Білім • 06 Тамыз, 2021

Шет тілін үйренудің негізі ана тілінде жатыр

2588 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Соңғы онжылдықта шет тілін үйрену үдерісі қарқын алып келеді. Әлемдік жаһандану мен интеграция нәтижесінде қоғамдық өмірдің барлық саласында шет тілінің қарым-қатынас құралы ретіндегі, яғни білім беру, ғалымдар тағылымдамасы, бірлескен кәсіпорындар, туризм, көрме және тағы басқа мәдениетаралық байланыстарда тіл білудің артықшылықтары басымдыққа ие. Сонымен бірге тұлғалық және кәсіби дамуда шет тілінің мүмкіндігі зор. Дегенмен сала мамандары шет тілінен бұрын ана тілін меңгерудің артықшылықтарын алға тартады.

Шет тілін үйренудің негізі ана тілінде жатыр

Туған тілінен нәр алып, ана тілімен сусындап өскен ұрпақтың бойында елге, жерге деген сүйіспеншіліктің, ұлттық рухтың бала күнінен қалыптасатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Бұған бүгінде көптеген дамыған елдің тәжірибесі айғақ бола алады. Осы орайда өз пікірімен бө­ліскен сала мамандары ана тілін мең­ге­рудің артықшылары мен әдістемесі негізінде сөз қозғады.

«Бүгінгі таңда егемен еліміз әлемдік өркениетті елдердің қа­тарына қосылып, өзге елдер­мен саяси, экономикалық, мә­дени және достық қарым-қаты­нас­тарын нығайтып, әлемдік қа­уым­дас­тықта ық­па­лы артып отыр. Осы орайда қазіргі өмір талабына сай бәсекеге қабілетті, көптілді тұлға қалыптастырып, көп тілді жетік меңгерген маман даярлау және шетел тілін оқытуды жаңа сатыға көтеру мәселесі елі­міз­дің білім жүйесіндегі іргелі міндеттің біріне айналды. Шетел тілін үйренуді ерте жастан, атап айтқанда он жасқа дейін бас­таған балалардың сол тіл өкіл­де­рінің деңгейінде меңгеру мүм­кін­дігі бар екені туралы әлемдік деңгейдегі тіл мамандары тарапынан дәлелденген», дейді «Қайнар» академия­сы «Тілдер және журналистика» кафедрасының профессоры, PhD Алтыншаш Арыстанбекқызы.

Осы мәселеге қатысты ай­тыл­ған мамандар пікірімен келісе отырып, профессор шетел тілі маманы ретінде балаға 1-сыныптан бастап орыс тілін, онымен қоса ағылшын тілін үйрету мәселесін қолдауға қарсы екенін алға тартты. А.Арыс­танбекқызы оның себептерін әдіс­те­мелік тұрғыда былайша түсіндіреді. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған бала ана тілін түсініп, ана тілінде сөйлей алады, бірақ ол сөйлеу әрекеттерінің ішіндегі оқылым және жазылым әрекеттерін 1-сыныпта мектепте меңгереді. Яғни сөйлеу әрекеттерінің ішіндегі ең маңыздысы әрі ең қиыны оқылым және жазылым әрекеттерін мең­герту барысында оларға орыс тілін, онымен қоса ағылшын тілін үйрету оларды «көптілді» тұлға емес, «мәңгүрттікке» апарады. Сондықтан 1-сыныпта ана тілін енді үйреніп жүрген балаларға орыс тілін жағаластырудың өзі миға қонымсыз. Яғни әлі ана тілін меңгермеген, ана тілінде ойын еркін, ашық жеткізуді үйренбеген балаға орыс тілі мен ағылшын тілін бір мезгілде үйретуге тырысамыз. Соның салдарынан, бала ана тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерін жетік үйрене алмайды. Ана тілін толыққанды меңгермеген бала шет тілі тұрмақ, басқа оқу пәндерін де дұрыс түсінбейді, қандай да білімді меңгеріп, пікірін айтудың орнына жаттап айтатын болады.

Профессордың бұл пікірін негізге алсақ, көптілді тұлға қалып­тастыру үде­рі­сінде тұлға­ның ана тілін меңгеруі оның тілдік құзыреттілігін арттырып қана қоймай, оның іскерлік қа­рым-қаты­нас тілін дамытып, қоғамның линг­вис­ти­ка­лық, интел­лектуалдық әлеуетін арт­­тыруға өз үлесін қосатынын ұмыт­па­уымыз керек. Бала қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойын ашық, еркін жеткізе алатын дәрежеге жеткеннен кейін ғана оған шетел тілін үйрету керек. Орыс тілін үйретуге 2 немесе 3-сыныптан, ал ағыл­шын тілін үйретуді 5-сыныптан бастаған жөн. Бірақ ол кезде ағылшын тілін аптасына 1 сағат немесе 2 сағат емес, кемінде 5 сағат, яғни қарқынды және озық әдістемемен оқыту маңызды. Күнде сабақ болғанда ғана бала шетел тілінде ойлап, шетел тілінде сөйлей бастайды.

Қазіргі уақытта бірнеше тілді меңгер­ген жастарымыз күн санап артуда. Бұл – қуанарлық жайт. Бірақ бірнеше ше­тел тілін меңгеріп, өкінішке қарай, ана тілі­мізде сөйлей алмайтын немесе сөй­­лемейтін жастар қатары көбейіп ба­ра­ды. Олар қазақ тілін шетел тілі ретінде үйреніп жүр немесе үйренуді ойламайды. Олардың туған тілдеріне немқұрайлы қарауына қазақ тіліне деген қажеттіліктің жоқтығы, орыс тілі мен шетел тілдеріне деген қажеттіліктің бірінші кезекте болуы және ата-аналарының ұлт­жан­ды­лық­тарының кемдігі себеп болып отыр.

Тұңғыш Президент–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақс­тан­дық­тар­ды бiрiктiрудiң басты факторы – қазақ тiлiнiң одан әрi дамуы үшiн барлық күш-жiгерiмiздi салуымыз керек екенін атап өткен болатын. Осы орайда маман «Үш тұғырлы тіл» бағ­дарламасы шетел тілін үйретуге ана тілімізді толыққанды меңгертуден баста­ған­да ғана жүзеге асады деген пікірде.

«Сондықтан балалар алдымен ана тілімізде сусындап, ана тілінде сөйлеп, ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін жақсы меңгеруі қажет. Ол үшін бала тілінің қазақша шығуына көңіл бөліп, қазақша таным-түсінігін қалыптастыратын орта керек. Атап айтқанда, балабақшада тек қазақша үйретіп, теледидарда қазақша телеарналар мен қазақша бағдарламалар көптеп ашқан жөн. Ана тілімізді жетік меңгеру, ана тілімізді қастерлеу – әрбір қазақ баласының парызы. «Қазақ тілі қазақтарға керек болмаса, кімге қажет?» деген сұрақ бәрімізді мазалайды. Осы орайда ана тілімізді және шетел тілдерін оқытудың әдістемесін жетілдіру және жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, дәрістерде жүйелі түрде қолдану – бү­гінгі күндегі өзекті мәселе», деді А.Арыстан­бекқызы.

Сонымен қатар Қазақ мем­лекет­тік ұлттық қыздар универ­ситеті Практикалық шетел тілі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі Бакиза Пазилова да аталған мәсе­леге қатысты өз пікірін білдірді.

«Баланы шет тілінде қарым-қатынас жасап, сөйлеуге ерте жастан бастап үйре­ту қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бі­рі­не айналды. Еліміздің тізгінін ұстар жас­тарымыз әлемнің кез келген жерінде қызметке жарайтындай бәсекеге қабілетті маман болуы үшін шет тілін меңгеруінің маңызы әрине зор. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей, еліміздің болашағы жас ұрпағымыздың басқа тілдерді меңгеріп, әлемнің үздік деген мектептері мен университеттеріне түсуі – құптарлық жағдай. Бүгінде шетел асып, жоғары оқу білім орындарының үздік профессорларынан, өз ісінің білгір маман­да­рынан дәріс алып жатқан жастары­мыз қазақ елінің атын әлемге танытып жатыр», дейді ол.

Маманның айтуынша, шетел тілдерін меңгерудің жақ­сы жақтары көп, алайда тіл үйренудің негізі ана тілін меңгеруде жат­қаны анық. Туған тілдің қадірін түсін­ді­ру, еліне, жеріне жас ұрпақтың махаббатын ашу – әр мұғалімнің міндеті. Мектептердің ақылы немесе тегін екеніне қарамастан, кез келген оқу орындарында қазақ тілінің үйретілуі өте маңызды болуы тиіс. Оқушылардың көпшілігі ағылшын тілін оқуға үлкен қызы­ғушылықпен кірі­седі. Осы орайда мұғалім бірінші сабақ­тан бастап ана тілі мен шет тілін салыс­ты­ра отырып оқытқаны жөн.

«Шет тілін білу қазіргі за­ман­ның еш­кім шек қоя алмайтын талабына ай­на­лып отыр. Осы орайда ағылшын ті­лін оқытуда әртүрлі озық технология­ларын қолданудың ма­ңызы аса зор. Ағылшын тілін оқытудың негізгі мақ­са­ты – коммуникативтік қатынасты дамыту, ал жеке тұлғаны қа­лыптастыру гуманитарлық ба­ғытқа негізделген. Шет тілін үйрету – қиын да, қызықты жұ­мыс. Қазіргі кезде ұстаздарға қойылып отырған талап – жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, сапалы және терең білім беру, оқушылардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жетілдіру. Шет тілін оқыту процесінде тілді дұрыс үйрету, ауыз­ша сөйлеу, сауатты жазу, мә­нерлеп оқу өте маңызды. Менің ойымша, мектеп жасына дейінгі балаларға шет тілін оқытуда лингофонды кабинеттердің, электронды оқулықтардың, ата-аналарға арналған арнайы нұсқаулықтардың ықпалы зор. Мұндай инновациялық тех­­нологияларды пайдалана отырып, оқы­ту барысында айтылым, тыңдалым, жазы­лым, оқылым дағдылары біртіндеп да­миды. Сонымен қатар электронды оқулықтарды пайдалану арқылы оқу­­шының шығармашылық қабілетін арт­тыруға, танымдық көзқарасын қа­лыптастыруға, өзіндік жұмыстарды тез орын­дауға машықтануына негіз қа­ланады. Ал қашықтан оқытуда мульти­ме­диялық инновациялық технологияларды, Алма палубасы (Pear Deck), Padlet виртуалды тақтасы, Google презентация­сы, Google сайттары, Jamboard онлайн тақтасы және студенттердің білімін тексеру үшін Socrative, Quizizz, Google формасы тиімді қолданылды», деп атап өтті Бакиза Аблазқызы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ғалам­тор­дың қарқынды да­муымен бала­лар­дың дені мульт­фильмдерді, өзге де та­нымдық дүниелерді гаджеттер арқылы көреді, тыңдайды. Ғаламтордағы түрлі-түсті әлем кішкентайларды жылты­ра­ғымен баурап алады, көрген са­йын қызы­­ғу­­шылықтары артады, іс-қи­мыл­­­дары арқылы түсінуге бейімделе бас­­­­тайды. Сөйлеу тілі де соған орай қа­лып­та­сады. Ал бұл жағдай баланың ойын өз тілінде жеткізуіне кедергі болары анық. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің қай тілде қарым-қатынас жасауы да балалар үшін өте маңызды. Сондықтан да бала ана тілін 12 жасқа дейін бойына толық сіңіріп, сол тілде ойлау қабілеті қа­лыптасуы қажет. Әрине, «Үш тұ­ғыр­лы тіл саясаты» бағдарламасы ая­сында үш тілді меңгеру тәжірибесін жи­нақтап, әлемдік деңгейде көтерілу еліміз үшін маңызды. Бұл оқушылардың ха­лықаралық жобаларға қатысуын ке­ңейту, шетелдік әріптестермен ғылы­ми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жет­кі­зуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет. Дегенмен де әлемде қанша ұлт, нәсіл болса, соларды бір-бірінен даралап тұратын басты бойтұмары туған тілі екенін ұмытпайық. Қазақстанның бола­шағы – қазақ тілінде, бірақ қазақ тілімен қоса ағылшын, орыс тілдерін білуге балаларды ынталандыру қажет. Осы орайда көп тілді меңгертуде негізгі екпін мемлекеттік тілге түсетінін әр кез естен шығармағанымыз абзал.

Осы орайда газетіміздің тұ­рақ­ты авторы, тіл жанашыры, ҰҒА академигі, филология ғы­лымдарының докторы, Қазақ­стан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары ака­де­миясының вице-президенті Кәрімбек Құрманәлиев әлемнің озық ел­де­рінің қатарына қосылу мақсатында, бәсе­кеге қабілеттілікті арттыруда «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасының қабыл­дануының маңызы ерекше дей келіп, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің бірін­ші­сі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Рес­пуб­­ликасының мемлекеттік тілі. Оған қам­қорлық та сондай дәрежеде болады» деп айтқанын назарға алды. Қазақтың біртуар азаматы Халел Досмұхамедовтің сөзі­мен айтсақ, «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөй­лесең, бұл – күйініш».

 

АЛМАТЫ