Қоғам • 10 Тамыз, 2021

Сайланған әкім байланған түйінді шеше ала ма?

494 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жергілікті әкімдердің сайлауы өтіп, ауыл тұрғындары өз таңдауын жасады. Ендігі міндет – сайланған әкімдердің қалтқысыз қызмет еткенін көріп, сенім үдесінен шыққанына куә болу. Бұл оңай жауапкершілік емес. Өйткені осы жолы сайланған әкімдер еліміздің жергілікті өзін өзі басқару жөніндегі жаңартылған заңнамасының толыққанды жұмыс істеуге көшкенін іспен дәлелдейтін басқарушы билік буыны ретінде тарихқа енуі мүмкін.

Сайланған әкім байланған түйінді шеше ала ма?

«Төртінші деңгейлі бюджеттің» мүмкіндігі қандай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі» Жол­дауында әкімдерді сайлау төменгі деңгейден басталуын елді демо­кратия­ландырудағы және жер­гілікті бас­қару институттарын нығай­тудағы маңызды қадам деп атаған бола­тын. Алай­да сайланған әкімдер талай уа­қыт байланған түйінді шешуге қабі­летті ме? Олардың қолында қандай мүм­­кіндік пен ресурс бар? Өйт­кені кез келген менеджердің істі дөң­геле­тіп әкетуі үшін қаржылық сауаты ғана емес, қомақты бюджеті де болуға тиіс.

Қуанарлығы, еліміздің «Жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару туралы» Заңының аясында бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Яғни жергілікті әкімдіктердің дербес бюд­­жетін жасақтау тәжірибесі 2018 жыл­­дан бастап қолданысқа енген бола­тын. Әуелгіде 2000 тұрғыны бар елді ме­­кен­дердің қаржы қоржынын ішкі са­лық­­тан түскен табыстың белгілі бөлі­гі­нен то­лықтыру әдісі іске аса бастады. Бұл «төр­тінші деңгейлі бюджет» деген атау­ғ­а ие болып, оған 6 түрлі салық жиын­ты­ғынан алынған кіріс көзі еніп отыр.  

– Әрине, сайланатын әкімдердің ат­қаратын жұмысында жергілікті бюд­жеттердің алатын орны маңызды. 2020 жылдан бастап еліміздегі барлық ауылдық округтің дербес бюджеті қа­лыптасты. Соның нәтижесінде бүгінде 2 345 елді мекеннің өз қаржы көзі бар деуге болады. Жергілікті өзін өзі басқару бюджетінің кіріс көздерін одан әрі кеңейту мақсатында бюджет заң­намасына төлемдердің тағы 4 түрін жергілікті өзін өзі басқару деңгейіне беруді көздейтін түзетулер әзірленді, – деген болатын ауыл әкімінің бюджеті жайлы айта келе Ұлттық экономика вице-ми­нистрі Әлішер Әбдіқадыров.

Осы жерде сәл шегініс жасап, 2018 жылдың 1-тоқсанындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы жайындағы есепке үңілсек. Қаржы министрлігінің мамандары айналымға жаңадан қо­сылған төртінші деңгейлі бюджет үшін жиналатын қажетті соманы есептеп, жергілікті өзін-өзі басқару үдерісі бойынша жасалған тәжірибенің сәтті жүзеге асқанын мәлімдеген. Демек, бастаманың алғашқы ке­зе­ңінде-ақ ішкі салық түсімдерін жи­нау бойынша ауыл әкімдері ай­тарықтай жұмыс істегені байқалады. Дерекке жүгінсек, 2018 жылдың ал­ғашқы тоқсанында елдегі тұрғын саны 2000 адамнан асатын ауылдық округ әкімдерінің есеп-шоттарына
28 млрд теңге салық түсімінен жи­нал­ған қаражат түскен екен. Салық мамандары бұл қаржының тиынына дейін есептеп, бюджет шығыстары ретінде 22 млрд теңге жұмсалғанын да анықтаған. Яғни «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген ұстаныммен іске кіріскен әкімдер салық түсімін асыра орындауды басты міндеттеріне алғанға ұқсайды. Өйткені сол жылдың 1-тоқсанында ішкі түсімдердің асыра орындалуы 77 пайызға дейін өскен екен. Оның ішінде жергілікті салық түрлерінің тең жартысынан астамын құрайтын жеке табыс салығы 119 па­йызға және әлеуметтік салық 116 па­йызға артығымен жиналған көрі­неді.

Дегенмен ауыл бюджетінің көп бөлі­гі әлі де қызметшілердің жала­қа­сына жұмсалатыны белгілі. Біз мұны ашық дереккөздерден алынған мәлі­мет­терге қарап білдік. Ол үшін budget.egov.kz сайтының «Ашық бюджет» бөлімінен бірнеше ауылдық округ әкім­дігінің өткен жылдардағы қаржы жұмсауы туралы есептерін алып қарау жеткілікті. Мысалға, Алматы облысы Балқаш ауданы «Құйған ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің 2020 жылдың тамыз айына  арналған  бюджеттік бағдарламаларын іске асыру туралы есебінің түсіндірме жазбасын талдауға тырысып көрейік. Округтің 2020 жылға арналған бюд­жеті 21 928 000 теңгені құраса, қаржы жұм­салатын бағдарламалар атауы тө­мендегідей екен:

1. 001 – «Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қаланың, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер»;

2. 008 – «Елді мекендердегі көше­лер­ді жарықтандыру»;

3. 009 – «Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету»;

4. 011 – «Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру».

Ал осы атаулы бағыттар бойынша 2020 жылдың тамыз айында қанша қаржы бөлінгенін, болжамды түрде істелген жұмыс пен нақты атқарылған шара туралы салыстырмалы есепті төмендегі кестеден көруге болады.

Осы жерде ауыл бюджетінің шығыс бөлігінің көп бөлігі 001-бағ­дарламаға, яғни ауылдық округ әкімінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер бойынша жұмсалатыны аңғарылады.

 Бұрынғы басшылардың былық-шылығы түзетіле ме?

Төртінші деңгейлі бюджеттің мүмкіндігі туралы сөз еткенде, оның көлемінің  аздығы немесе көптігі ауыл-аймақтағы әлеуметтік жағдайды жақсартудың қозғаушы күші болды деп айту қиын. Өйткені жол, ауыз су, ауыл маңындағы жайылымдық жер, көпбалалы аналар мәселесі әлі де толық шешілмеген күйінде қалып отыр. Есесіне, бұған дейін ауыл әкімінің орынтағын мансап баспалдағы ре­тінде немесе жеке бас пайдасы үшін пайдаланып келгендердің де бол­ғандығын мойындауымыз ке­рек. Өкінішке қарай, ондайлар аз емес. Мәселен, былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірнеше облыстағы ауыл әкімдерінің үстінен ондаған қылмыстық іс қозғаған болатын. Атап айтқанда, Түркістан облысы, Кентау қаласының Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі жер учаскесін заңсыз жекешелендіруге жол бергені үшін 2 млн теңге сомасында пара алса, Алматы облысы, Іле ауданы Байсерке ауылдық округі әкімдігінің лауазымды тұлғалары 10 га жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін шаруа қожалығы басшысынан қомақты ақша талап еткен көрінеді. Сол сияқты осы облыстың Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі су қорғау аймақтары мен ирригациялық желілер бойындағы жер учаскелерін бөлу кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған екен. Бұл мысал­дар­дан ауыл әкімдерінің Әдеп кодексінің қағидаларына «пыс­қырмай», заңды белден басуға дейін барғанын көруге болады.

Екіншіден, қазір ел бойынша өте өзекті болып тұрған ауыл ма­ңын­­дағы жайылымдық жердің же­тіс­пеу­шілігіне сол аймақтарды жыл­дар бойы «беймарал билеген» әкім­дердің тікелей қатысы бар. Олар жақын-жұрағатына, таныс-тамы­рына, яки аудан, облыстағы лауазымды тұлғалардың нұсқауымен кездейсоқ жандарға жер пайдалану құқығын беру туралы қисынды, қисынсыз шешімдер шығарғаны рас. Есесіне, сол жайылымдық жер мен суармалы алқаптар бертінге дейін тиісті мақсатқа қолданылмай келіп, тек ел бойынша жер телімдерін космомониторинг арқылы түгендеу басталғанда ғана мәлім де беймәлім жер пайдаланушылардың «Бұл – менікі!» деп атойлап шыққаны да ақиқат. Құрғақ сөз болмас үшін Алматы облысынан бірнеше мысал келтірейік. Ескелді ауданы Матай Байысов ауылының тұрғындары биыл ауыл маңындағы жайылымдық жердің иесі пайда болып, жұрт мал бағатын орын таппай қалғанын ай­тып, журналистерге шағымданған болатын. Анығында, ауыл маңындағы жекешелендіруге жатпайтын 600 гектар алқап екінші тұлғаның мен­шігіне өтіп кеткен екен. Жер иесі алқапты жыртып, елді мекеннің ірге­сі­не егін салып тастаған. Оның іс-әрекетінде заңсыздық болмағанымен, тұрғындар ауылдың бұрынғы әкімін жерді заңсыз сатты деп кінәлайды. Сол сияқты Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының тұрғындары ауылдың экс-әкімі инвесторларға 1 420 гектар суармалы жерді ауыл адамдарының келісімінсіз жалға берді деген пікірде. Соның кесірінен еңбеккерлер егін салатын жер таппай отырған көрінеді.

Әрине, мұндай деректердің күні кеше сайланған әкімдерге еш қатысы жоқ. Алайда «шыт жаңа сайланған әкім өзіне дейінгі орынтақ иесі «бүлдіріп» кеткен дүниені жөндеуге әрекет ете ме, әлде...» деген сауал туындап тұр. Екінші жағынан, әкімді өз қалауымен таңдаған сайлаушы-тұрғындар өз ауылында қандай да бір заңсыздыққа енді жол бермесі анық. Яғни ауыл әкімінің ашық, адал әрі абыроймен жұмыс істеуіне сол елді мекен тұр­ғын­дарының өздері де мүдделі болуы керек.

Жанды жұмыс, тың бастама талап етіледі

Жақында өткен сайлауда Алматы облысында 71 ауылдық округте ха­лық таңдауы жасалып, 37 ауылдың әкімі өзгерді. Қалған ауылдарда бұ­ған дейін қызмет еткен басшылар жұ­мысын жалғастырады. Жаңадан сайланған әкімдердің орташа жасы 30 жас шамасында болса, арасында екі әйел бар. Мысалға, Ақсу ауданы Ойтоған ауылдық округінің әкімі Венера Берікова мен Сарқан ауданы Аманбөктер ауылдық округінің әкімі Шырынгүл Нұрханова тұрғындардың сеніміне ие болса, Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов облыстағы ең жас әкім атан­ды.

– Мен барлық әкімнің өмірбаянын қарап шықтым, бәрінің тәжірибесі бар, білімді азаматтар, яғни кадрлардың сапалық құрамы жақсы. Облыста жалпы саны 742 елді мекен бар. Оның әрқайсысына баруға біздің уақытымыз да, мүмкіндігіміз де бола бермейді. Сондықтан сол өңірдегі әкімдер жағ­дай қандай, халықтың қандай өтініш-тілегі бар, соның барлығын біліп, шешімін күткен мәселелер болса бізге жеткізіп, бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Өңірлердегі жұмысқа жаңаша көзқарас қажет, әр істе бастамашы болу керек. Аймақтарда су, жол, үш ауысымды мектептер, басқа да өзекті мәселелер көтеріліп жатады. Олардың әрқайсысын жіті зерделеп, мән-жайдан хабардар болып, шешімін қарастыру керек. Елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды бей-берекет тастауға жол берілмеуге тиіс. Газдандыру ісіне де ерекше назар аудару керек. Бізде атқарылып жатқан жұмыс көп, оны да ауыл әкімдері халыққа жеткізіп айтуы керек. Ауыл­дық жерлерде шаруашылықтар субсидия алды ма, қай өңірлерге сервистік дайындау орталығын құру керек, қай аймаққа техника қажет, қай ауылда жағдайы төмен қанша отбасы бар, осының барлығы ауыл бас­шы­сының жіті назарында болуы керек. Округтерге бөлінген бюджет қа­ра­жаты тиімді пайдаланылуға тиіс. Біз жаңа округ әкімдерінен жанды жұмыс, тың бастамалар күтеміз, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Шындығында, жетісулық жаңа әкім­дердің жасайтын шаруасы шаш-етектен. Мәселен, ең жас әкім атан­ған Біржан Махатовтың атына қазір­дің өзінде өтініш жауып жатыр. Со­лар­дың бір тобы – Елтай ауылы Астана көшесінің тұрғындары бізден де көмек сұраған еді. Ауылдағы ағайынның айтуынша, тұрғын үй салынған аумақта жол қатынасы қиын екен. Астана атауын иеленген ұзын көшемен жаңбырлы күнді қойып, жай кездері жүру мүмкін емес көрінеді. Жөндеу былай тұрсын, тас төселмеген көшемен ауыл балалары мектепке қатынап, тұрғындар құрғақта шаң­датып, жаңбырда батпақтап жүріп жатыр. Жолдағы шұңқыр мен жыра­лар­дың көптігінен бұл аумаққа такси де келмейді екен. Тіпті кейде «Жедел жәрдем» көлігінің өзі жете алмай қалады дейді тұрғындар.

– Астана көшесінде қоныстанған үйлерден 60 шақты оқушы мектепке қатынайды екен. Демек, алпыс бала қыста қар кешіп, көктемде балшық кешіп оқып келді. Мектеп аса қашық болмаса да, жүрер жолдың жағдайы нашар болса не шара? Жұрт кішкентай балаларын арқалап тасиды. Өйткені балшық кезінде дөңгелек атаулы қоз­ғала алмай қалады ғой. Бәрінен орта­лыққа жету мұң. Жалпы, жаңадан са­лынған  аумақтағы электр жарығы, ауыз су мәселелерін тұрғындар өз қалтасынан ақша жинап, шешті. Оны бұрынғы ауыл әкімі жоғарыға өз қалтасынан қаражат бөліп жасағандай етіп есеп беріп, жыл сайын жиналыста мақ­­танып айтып, жұртты уәдеге қарық қылып кетті. Бізге орталыққа де­­йін­гі 4 шақырым жолды тас төсеп, кө­те­ріп берсе болар еді. Әкімнен басы артық еш­теңе талап етпейміз, – дейді Елтай ауылының тұрғыны Ботагөз Жөкенқызы.

Жалпы, Елтай ауылдық округінде 9 ауыл, 12 саяжай бар екен. Көпші­лі­гін­дегі жағдай осындай.

– Округке қарасты Береке ауы­лын­да 14 көше бар, соның төртеуі ғана асфальтталған. Былтыр 2 көше жа­сал­ған. Биыл Елтай ауылындағы бір кө­шеге, Көкөзек ауылындағы бір кө­ше­ге және Жармұқанбет ауы­лын­дағы бір көшеге тас төсеуге қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, Астана көшесіне биыл қаржы бөлінбеді. Тұрғындардың әлі де күтуіне тура келеді. Жалпы, округ бойынша жөндеуді қажет ететін 60 көше бар. Мұны бір жылда жасау мүмкін емес, мен мәселені ретімен шешуге уәде бердім, орындауға кірі­се­мін, – дейді ауыл әкімі Біржан Махатов.

Алматы облысы