Аймақтар • 04 Сәуір, 2025

Атырау облысында су қоймасын салу мәселесі қозғалды

327 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы Жылыой ауданында су қоймасы салынуы мүмкін. Былтырдан бері су қоймасының бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр.

Атырау облысында су қоймасын салу мәселесі қозғалды

Фото: Ашық дереккөз

Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиеваның айтуынша, «Институт Казгипроводхоз» ЖШС-мен келісім жасалған. Су қоймасын Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 60 шақырым қашықтықта салу жоспарланып отыр.

Осыған байланысты су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесі алғаш рет талқыланды. Су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесінің үш нұсқасы бар. Талқылаудан кейін 220 млн текше метр су жиналатын нұсқасы таңдалды.

«Жылыой ауданында су қоймасын салу – кеңес одағы кезінде де көтерілді. Енді бұл мәселе қайта қозғалды. Жобаның тиімділігі ескеріледі. Су қоймасы Құлсары қаласы мен елді мекендерді, мал және егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын сумен қамтиды. Алдағы уақытта нақты ұсыныстар бойынша техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес жобалық-сметалық құжаты жасақталады», дейді Нұргүл Қалиева.

Оның пікірінше, су қоймасы бірнеше  мәселені оң шешуге ықпал етеді. Біріншіден, Жылыой ауданының елді мекендерін су тасқынынан қорғайды. Екіншіден, ауданның экологиялық ахуалын жақсартады. Үшіншіден, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық нысанға айналады.

Бірақ су қоймасының құрылысына қажетті қаржының қайдан бөлінетіні нақтыланған жоқ. Жобаны іске асыру мерзімі айтылмады.