманы ең соңғы сәтте жеңіп алғанымды білесіздер. Сондықтан бәріне қанағат. Жүлдемді барша қазақстандықтарға арнаймын», деді Бибосынов.

Алтыннан тағы бір үміткеріміз каратэден 67 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Дархан Асәділов еді. Амал не, Дархан да Олимпиаданың қола жүлдесін қанағат тұтты. Жерлесіміз А тобында сынға түсіп, барлық қарсыласынан басым түсті. Ал жартылай финалда Франция өкілі Стивен де Костамен кездесіп, 5:2 есебімен жеңіліп қалды. Дархан каратэ тарихында Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері. Дарханның негізгі салмағы 60 кило. Олимпиадада 60 кило салмақ болмағандықтан, жерлесіміз өзінен әлдеқайда үлкен 67 килода сынға түскенін айта кету керек. Сондай-ақ қыздар арасында 55 килода сайысқа түскен Мөлдір Жаңбырбай Олимпия ойындарының жартылай финалына өте алмады. Мөлдір В тобында сынға түсіп, екі кездесуде жеңілсе, бір кездесуде тең түсті. Ал бір жекпе-жекті жеңіспен аяқтады.

Еркін күрестен 57 килоға дейінгі салмақта белдескен Нұрислам Санаев алтын алу керек еді. Қарсыластарының барлығын жеңіп келген ол жартылай финалда Үндістан балуаны Рави Кумарға есе жіберді. Қола медаль үшін күресте Санаев намысты қолдан берген жоқ. Кіші финалда болгариялық Геор­гий Вангеловтен 5:1 есебімен ба­сым түсіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал 74 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Данияр Қай­санов бұл күні үш қарсыласынан басым түсіп жартылай финалға жолдама алған-ды. Финалдық айқас үшін Қай­санов екі дүркін әлем чемпионы, ресейлік Заурбек Судаковпен белдесіп, 0:11 есебімен жеңіліс тапты.

Санаев

Аса ауыр салмақта белдескен Юсуп Батырмурзаевтың жолы болмады. Гер­маниялық Геннадий Чудиновичтен сегіз ұпай алда тұрып, соңғы секунд­та «таза әдіске» түсіп қалды. Ал әйел­дер ара­сында 53 килода бозкілемге шық­­қан Татьяна Ахметова алғашқы айна­­лымда-ақ әлем чемпионатының қола жүлдегері, Польша спортшысы Рок­сана Марта Засинадан 2:3 есебімен жеңілді.

Қазіргі бессайыс бәсекесінің іріктеу қорытындысы бойынша Елена Потапенко 36 спортшының ішінен 8-ші сатыға тұрақ­тады. Бүгін бессайысшылар жүзуден, ат спор­тынан және семсерлесуден бақ сынайды.

Тректегі велоспорттағы «омниум» бойынша жарыс жолына шыққан Артем Захаров төрт түрлі бәсекеде бақ сынады. Нәтижесінде, Захаров 62 ұпай жинап, 14-орын алды. Сон­дай-ақ спорттық жаяу жүрістен 20 шақы­рымға сынға түскен Георгий Шейко 1:28:38 уа­қыт көрсеткішімен 39-орында қалып қойды. Ал ашық суда жүзуден 10 шақырым қа­шықтық бойынша финалдық бәсекеге қатысқан Виталий Худяков тиісті межені 1:57:53.7 уақытта бағындырып, 21-орыннан кө­рінді. Бұл күні жеңіл атлетикадан биіктікке секіру бойынша Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникова да финалдық кезеңге шыға алмады.

Токио Олимпиадасында қазақстандық спортшыларға алтын мен күміс бұйырмай, қоржынға қола түсіп жатыр. Құдды Қазақстан «қола дәуіріне» қадам басып бара жатқан тәрізді.