Коронавирус • 08 Тамыз, 2021

COVID-19: Қатарымызды кемітіп жатқан қатер

1262 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біздің көбіміз әлі де мойындай қоймаған, қауіп-қатерін толық сезінбеген коронавирус індеті күн сайын қаншама адамның жанын қысып азапқа салып, өмірін жалмап жатыр.

COVID-19: Қатарымызды кемітіп жатқан қатер

Қазір күшіне қайта мініп тұрған бұл бәлекеттің тигізіп жатқан зардабы еселенуде. Ауырғандар саны артқан сайын қаралы хабарлар да жиілеп барады. Елімізде күніне жүзден аса адамнан көз жазып қалып жатырмыз. Өкінішке қарай, қоғамда осыншама қайғылы жағдайлар орын алып жатса да, сақтық шараларына, вакцина салдыруға селқос қарайтындардың қатары азаяр емес.

Денсаулық сақтау министр­лігі 6 тамыздағы мәлімет бойынша тіркелген қайғылы жағдайлар санын жариялады. Елімізде ко­ронавирустың кесірінен 122 адам қайтыс болды. Пациент өлімі елордада көп тіркелген. Нұр-Сұлтан қаласында 20 адам қайтыс болса, Алматыда 19, Шым­кентте 18 науқас көз жұм­ған. Жалпы, індет келгелі бүгінге дейін Қазақстанда 6 764 адам қайтыс болды.

Ал кешегі дерек бойынша елімізде өткен тәулікте 7 802 адам­­ның коронавирус індетіне шал­дыққаны ПТР арқылы растал­ды. Бүгінде 111 239 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Олардың ішінде 30 633 пациент стационарда, 80 606 нау­қас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Ауырып жатқан адамдардың арасында 1 918 адамның жағдайы ауыр, 405 пациенттің жағдайы өте ауыр, 196 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

Қазір еліміздің қай тұсында бол­сын, жағдай оңып тұрғаны ша­малы. 8 тамыздағы эпидемия­лық ахуалды бағалау матрицасы бо­йынша Қазақстанның өңірлері тү­гел­ге жуық «қызыл аймақта» тұр. Тек Түркістан облысы – «жа­сыл аймақта». Бұл ретте қал­ған өңір­­лердің де «жасыл аймақ» қа­­тары­на қосылуы үшін бар­лық шара жа­салып-ақ жатыр. Бірақ түсі сұ­йы­лу­дың орнына одан сайын қою­ланып кет­кен «қы­зыл ай­мақтар» бар. Бү­гін­де осын­дай қауіпті тә­уе­кел айма­ғын­да төрт өңір тұр: Ал­маты, Шым­кент қалалары, Аты­рау жә­не Қарағанды облыс­тары. Бұл өңір­лерде төсектік орын­­дардың ап­­та­лық қамтылу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шақ­­қанда 200 жә­не одан да жо­ғары болып отыр.

Расында, қазір ауруы асқы­нып, төсекке таңылып жатқан науқастар көп. Сондықтан ин­фек­­циялық стационарлардың көбі нау­қастарға толық. Өткен ап­­та­дағы дерек бойынша еліміз­де 52 803 инфекциялық төсектік орын ашылған, оның 56%-ы бос бол­май тұр. Шілдемен салыс­тыр­ған­да коронавируспен ауыр­ған­дар­ды емдеуге тартылған ме­ди­­ци­на­лық ұйымдар саны 326-дан 339-ға дейін артып, жал­­пы төсектік орын саны 10 мың­ға дейін ұлғайды. Ал ин­фек­­циялық стационарлардағы реа­ни­мациялық төсектік орындар саны – 4 795, оның бүгінде 46%-ы бос емес. Стационарлардағы жүк­темені бағалау матрица­сы­на сәйкес, төсектік орындар­мен қам­тудың ең көп пайызы – Шым­кент, Нұр-Сұлтан қала­ла­рын­да, Қызылорда және Қоста­най облыст­арында. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында, Маң­ғыс­тау және Атырау облыстарын­да реа­нимациялық төсектік орын­дарда жатқандар көп. Эпи­де­миялық жағдай одан сайын ушық­қан жағдайда КВИ-ден ем­деу үшін қосымша 12 мың инфек­ция­лық төсектік орын, жоспар­лы меди­циналық көмекті тоқтатпай 5 500­
реа­нимациялық төсектік орын ор­наластыруға да­йындық бар.

Індет салған осынау қиын күн­­дерден құтқаратын бірден-бір амал жаппай вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қа­лыптастыру екені түсінікті. 8 тамыздағы мәлімет бойын­ша Қазақстанда бірінші ком­по-
нентпен 5 727 414 адам, екін­ші компонентпен 4 356 279 адам вакцина салдырды. Дәл қазіргі жағдайда қоғамның сау­лығын, бүтіндігін сақтауға халық­тың көптеп вакцина сал­ды­руы ғана кепіл бола алады. Ін­деттің залал-зардабының қан­ша­лықты ауыр екенін күн са­йын көзімен кө­ріп-біліп, сезі­ніп жүрген дәрігерлер тыны­сы тарылып төсек тартып жатқан­дардың 100 пайызға жуығы вакцина салдырмағандар екенін зар қақсап айтып жатыр. Түсіне білгенге, жоғарыда келтіргендей, індеттен күніне жүзден аса адамның қайтыс бо­луы онсыз да халқы көп емес елімізге ауыр соққы екені анық. Сондықтан жанталасып жүр­гізіліп жатқан індетпен күрес іс-ша­раларына қарсы болып, кері тартып, кежір­лік көрсетудің қажеті жоқ.