Оқиға • 10 Тамыз, 2021

Павлодарда күйеуі өртеп жіберген әйел жансақтау бөлімінде жатыр

716 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар ауданы Розовка ауылының 34 жастағы тұрғыны Павлодар қаласында №1 қалалық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодарда күйеуі өртеп жіберген әйел жансақтау бөлімінде жатыр

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының  мәліметінше, денесінің 50%-ын күйік шалған.

«Науқастың жағдайы ауыр. Дәрігерлер оны аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», деп мәлімдеді ведомстводан.

Рождественка ауылдық округінің әкімі Рашид Галеевтің айтуынша, отбасының жағдайы жақсы. Ерлі-зайыптылардың Розовка ауылында екі дүкені бар - азық-түлік және тұрмыстық. Үш баланы тәрбиелеп отыр.

«Үлкен қызы биыл жетінші сыныпқа барады, екеуі – мектеп жасына дейінгі, кенжесі - бір жасар бала. Қазір балаларды атасы мен әжесі қарап отыр», деді Рашид Галеев.

Ауыл тұрғындары бұл отбасының осындай жағдайға тап болғанына таң қалуда. 

Облыстық полиция департаменті зардап шеккен адамның жұбайына өтініш жазудан бас тартқанын хабарлады. Дегенмен, тәртіп сақшылары ҚР ҚК 107-бабы – «денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Еске сала кетейік, Розовка ауылының тұрғыны әйелін өртеп жіберген. Ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан. Ер адам мас күйінде көлік жүргізбек болған, ал әйелі оған тыйым салған. Бұдан кейін 36 жастағы ауыл тұрғыны тоңазытқыштан алкоголь алып, әйеліне құйып от қойған.