Медицина • 10 Тамыз, 2021

Қазақстанға қытайлық вакцина жеткізілді

225 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыға қытайлық Sinopharm вакцинасының бірінші партиясы келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанға қытайлық вакцина жеткізілді

Бұл туралы «СҚ-Фармация» компаниясы мәлімдеді.

Компания мәліметінше, Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцинаның төрт миллион дозасын сатып алған. Оны Пекин биологиялық өнімдер институты әзірлеген және Sinopharm компаниясы шығарған.

«Бірінші партияда бір миллион доза бар. Sinopharm вакцинасы Қазақстанда тіркелген бесінші вакцина болмақ. Жақын күндері оны тұрғындар салдыра алады. Жапсырма жабыстырылғаннан кейін вакциналар тез арада еліміздің өңірлеріне жіберіледі.

Дәрілік заттардың логистикасы барлық стандартқа сәйкес орындалады. Sinopharm вакцинасының ерекшелігі - оны жеткізу процесі мұздатқышты қажет етпейді, ол +2-ден +8 градусқа дейінгі температурада сақталады және тасымалданады», делінген «СҚ-Фармация» хабарламасында.

Sinopharm Қытай вакцинасы биыл 7 мамырында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен мақұлданған. Шілдеде ол COVAX вакциналар банкіне кірді. Вакцина инактивті, екі дозалы. Сақтау мерзімі - 24 ай.

«Бұл ДДСҰ қауіпсіз және тиімді деп бағалаған алғашқы Қытай препараты. 45 елде ересектерге салуға рұқсат берілген. Бүгінде вакцинаны Қытайдан басқа, БАӘ мен Сербияда өндіреді. Сонымен қатар, Қытай мен БАӘ Sinopharm компаниясының инактивтендірілген вакцинасын үш жастан 17 жасқа дейінгі балаларға шұғыл қолдануын мақұлдады», деп қосты компания өкілі.