Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстан Республикасындағы өкілі Джун Кукитаны қабылдады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстан Республикасындағы өкілі Джун Кукитаны қабылдады.
Қ.Мәми кездесу барысында ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы қызметіне, атап айтқанда Астана және Алматы қалаларында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттарды құру туралы жобалардың сәтті іске асырылғанын жоғары бағалап, ұлттық ювеналды әділеттің қалыптасуына және дамуына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Төраға Қазақстан тарапынан өзара ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық танытып отырғандығын атап өтті.
Дж.Кукита Қазақстандағы өскелең ұрпақтың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі белсенді жұмысты ерекше атап, ювеналды әділет саласындағы Қазақстанның бірегей тәжірибесі туралы Біріккен құжаттар топтамасын дайындауды және халықаралық қауымдастық назарын аударуды ұсынды.
Дж.Кукита Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған 1994 жылы шілде айында ратификацияланған Бала құқықтары туралы конвенцияға үстіміздегі жылғы ақпан айында 20 жыл толатынын хабарлады. Осыған орай атаулы күнге арналған халықаралық іс-шара өткізу барысында ювеналды әділет саласындағы ұлттық жетістіктер туралы Біріккен құжаттар топтамасының тұсаукесерін ұйымдастыру ұсынылып отыр.
Кездесу барысында бітімгершілік, медиация және дивергенция салаларында одан әрі өзара ықпалдастыққа бағытталған мәселелер кеңінен талқыланды, деп хабарлады ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі.