Аймақтар • 06 Тамыз, 2021

Көп болып көмек көрсетіп жатыр

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шөптің шығымы биыл Қостанай өңірінде де мәз емес. Мамыр, маусым айларындағы аптап ыстықтың салдарынан жылда бітік шығатын шабындықтың біраз бөлігі ерте қурап кетті. Сондықтан биыл шабылған шөптің орташа түсімі гектарынан шамамен 4 центнерден ғана келді. Биыл өңірде қысқы мал азы­ғын жеткілікті мөлшерде дайындап алу мақсатында орман іші, су жағалары мен оты мол жайылымдық жерлерге де шалғы түскен.

Көп болып көмек көрсетіп жатыр

Биылғы құрғақшылық, әсі­ресе, Жітіқара, Денисов, Бейім­бет Майлин аудандарына ауыр тиді. Бұл өңірлердегі шабындық жер­лердің көбін ыстық үйтіп жібер­ген­діктен, жергілікті шаруа­шы­лықтар мен қарапайым жұрт­тың бі­разы қысқа қажетті шөптің жар­тысына жуығын ғана жинай алған. Оларға  шабындығы мол өзге аудандардағы шаруа қо­жа­лықтары қолұшын созып, тон­налап шөп жіберіп жатыр. Мә­селен, таяуда ғана меңдіқаралық шаруалар Жітіқара ауданына 120 тонна шөп жөнелтті. Ұзын­көлдіктер Бейімбет Майлин ауданына 50 тонна шөп басып берсе, науырзымдықтар алдағы 2-3 күн ішінде Денисов ауданына 70 тонна шөп жіберуді жоспарлап отыр.

Мәселен, шілденің 30-ы күні Меңдіқара ауданындағы «Қарқын» агрофирмасы Жітіқара өңірінің тұрғындарына 100 тонна шөп жеткізіп берді. Аудан әкімінің орынбасары Радик Ес­қа­лиевтің айтуынша, бұл шөп зей­нет­керлер мен тұрмысы төмен от­басыларға, басқа да мұқтаж тұр­ғындарға үлестіріліп жатыр.

Облыс көлемінде ұйымдас­тырылып жатқан қайырымдылық шара­сынан биыл шөптен қысыл­май қоңды отырған шаруашы­лық­тардың ешқайсысы қалыс қалып жатқан жоқ. Бірауыз сөзге келмей, қолындағы барымен бөлісуде. Өткен аптада Бейімбет Майлин ауданы­ның тұрғындарына Ұзын­көл өңіріндегі «Веста» шаруа қожа­лығынан 10 тонна, «Казанка» және «Надежда» серіктес­тік­терінен 30 тонна, «Крутоярск» ЖШС-нен 10 тонна рулон­далған шөп жетті. Биыл алқап­тағы ас­ты­ғының біразы күйіп кет­кен Науырзым өңіріндегі шаруалар­дың өзі шөп қорын толық қамдай алмай жатқан көршілес аудандағы ағайынға көмек қолын созуға бел байлап отыр.

Ауыл тұрғындарын қолжетімді бағада жемшөппен қамтамасыз ету жұмыстары Арқалық өңірінде де ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, бұл өңірде 370 шаруашылық бар. Оның 122-сі мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінгі таңда Көктау, Екідің, Жалғызтал, Қайыңды, Целинный, Аңғар, Жаңақала ауылдарында шөп дайындау қызу жүріп жатыр. Ал Родина, Фурманов, Вос­точный, Молодежный, Үштөбе, Арқа­лық қаласын мал азығымен қамту мәселесін көршілес Аман­гелді ауданының кәсіпкерлері көтеріп алып отыр.

Қиын-қыстау кезеңде қысқы шөп бағасының шарықтап кетпеуі үшін облыс басшылығы жергілікті бюджеттен 1,8 млрд теңге бөліп отыр. Бұл қаржы фермерлерге субсидия түрінде берілмек.

Жалпы, алдағы қыстан қысыл­май шығу үшін облыста 1 млн 84 мың тонна шөп қоры жиналуы керек. Аудандық әкімдіктердің мәлі­метін­ше, бүгінге дейін 840 мың тон­на­дан аса шөп қоры жиналып алынған.

 

Қостанай облысы